Коронавирус

Онлайн – оңтайлы мүмкіндік

Елдегі жағдайға байланысты барлық мекеме-кәсіпорындар «етек-жеңін жиып, қымтанып» отырғаны белгілі. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана да сыртқары қалмапты сақтық шараларынан. Олар нашар көретін немесе мүмкіндігі шектеулі оқырмандармен және олардың отбасымен қарым-қатынасты онлайн форматта жалғастыруда.

Аталған кітапхана көзі көре қоймайтындарға арнайы форматтағы тыңдау мүмкіндігін ұсынатын «Логос» бірінші интернационалды онлайн-кітапханасының қызметін ұсынып отыр. Соған байланысты 30 наурызда «Оптимист» қызығушылық клубы «Логос» онлайн кітапханасын оңтайлы пайдалануға қатыс ты онлайн кеңес өткізген.

Карантин кезінде үйдегі балалардың немен айналысуына болады? Мәселен, 1 сәуірде «Балауса» балаларға арналған әдеби-танымдық клубы бейнесабақ өткізіп, өз қолдарымен сәнді бұйымдар дайындауға мүмкіндік ашты.

Зағип жандар үшін WhatsApp желісінде ақпаратты дыбысталған түрде ұсынатын топ ашылды. Оған клуб мүшелері нен басқа да қызығушылық танытқандар қосыла алады. «Шабыт» бос уақыттық-оңалту клубымен бірлесіп Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің орыс тіліндегі «Грехопадение Шолпан» аудармасы онлайн оқылды.

Ал, қолөнерге қызығатындардың уақытты тиімді өткізуі үшін 6 сәуірде «Сиқырлы саусақтар» атты сәндік қолданбалы өнер клубының түйреуіш жасайтын бейнесабағы өтті.

Дәл осы кездегі инновация – шеберлігіңізді шыңдауға ең оңтайлы сәт. Сүйікті іспен айналысқанда уақыт та мазмұнды өтеді.

Бос уақытын ұтымды өткізгісі келетіндердің онлайн іс-шараларға қатысу үшін 53-69-63 телефон номеріне хабарласуына болады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button