Covid-19Коронавирус

“Омикронға” қарсы күш – ревакцинация

Елдегі эпидемиологиялық ахуал күрт төмендеді. 13 қаңтарда 10 418 жаңа жағдай тіркелді. Екі тәулік бұрын 4 312, одан кейін 9 122 болған. Мұның антирекорд екені де айтылуда. Себебі, бұл жолы коронавирустың ең көп анықталған деген 2020 жылғы шілдедегі деңгейінен асып түсті. Мамандар бұл жағдайды «омикрон» штамының анықталуымен байланыстырады. Мұндай күдік қарағандылық дәрігерлерде де жоқ емес.

Облыс орталығындағы емханаларға тұмау белгілерімен жүгінетіндер едәуір артқан. Мәселен, №3 емхана директорының орынбасары Виктор Музафаровтың айтуынша, соңғы күндері зертханалық тұрғыда КВИ анықталғандар саны өскен.

– Өткен аптада біздің емханада коронавирус жұқтырған бірдіекілі жағдай тіркеліп жүрсе, кеше 46 жағдай анықталды. Бізге де «омикрон» штамы келуі мүмкін. Сондайақ, вирустың өршуі жаңажылдық демалыстан кейін, соңғы кездері халықтың көп жүріп-тұруымен де байланысты болуы ықтимал. Бізге келетін науқастардың дені 38-38.5 градус температура, әлсіздік, шаршау белгісімен келеді. COVID-19-дың тұмау мен ЖРВИ-дан айырмашылығы осы белгілер. Ол адамдарда жөтел, тұмау, тамақтың ауруы сияқты белгілер болуы да, болмауы да мүмкін. Яғни, бастың ауруы, дененің сырқырауы, айқын әлсіздік, шаршау негізгі белгілері саналады, – деді Виктор Музафаров.

Сонымен қатар, дәрігер науқастар санының артуын бірнеше күн байланыс құралдарының болмауымен де байланыстырады. Қалай болғанда да вирус жұқтырғандардың артқанын статистикалық мәліметтер көрсетіп тұр. Соңғы дерек бойынша Қарағанды облысында 820 адамның ауру жұқтырғаны мәлім болды. Бірақ, өңірге «омикронның» келгені туралы ресми ақпарат жоқ. «Омикронның» қаупі оның аса жұқпалы екендігінде. Ол «дельтаға» қарағанда 5 есе жұқпалы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, инфекция жұқтырғандар саны 2-3 күн сайын екі есе артып отырады. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің жасаған эпидемиологиялық болжамы да көңіл көншітпейді. Оптимистік сценарий кезінде ревакцинациямен 100% қамтылғанда, профилактика шараларын жаппай сақтағанда тәулігіне 17,5 мың жағдайға дейін тіркеледі. Реалистік сценарийге сәйкес ревакцинациямен 70%-дан аз қамтылғанда, профилактика шараларын ішінара сақтағанда тәулігіне 25,5 мың жағдайға дейін тіркеледі. Пессимистік сценарий кезінде ревакцинациямен 40%-дан аз қамтылғанда, профилактика шараларын сақтамағанда тәулігіне 40 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Виктор Владимирович вакцинация мен ревакцинацияның маңыздылығын ескертеді. Оның пікірінше, екпе алған адам ауырғанымен, иммунитеті вируспен күресе алады.

– Вакцинация мен ревакцинация жасатқандар арасында өкпесі қатты зақымдалған, реанимацияда жатқандары жоқ. Бірақ, ондай жағдайлар кездесуі де мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Себебі, вакцина дәрі емес, ол адам ағзасында иммунитет қалыптастырушы. Бәрі адамның иммунитетіне байланысты. Қазіргі уақытта біз вакцина алғандардың жеңіл түрде ауыратынын көріп жүрміз, – дейді дәрігер.

Бұл ретте дәрігер арақашықтық сақтап, бетперде тағып жүру қажеттігін ескертті.

– Коронавирус өршіп жатқан шақта антисептик пайдаланып, екпе алыңыздар. Бірінші вакцинадан кейін иммунитет 5-6 айдан кейін төмендейді. Сондықтан, ревакцинация жасатуға шақырамыз. Қазіргі уақытта емханада «QazVac» пен «Sinovac» бар. Жақын уақытта «Спутник light» келеді деп күтілуде. Pfizer вакцинасымен жасөспірімдерді, аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерді егіп жатырмыз, – деді В.Музафаров.

Қарағанды облысы – індеттің тіркелуі жағынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейінгі орында. Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, бүгінгі күні инфек циялық госпитальдардың төсекорын сыйымдылығы – 3 013 төсек, оның ішінде – 266 реанимациялық. 11,2%-ында қазір науқастар емделіп жатыр. Резервте – 2 666 төсек бар. 364 жасанды тыныс алу аппараты, 2 800 оттегі концентраторы бар. 26 госпитальда медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылған. – Облыста төсектерді кезеңкезеңмен ашу алгоритмі әзірленді, осы алгоритм бойынша біз үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз және ол өз тиімділігін көрсетті. Коронавирус инфекциясын емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектер желісі бар. Стационарлар мен емханаларда 3 айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Облыс бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 602 801 адам (67,2%), екінші компонентті 558 450 адам (62,2%) салдырған. Pfizer препаратымен барлығы – 15 537 адамға екпе салынды. Оның ішінде, жасөспірімдер – 12 502, жүкті әйелдер – 544, бала емізетін әйелдер – 2491. Бұл екпе алу тиіс контингенттің 12,5%-ын құрайды, – дейді басқарма басшысы Г.Тоқсанбаев.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button