Руханият

Олар…

Ұлттың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақ өміріне айналуы тиіс. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзіне айрықша мəн беріліп айтылғанына, жазылғанына куәміз.

Әлихан Бөкейхан – қазақтың басын бiрiктiрiп, ерiктi ел болуы жолында бар күш-жігерін арнаған тұлға. Егер, ол өзiнiң бас пайдасын ғана ойлап, патша заманында шен-шекпенге қызығып, ұлық болғысы келсе, өзi ақсүйек, хан әулетi әрi оқымысты Әлихан Бөкейханға ол жол оңай едi. Бiрақ, Әлихан қара басының емес, туған халқының қамын ойлап, белiн бекем байлап, ел үшiн еңбек ету жолына түстi. Әлихан – қазақ тарихында демократиялы түрде сайланған Алаш Орда – Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы.

Кезінде Алаш қайраткерлеріне «Жапон тыңшысы» деген жала жабылды. Мұның себебі – Әлихан Еуропа елдерінің қалай дамығанын зерттеді, Батыс жұртының дамуына терең үңілді. Жапон елінің өркендеу бағытына көз жіберді. Қазақстанды 20-25 жылдың ішінде сол Жапониядай ғылым мен білімге сүйенген қуатты елге айналдыруды армандап қана қоймай, жоспар құрды. Мәселен, Қытай үкіметі баяғыда мемлекеттік қызметке аларда кез келген болашақ шенеуніктен мемлекет тарихы жөнінде емтихан алып, соған қарап қызметке алатын болған екен. Бұл да сол сияқты, Әлихан Алаш армиясы білімді болуы керек деп есептеді. Қазақтың әр баласының ес білгеннен бастап білім нұрына шомылу керектігін айтып, Ахметтерге тікелей тапсырма берді. Оқулықтар жаздырды. Осының бәрі Әлихан Бөкейханның қазақ деп соққан жүрегінен, білімінен ғана емес, мінезінен еді. Әлихан қазақ халқының тек білімді ғана емес, сонымен қатар, бай мемлекет тұрғындары болуын көкседі. Дания мемлекетінің кедейшіліктен 21 жыл ішінде қалай аяқтан тұрғанын қараңдар деді. Шынында да, 1879 жылдардағы Дания мал шаруашылығы жөнінен дамымаған арттағы ел еді, 1900 жылдары мал шаруашылығын дамытып, өзін-өзі қамтамасыз етіп, кедейшіліктен құтылды. Тығырықтан шығудың төте жолдарын көрсеткен сол Әлихан Бөкейхандай жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынады». Ол институтты бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы орман шаруашылығы училищесінде оқытушы, «Степной Край» газетінде қызметкер болып жұмыс істейді.

Әлихан жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлады.

Әлихан Бөкейхан Алаш көсемі бола жүріп, Алаш зиялы қауымын ұйымдастыра білді. Бір команда болып «бәрі – бірі үшін, бірі – бәрі үшін» ұлт мүддесі жолында қызмет етті, олардың еткен еңбектері ұшан-теңіз.

Олар Қазақтың өз алдына ел, мемлекет болғанын, өзгелермен терезесі тең болғанын көкседі, көрген жоқ. Бірақ, олар осы күнді жақындатып кетті. Тек қазақ үшін қан төкті, жанын берді. Қазақтың баласы ешкімнен көзтүрткі көрмеуін Құдайдан күн-түн тіледі.

Бар білімін, қажыр-қайратын, Тәңірі сыйлаған талантын тек кана халқының көзін, бағын ашуға, азаттыққа арнады. Олар ұлтқа ұстаз, халыққа қамқор болды. Артында мейірім, шуақ қалды. Біз жылдар бойы соған жылындық.

Олар өзінен бұрын өткен бабаларын пір тұтты, өнегесіне адал болды. Бір-бірінің соңына шам алып түспеді, бір-бірін бауыр көрді, бір-бірін сағынып іздеді… Олар тек «Алаш», «Қазақ» деген ұғыммен ғана тыныстады.

Олар толыққанды құрметтелуі қажет. Біз өз қадірімізді өзіміз кеш білетін, кеш түсінетін халықпыз. Енді кешігуге болмайды.

Олар оралу керек. Арыстар ортамызда жүргендей сезінуіміз керек өзімізді. Біз енді олардың идеясын, тазалығын, тектілігін басшылыққа алуымыз қажет. Оларсыз таңымыз атып, күніміз батпауы керек.

Оларды білмейтіндерді билікке жолатпауға тиіспіз.

Олар көл-көсір дүние жимады, кітап, ақыл, парасат, ілім-білім жиды. Аспанмен астастырып үй салмады, саяжай соғып, сайран салмады, есік пен төрдей көлік мінбеді, кісі ақысын жемеді, халқын, Отанын оттан да ыстық сүйді. Әр қазақ баласының мандайынан сипады, сол қара домалақтардың келешегін ойлап түн баласы көз ілмеді, отқа да, суға да түсті, жанбады, батпады. Рухы өлмеді. Сол рух кешегі қиын күндерде де бізді желеп-жебеп жүрді. Кейбіреулер «бізге Тәуелсіздік қантөгіссіз келді» дейді. Тәуелсіздікті әперген солардың шелектеп төккен қаны, шүберекке түйген жаны екенін мәңгілік ұмытпайық.

Жанар АҒАДІЛОВА,

Дана АМАНТАЕВА,

әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия мұғалімдері.

Басқа материалдар

Back to top button