Қарағандыдағы «Карцемент» АҚ-да экологиялық заңбұзушылық анықталды
Экология департаменті «Карцемент» АҚ-да жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады.

Тексеру барысында клинкер шаңы бар өндірістік шығарындылардың сүзгіден өтпей, тікелей атмосфераға таралғаны белгілі болды. Мамандар бұл жағдайды тек техникалық ақау емес, экологиялық нормаларды елемеу ретінде бағалады.
Анықталған кемшіліктер қатарында:
– аспирация жүйесінің әлсіздігі
– газтазалау жүйесінің тиімсіздігі
– жабдықтардың герметикалық талаптарға сай болмауы
Аталған фактілер бойынша кәсіпорын Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 198-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 331-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Кәсіпорынға 1 730 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, экологиялық бақылау күшейтілді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



