Қола медаль – «Сарыарқада»
Аймағымыздың мақтанышы «Сарыарқа» хоккей клубы өз алаңында «Ақтөбе» командасымен қола жүлде үшін шешуші бесінші кездесуін өткізді. Бұл айтулы текетіреске дейін сериялық есеп 2:2 болған еді. Қарағандылықтар шешуші ойынның алғашқы минуттарынан-ақ тізгінді қолына алды.
Нақтырақ айтсақ, «Сарыарқа» шабуылшысы Руслан Демин шайбаны өз аймағында қағып алып, ептілікпен дөп соққы жасап, қарсыластардың қақпашысын қапы қалдырды. Бірінші кезеңде Владимир Князевтің шәкірттері асқақ рух пен дайындығын көрсетті. Қарсыластарын қателесуге мәжбүрлеп, жекпе-жек шыға қалса, тықсырып отырды.
Жіберген қателерін уақытылы пысықтап үлгерген ақтөбеліктер сирек болса да, нақты шабуылдап, есепті теңестірді. Қонақтар осылай қарқынын күшейтіп алды. Ал, екінші кезеңде ақтөбеліктердің қақпасына екі шайба тоғытылды. Никита Жульдиковтің пасын шапшаң қабылдаған шабуылшы Никита Баженов жерлестерді алға шығарды. Көп уақыт өтпей, «Сарыарқа» командасының капитаны Дмитрий Стулов қақпаны дәл көздеп, есепті 3:1-ге жеткізді.
Ал, үшінші кезеңді қос команда жылдам шабуылдармен бастады. Біздің жігіттер өте қырағылықпен және сенімділікпен ойнады. Қорғанысқа баса мән беріп, қарсы шабуылды үдете түсті. Бұл кезең де жерлестердің үстемдігінде өтті.
«Сарыарқа» командасы мінезді ойын көрсетіп, Никита Баженовке дубль жасауға мүмкіндік туғызды. Қарсыластар бар күшін салып, толассыз шабуылдаса да, есепті бір шайбаға ғана қысқартуға шамасы келді. Қола медаль үшін болған тартысқа толы ойында жарқырай көрінген шабуылшы Глеб Зайцев жерлестер есебін қорытындылады.
Осылайша «Сарыарқа» сайыпқырандары «Ақтөбені» 5:2 есебімен жеңіп, ел чемпионатында үшінші орын биігінен көрініп, қоладан медаль тағынды. Үшінші орынның кубогын иеленіп, аймақтың мерейін тасытты.
– Мен өз командамды мақтан тұтамын! Барлық қиындықты жеңіп, үшінші орынды еншіледік. Бұл жеңіске лайықпыз. Әрине, мақсат бұдан да биік еді. Десе де, шәкірттеріме ризамын. Маусым өте ауыр болды. Тіпті, кейбір сәттерді есіме алғым да келмейді. Қиын жағдайларда қақпашымыздың сенімді ойыны бізді құтқарды. Бүкіл жаттықтырушылар құрамы және жанкүйерлеріміз командаға сенді. Сенім ақталды. Қола – қолда. Маусым бойы команданы қолдаған жанкүйерлерге алғысым шексіз, – деді «Сарыарқа» ХК бас бапкері Владимир Князев.
Шынында, ақтық сынға өту ойындары жерлестер үшін ауыр болды. Ал, плей-офф кезеңінде сәтті өнер көрсетті. Кәдімгідей ширады.
Ақтөбемен ойындар сериясы тартысты өтті. Біреулер «Ақтөбені» фаворит санаса, енді біреулер «Сарыарқаны» қолдады. Әр ойында жан алысып, жан берісті. Ешкім берілгісі келмеді. Бастысы, жерлестердің бағы мен бабы қатар шауып, қоланы Қарағандыда алып қалды. Бұл – Арқа жұртшылығына ортақ қуаныш!
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz