Облыс әкімдігінде

Ойын алаңдары тексеріледі

Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі – өзекті. Осыған орай облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК шараларды күшейтуді талап етті. Аймақ басшысы барлық аулалардағы ойын алаңдарының жағдайын тексеруді тапсырды.

– Күн сайын балалар алаңдарының сапасы туралы көптеген хабарлама мен шағым түседі. Барлық қала мен аудандағы аула алаңдарын тексеру қажет. Балалардың жарақат алу қаупін барынша болдырмау үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, – деді Жеңіс Қасымбек онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте.

Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мен полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Зарубаев баяндады.

Ведомствоаралық жол картасы жүзеге асырылуда.

– Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қосымша іс-шаралар жоспары әзірленді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға және балалардың демалыс лагерлеріне ерекше назар аударылады. Түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, жастардың жиі жиналатын орындары – саябақтарда, гүлзарларда, аллеяларда рейдтер жалғасады. Сондай-ақ, патрульдеу нарядтары қалалық жағажайлар, су айдындары және азаматтардың басқа да көпшілік демалатын орындары маңында кезекшілік етеді, – деп хабарлады Қуаныш Зарубаев.

Мамыр айында отбасыларды аралау басталды. Онда өгей әке тәрбиесіндегі отбасылар тексеріледі. Полиция қызметкерлері қолайсыз отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу әдістерін қосымша оқыды.

Мектептер мен колледждердегі қауіпсіздік командалары туралы Гүлсім Қожахметова айтып берді. Bilimal автоматтандырылған жүйесінде “Әлеуметтік педагог” модулі құрылды. Аймақта балалар қауіпсіздігі бойынша мектепте 70 мұғалім дайындықтан өтті. Жол картасының бір бағыты – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу.

– Ресми түрде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс деңгейі төмендейді (32,5%-ға). Бұған, әрине, барлық мүдделі органдар жүргізетін жұмыс ықпал етеді. Бірақ, кейбір түбегейлі жетістіктер туралы айтуға әлі ерте. Балаларды жазатайым оқиғалардан қорғау қажет. Ол үшін алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Мәселе – балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты. Сондықтан, бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button