Бас тақырыпРесми

Облысты одан әрі дамыту бағытында

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең бастысы әрбір азаматтың әл-ауқаты мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру екендігін айрықша атап өтті.

Жария етілген бастамалар бізді проблемалық мәселелерді шешуге үндейді және жаңа жобаларды іске асыру үшін мүмкіндіктер ашады. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары осы барлық бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына белсене араласты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауын насихаттау жөніндегі ақпараттық-түсіндірме тобының құрамына облыстық мәслихаттың 18 депутаты енді, олар мыңнан астам адамды қамтыған, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен болған 94 кездесулерге қатысты.

Мен Жолдауды түсіндіру және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту мәселелері бойынша Теміртау қаласына қарасты Ақтау кентінде, Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин атындағы және Қушоқы ауылдарында кездесулер өткіздім.

ДАМУ ҚАРҚЫНЫН АРТТЫРА ОТЫРЫП…

Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылады. Негізгі мәселелерді барынша тыңғылықты зерделеу үшін оларды жергілікті жерлерге іссапарға шыға отырып зерделеу тәжірибеге енгізілді. Уақытша жұмыс комиссиялары мен уақытша жұмыс топтары облыстық мәслихат депутаттарының басшылығымен қарастырылып отырған салалардың жергілікті жерлердегі жағдайымен іс басында танысты. Сапарлар қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға тиісті ұсыныстар берілді, облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің қатысуымен отырыстар өткізілді.

Есепті жыл ішінде 14 сессия өткізіліп, олардың барысында 119 шешім қабылданды. Олардың арасында облыстың бюджеті мен әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын бекіту және атқарылуы мәселелері артықшылыққа ие болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда өткізілген сессиялардың саны екі есеге өскенін атап өткім келеді.

Облыстық мәслихаттың сессияларында есепті жылы негізгі ретінде облыс бюджетін бекіту және оның атқарылуы, Қарағанды облысының даму бағдарламалары, инфрақұрылымды дамудың «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бизнесті қолдау және дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2020», 2019- 2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ Қарағанды облысындағы жолаушылар тасымалының жағдайы және даму келешегі және т.б. мәселелер қарастырылды.

НАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР – НАҚТЫ ШЕШІМДЕР

Қарағанды облыстық мәслихатының жанынан бес тұрақты комиссия құрылған:

– әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі;

 – бюджет және қаржы жөніндегі;

– өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі;

 – құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі;

– заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиялар.

Мемлекет басшысының Жолдауында жария етілген әрқайсысын облыстық мәслихаттың депутаттары тұрақты комиссиялардың отырыстарында бірнеше рет талқылады. 2019 жылы депутаттар 44 отырыс өткізді.

Олардың барысында облыстық бюджеттің атқарылуы және оны нақтылау, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, экология, туризм, көмір өнеркәсібі, сумен жабдықтау, жолаушылар тасымалы, техникалық және кәсіптік білім беру, денсаулық сақтау және т.б. мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігі туралы ерекше атап өтті. Бұл мәселені де депутаттар отырыстарда бірнеше рет талқыға салды. Балқаш қаласында туризм мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді. Оның қорытындысы бойынша Топ-10 Туристификация картасына енген Балқаш курорт зонасын дамытуға, оның ішінде электр тарату желілері, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, инженерлік коммуникациялар, сумен жабдықтау, жағажайларды жайластыру құрылыстарына, Тораңғылық кентіндегі су жағалауы құрылыстарына бағытталған шығыстарға қолдау білдірілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жергілікті жолдар желілерін кеңейтудің қажеттігі туралы айтқан болатын. Оның ішінде, «салынған автобандар, әрине, маңызды, дегенмен үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ» деп атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жағдайы және даму келешегімен байланысты мәселелер құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі комиссия мүшелерінің тұрақты бақылауында. Депутаттар жаңа жолдардың құрылысы жүріп жатқан жерлерде бірнеше рет болды.

Депутаттар облыстың ішкі істер департаментінің басшылығымен тығыз байланыс, сындарлы диалог орнықтырғанын да атап өткен жөн. Бұл барыста нақтылы жұмыс жоспары жасалып, нені өзгерту керек және оған қаншалықты қаржы қажет екендігі белгіленді. 2017, 2018, 2019 жылдары мәслихатта осы барлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қажет жөндеуге, автокөлік, бейнетіркегіш және басқа құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлінді.

Сонымен бірге, тұрақты комиссияның депутаттары көмір өндіретін кәсіпорындармен бірге тазалау забойларын уақытылы дайындау, тау-кен шахталары жабдықтарын жаңарту, кәсіпорындарды реконструкциялау, еңбек қауіпсіздігін арттыру, жер бетін қайта құнарландыруды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

 2019 жылдың 3-тоқсанында тұрақты комиссия отырысында гидротехникалық құрылғылардың, су қоймалары мен балық шаруашылығы қызметінің жағдайы мәселелері қаралып, оның қорытындысы бойынша инвентаризациялау, паспорттау және тиесілі есепке алуды жүргізу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жүргізуге қатысты ұсыныстар енгізіліп, оған 2020 жылға арналған облыстық бюджеттен шығыстар бөлуге қолдау білдірілді.

Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жағдайы және даму келешегі туралы мәселені қарай келіп, депутаттық корпус Нұра және Бұқар жырау аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға шығыстар қарастыруға бастамашы болды және қолдау білдірді.

Сонымен қатар, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Теміртау, Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларында, Абай, Ақтоғай, Шет және Ұлытау аудандарында тасымалдаушы кәсіпорындармен кездесулер өткізді. Жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша кірістердің ашықтығын және жолаушылардың ағымын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты комиссияның депутаттары жүйелі автобус маршруттарында электрондық билеттеу жүйесін енгізуді жылдамдату қажеттігі туралы ұсыныс жасады.

2019 жылдың 3-тоқсанында тұрақты комиссия Жезқазған қаласында Жезқазған қаласындағы құрылыс, көліктік инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық салаларының жағдайы және даму келешегі мәселесі бойынша көшпелі отырыс өткізді. Оның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту мүмкіндігін қарастыру, Кеңгір су қоймасының санитарлық қорғау зонасында салынып жатқан нысандар бойынша рұқсаттама құжаттамаларын қалыпқа келтіру, су бүркетін құбырларды жөндеу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу, сумен жабдықтау көздерін айқындау, Жезқазған қаласындағы 320 орындық балалар бақшасының құрылысын аяқтау және т.б. туралы ұсыныстар енгізілді.

 Сондай-ақ, депутаттар өңірдегі бұқаралық спорттың жағдайы және оны дамыту, Қарағанды облысының архив саласын дамыту келешегі мәселелерін бірнеше рет көтерді. Колледждердің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту қажеттігі және Жезқазған қаласындағы студенттердің практикасын техникалық жарақтандырылған, заманауи базалары бар кәсіпорындарда ұйымдастырудың оң тәжірибесін тарату туралы ұсыныс енгізілді.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ОРЫНДАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

«Nur Otan» партиясының облыстық мәслихат жанындағы депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізеді. Есепті кезең ішінде 5 отырыс өткізілді, олардың барысында 22 мәселе қаралды. Оның ішінде, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын, 2016-2020 жылдарға арналған Қарағанды облысы аумағын дамыту бағдарламасын іске асыру барысы, облыстық бюджеттің 2018 жылғы атқарылуы туралы мәселелер қарастырылды.

Депутаттар партияның қоғамдық қабылдауларында 124 қабылдау жүргізді, 1021 азамат қабылданды.

Мен сегіз рет азаматтарды жеке қабылдау жүргіздім, оның ішінде «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында – 4, сайлау учаскесінде – 2 қабылдау өткізіп, 20 азамат қабылдадым.

Келіп түскен өтініштер мен депутаттық сауалдарды талдау негізінен жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет сапасын, жолдардың жағдайын арттыру, көшелерді тазалау және елді мекендерді абаттандыру мәселелері қарастырылатынын көрсетеді. Депутаттардың ықпал етуімен сайлаушылардың түрлі мәселелері шешімін тауып отырады. Сайлауалды бағдарламасын орындау депутаттың жұмысындағы басты бағыт болып қала береді.

2019 жылы облыстық мәслихаттың депутаттары 50-ден астам елді мекендерде болып, сайлаушылармен 187 кездесулер және жиналыстар өткізді, мыңнан астам талап-тілек, өтініштерді қарастырды.

ТАБЫС КІЛТІ – БІРЛЕСКЕН ІС-ҚИМЫЛ

Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасы бойынша 2019 жылдың 4-тоқсанында депутаттардың Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбекпен кездесуі болды, оның барысында өңірлік даму мәселелері талқыланды.

Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға депутаттардан 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, орта және техникалық және кәсіптік білім беру, автомобиль жолдары, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, экологиялық қауіпсіздік және т.б. салаларды қалыптастыруға қатысты 50-ден астам ұсыныс-бастамалардың тізімі енгізілді.

2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасына депутаттар енгізген ұсыныстардың қаралғандары ішінен 16 ұсыныс облыстық бюджет жобасында қарастырылды және 2020 жылы іске асырылуы жоспарланған, 2020 жылдың бюджетін атқару, нақтылау барысында 18 ұсынысты қарастыру жоспарлануда.

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР МӘСЕЛЕЛЕР

2018 жылдан бері айдың әрбір үшінші бейсенбісінде «Депутат күні» өткізіледі, онда әлеуметтік маңызы бар мәселелер, мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау көзделген.

2019 жылы 8 «Депутат күні» өткізілді. Айталық, менің бастамам бойынша Жезқазған қаласының бастамашы тобы көтерген проблемалық мәселелер қаралды, отырыс өткізу қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды шешу бойынша нақтылы ұсыныстар берілді, өтініш берушілер көтерген мәселелердің бір бөлігі бүгінгі таңда өз шешімін тапты, қалғандары бойынша олардың орындалуына мониторинг жалғастырылуда.

Депутат Н.Қосубаевтың бастамасы бойынша Шет ауданы Киік кентіндегі орта мектептің жаңа ғимаратын салудың қажеттігі туралы мәселе қаралды, оны талқылау қорытындысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге бюджет қаржысын бөлу туралы шешім қабылданды, 2020 жылғы облыстық бюджет жобасында аталған қаржы қарастырылды.

Депутат Б.Алтынбековтің бастамасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытуды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырумен қамтамасыз етудің қажеттігі туралы мәселе қаралды. Аталған мәселенің шешімі облыстық бюджетті 2019 жылдың 3-тоқсанында нақтылау кезінде көрініс тапты.

Депутат Ж.Штергердің бастамасы бойынша 2019 жылдың барысында 5 «Депутат күні» өткізілді. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы 134-есеп кварталы тұрғындарының электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су тарту мәселелері жөніндегі ұжымдық өтініші қаралды. «Депутат күнінде» берілген ұсыныстарды орындау мақсатында Қарағанды қаласының әкімдігі 134-есеп кварталының 7 жеке тұрғын үй құрылысы учаскелеріне инженерлік желілер құрылысын жүргізу бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдады, ол «Таугүл» ықшам ауданы шегінен тыс инженерлік желілердің құрылысы» жұмысшы жобасын, жаңа учаскелерді ескеріп түзетуді, сондай-ақ СМR-ді (СМR – халықаралық көлік құжа ты) іске асыруға бюджет қаржысын бөлуді қамтиды.

Сондай-ақ Теміртау қаласындағы SOS балалар деревнясының директоры В.Дубровскийдің Қарағанды қаласында өмір сүру қауіпсіздігі инновациялық білім беру орталығын құру мүмкіндігі туралы ұсынысы; жер қойнауын пайдаланушы «Көмір тау» ЖШС-нің көмір өндіруге лицензия алу мақсатында, Қарағанды қаласының тұрғындарын әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша келісім-шартқа отыру жөніндегі өтініші; «Чернобыль апат аймағының ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің жылу беру маусымында коммуналдық қызмет өтемдерін төлеуге көмек көрсету мүмкіндігі туралы өтініші, Шахтинск қаласы тұрғындарының осы тұрғыдағы өтініштері қаралды.

УАҚЫТПЕН БІРГЕ ҚАДАМ БАСЫП…

Облыстық мәслихат облыстық мәслихат депутаттарының қызметі туралы тұрғындарды құлақтандыруды жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде.

Ай сайын Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары облыстық теледидарда теледидар бағдарламаларына – «ARQA LIVE» тікелей эфирі, «Уақыт.KZ» сұхбаты, «Өрісті өңір», «2050» талдамалық бағдарламалары, сондай-ақ, «Адамдардың мүддесі үшін» ток-шоуы, «Ойталқы», «Бұл сіз бен біздің өмірбаянымыз» теледидар жобаларына қатысады (С.Өтешов, Ж.Таласпеков, С.Әдекенов, Ш.Осин, Қ.Оспанова, Н.Иманов, А.Түкбаева, Б.Базарбаев, М.Ибатов, А.Қалықов, Б.Алтынбеков, И.Георгиади, Ж.Штергер, Н.Қосубаев, Е.Ахметов, Г.Прокоп, Д.Чернов, А.Бойко).

2019 жылы облыстық «Ortalyq Qazaqstan», «Индустриальная Караганда», республикалық «Egemen Qazaqstan» газеттерінің беттерінде екі тілде ондаған материалдар, облыстық теледидарда 40-тан астам ақпараттық материалдар жарық көрді.

Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттарының көпшілігі әлеуметтік медиада көрініс тапқан, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында қызмет нәтижелері туралы есептерін, сайлаушылармен болған кездесулердің қорытындыларын жариялап тұрады. Облыстық мәслихаттың сайты да жұмысын жалғастыруда.

БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ

 Қарағанды облысы әкімінің бастамасымен қолдау мақсатында 2019 жылдың 2-тоқсанында өңірдің елді мекендерін абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жөніндегі көктемгі екі айлық аясында Қарағанды облыстық мәслихатының, Қарағанды қаласының депутаттары Қарағанды қаласы этнопаркіндегі сенбілікке және ағаштар отырғызуға қатысты. «Бірге – Таза Қазақстан», «Ағаштар отырғызу жөніндегі эко сағат» республикалық экологиялық акцияларын қолдау мақсатында 2019 жылдың 3-тоқсанында облыстық мәслихаттың депутаттары «Триатлон паркті» абаттандыруға қатысты.

Қайырымдылық ұйымдары өкілдерінің форумы аясында, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының қорытындысы бойынша «Жомарт жан» төсбелгісімен республикада 19 адам ерекшеленді, олардың қатарында меценаттық және қайырымдылық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Ш.Осин мен И.Георгиади осы құрметке ие болды.

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ ҮШІН

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмаларын орындау аясында депутаттарды спорттық іс-шараларға тарту бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Жыл сайын облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттар депутаттары арасында спартакиада өткізіледі. 2019 жылдың 2-тоқсанында ІІ Спартакиада ұйымдастырылып, оған 300-ден астам адам қатысты. Спорттың алты түрі бойынша мыналар жеңімпаз болып танылды: Қарағанды облыстық мәслихаты (үстел теннисі), Жаңаарқа аудандық мәслихаты (волейбол); әйелдер арасында Ақтоғай ауданы мәслихаты, ерлер арасында Жаңаарқа ауданы мәслихаты (дойбы); әйелдер арасында Қарағанды облысы мәслихаты, ерлер арасында Қарағанды қаласы мәслихаты (шахмат); Теміртау қаласы мәслихаты (кір тасын көтеру); Қарағанды қаласы мәслихаты (арқан тарту).

АЛДАҒЫ ДАМУ ЖОЛЫНДА

 Атқарылған жұмыстарды қорытындылай отырып, әдетте, алдағы даму бағыттары туралы да айтылады. Біздің жоспарларымызда:

– облыстың одан әрі дамуын мемлекеттік органдарды, сараптамалық қоғамдастықты, азаматтық қоғам институттарын кең көлемде қатыстыра отырып ашық дискуссиялық талқылау;

 – депутаттық корпустың қызметі туралы халықтың құлақтандырылуын жақсарту бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізу, облыстық мәслихат депутаттарының қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде белсенді жариялау;

 – облыстық мәслихаттың Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырыстарына «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша қатысу, оның ішінде жергілікті қоғамдастық мүшелерінің аумақтарды басқару процесіне және жергілікті маңызы бар мәселелерді жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешуіне қатысуын жандандыру;

 – облыстық мәслихаттың кадрлық құрамын нығайту және депутаттардың білім деңгейін көтеру;

 – қалалық және аудандық мәслихаттардың тиімділігін арттыру және жұмысын жетілдіру, олардың қызметіне практикалық көмек көрсету мақсатында 2019 жылы енгізілген қалалық және облыстық мәслихат хатшыларының облыстық мәслихат сессияларына қатысу практикасын жалғастыра беру жан-жақты ойластырылған.

 Қарағанды облыстық мәслихаты өз жұмысын алдағы уақытта да жетілдіріп, атқарушы органдармен, қалалық және аудандық мәслихаттармен, қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен өзара іс-қимылды нығайтып, Қарағанды облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында одан әрі табысты қызмет ете беретін болады.

Облыстық мәслихаттың депутаттары өздерінің борыштары мен міндеттерін, сайлаушылары алдындағы жауапкершіліктерін терең сезіне білетіндіктеріне сенім білдіремін.

Серік ӨТЕШОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы

Басқа материалдар

Back to top button