Аймақ

Облыста жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов пен білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Абай атындағы мектеп-гимназиясында кеңес өткізді. Іс-шараға облыстық полиция департаментінің бөлім басшылары, аумақтық полиция департаменттері бастықтарының орынбасарлары, учаскелік полиция аға инспекторлары, оқу орындарының басшылары қатысты.

Арнайы қызмет орындарына жалған қоңырау шалумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, нашақорлықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық мекемелерінде заңсыз жүруіне жол бермеу мәселелері бойынша іс-әрекеттер қаралды.

– Сәуір айында Қарағанды мен Теміртау қалаларының көптеген мектептерінде жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарламалар келіп түсті. Бұл іс-шараларға көптеген полиция күштері тартылды. Бұл ауыр қылмыс және оған қылмыстық кодексте ауыр жаза қарастырылған. Өкінішке орай, бізде кәмелетке толмағандар арасында есірткіге байланысты қылмыстар жиі тіркелетінін мойындауымыз керек. Оқушылармен және студенттермен жұмыс істеу барысы қажетті ақпаратты тікелей жеткізіп, қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Құрманғали Ысмағұлов.

Бұл ретте облыстың полиция департаментінің бейіндік бөлім басшыларының орынбасарлары өз баяндамаларында көптеген тақырыптарды жан-жақты баяндады. Осылайша, кәмелетке толмағандар жасаған бөтеннің мүлкін ұрлау деректеріне назар аударылды. Оның үстіне олардың орташа жасы 15-17 жас. Жазғы демалыс қарсаңында жол-көлік қозғалысы тәртібіне қатысты мәселелер бар. Ал оқушылар мен студенттер арасында жолдарда өзін-өзі ұстау ережелерін елемеудің салдарларының қаупі алдын алу шараларын жүргізуді ерекше талап етеді. Әрбір талқыланған тақырып бейнежазбалармен, полиция қызметкерінің түсіндірмесімен баяндалды.

– Біз облыстық полиция департаментімен тығыз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Жазғы каникулдың соңында қайтадан бас қосып, қорытындысын шығарамыз, – деді Гүлсім Қожахметова.

– Аталған шаралардың барлық материалдары мен бейнежазбалары облыстық білім басқармасына беріледі. Сондай-ақ аумақтық бөлімдерге жіберіледі. Оқу жылы аяқталмай тұрып оқу орындарының өкілдері мекемелерде осындай шараны әр сыныпта барлық оқушыларды қамтып өткізсе, құптарлық іс болар еді, – деп түйіндеді сөзін облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button