Облыс орталығындағы орталық саябақта сенбілік өтті
Аймақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл жолы жүзден астам ерікті орталық саябаққа шығып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Айналада шашылған қоқыстарды жинап, сынып қалған бұтақтарды шығарды. Әрі жауя жүргіншілер жолын тазартып, мыңнан астам қоқыс толы қап шығарды.
Еріктілердің басым бөлігі студенттер мен оқушылардан құралған. Олар саябақ тазалығынан бөлек, балалар мен спорт алаңдарын да ретке келтірді.
Тіпті, шашылған ұсақ тұрмыстық қоқыс қалдықтарына дейін жинап, ұқыптылықпен істеді. Демалыс саябақтары мен гүлзарлар басқармасының басшысы Талғат Байтохин өз сөзінде:
– Акцияға қатысуға оқушыларды шақырдық. Өскелең ұрпақтың табиғатты бағалауы, оның сақталуына қамқорлық жасауы маңызды. Менің ойымша, біз бірігіп, тапсырманы өте жақсы орындадық, – деп атап өтті.
Ал, жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов: «Басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру» дейді.
– Біз жастарды табиғатқа жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарауға шақырамыз. Ең алдымен, ластанудың алдын алу керек, қоқысты кез келген жерге тастамау керек. Қаладағы тазалық пен жайлылық әрқайсымызға байланысты, – деді.
Сенбілік соңы жас суретшілердің сурет салу шеберлік сабағымен ұласты. Олар күз көрінісін ақ қағаз бетіне түсіріп, әсерлерімен бөлісті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz