АймақБас тақырып

Облыс әкімі Теміртау және Шахтинск энергия нысандарында жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді

Шахтинск ЖЭО тозуы 75 % құрайды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары кестеден артта қалып отыр, қызметкерлер жетіспейді. Жұмыс сапарымен энергия объектісіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді.

10 жыл бойы Шахтинск ЖЭО-да негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл үш қазандық пен екі турбина жөнделуде. Екі мердігер компания жұмыс істейді.

№ 1 және 4 қазандықтар бойынша жұмыстар мерзімге сай жүріп жатыр. Барлық материалдар қол жетімді. № 3 қазандықты жөндейтін мердігер ұйым кестеден артта қалып келеді Адамдар жетіспеуде. Облыс әкімі бригаданы 10 адамға дейін ұлғайтуды және жергілікті әкімдікке күн сайын жұмыстарды бақылауды тапсырды.

Түтін соратын бөліктің үстіндегі шатыр апаттық жағдайда. Қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Қыркүйек айына дейін шатыр жөнделеді деп жоспарлануда.

Энергия нысанында болып қайтқан Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығы мен ЖЭО-ға жылыту маусымына дайындық үшін әркім дербес жауапкершілік тарататынын еске салды.

– Қыс мезгіліне дайындық үшін қалалар мен ЖЭО басшылығы жеке жауап беретін болады. Егер жетіспейтін болса, адамдарды жалдаңыздар! Қажет болса, тәулік бойы жұмыс жасаңыздар! Энергияны қадағалау мамандары да күн сайын жұмысты бақылап отыруы керек, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев Теміртаудағы ЖЭО-2-де болды.

Биыл металлургтер қаласында жылыту маусымы жетінші қазандықсыз өтеді. Оны салу мерзімі кешіктірілуде. Әлі де құрылыс алаңында жұмысшылар жетіспейді, негізгі жабдықты орнату артта қалып келеді.

Жылу көзіндегі жөндеу жұмыстары туралы облыс әкіміне ЖЭО-2 директоры Сергей Кривов баяндады.

– Қазір үш қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. № 1 қазандықты 1 тамызда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. № 4 қазандықта конденсаторларды бөлшектеу және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бесінші қазандықта бу қыздырғыш бөлшектеледі. Екі қазандықты пайдалануға берудің жоспарланған күні – 30 қыркүйек, – деді Сергей Кривов.

Ермағанбет Бөлекпаевтің айтуынша, жылыту маусымының қауіпсіз өту міндеттері ортақ және әркім оларды өз деңгейінде орындауға жауапты болуы тиіс.

– Теміртауда жылыту маусымы қалай өтетіні осы станцияға байланысты. Жоспардан артта қалып жатырсыздар – бұл шындық. ЖЭО директоры мен “АрселорМиттал Теміртау” компаниясы моральдық және заңды тұрғыда жауапты. Сіздер теміртаулықтарды тұрақты жылумен қамтамасыз етулеріңіз керек – бұл аса маңызды мәселе! – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, жөндеуді қажет ететін Қарағанды металлургия комбинатының ЖЭО-БАС жағдайы билік арасында үлкен алаңдаушылық туғызады.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button