Бас тақырыпЖаңалықтар

Облыс әкімдігінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

Биыл көктем ерте басталады деп күтілуде. Қарағанды облысында 15 наурыздан бастап ауа температурасы нөлден жоғары болады деп болжануда. Өңірде су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындала бастады және алдын алу шаралары қабылданды. Қазір басты міндет – қарды уақытылы шығару.

Суреттер: облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Су тасқынына дайындық мәселесі өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен ТЖ комиссиясының отырысында талқыланды. Кеңеске ТЖД, полиция, басқа да уәкілетті органдардың басшылығы қатысты. Қала және аудан әкімдері жағдай туралы баяндады.

Жиында «Қазгидромет» МКК филиалының талдауы ұсынылды. Биыл топырақтың күзгі ылғалдану деңгейі нормадан жоғары, бірақ облыс аумағының басым бөлігінде қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен.

Облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев бүгінгі таңда облыста миллион текше метрден астам қар шығарылғанын хабарлады. Сондай-ақ, су бұру арықтарын қазу, каналдар мен су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Полиция санитарлық нормалардың сақталуын қадағалауда, тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар ресімделеді.

Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларында санитарлық су ағызу секундына 10–15 текше метрге дейін артты. Алдағы уақытта көлем өсуі мүмкін. Бұл өзен арналарын шаю және тасқын суды қабылдауға болатын бос орын дайындау үшін қажет.

Ермағанбет Бөлекпаев гидроқұрылыстарды бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Ол қарды жедел шығару жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Қар шығару – бұл тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық кәсіпорындардың, ұйымдар мен бизнестің жауапкершілігі. Бірлесіп әрекет ету керек – тек сонда ғана ауыр зардаптарға жол бермейміз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button