Облыс аумағында картоп бағасын тұрақтандыру үшін бақылау күшейді
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыста картоп бағасын өсуіне жол бермеу шаралары қабылдануда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл шаруашылығы құрылымдарымен белгіленген бағамен сауда орындарына картоп жеткізуге кепілдік беретін меморандумдар жасасуды тапсырды.
Сондай-ақ, көтерме үстеме баға қоюдың жолын кесу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізуді жалғастыру керек.
Облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қоймаларында 53 мың тонна картоп сақталуда. Ал тұрақтандыру қоры мен сауда желілерін қоса алғанда, жалпы қор 61,6 мың тоннаны құрайды. Бұл халықтың маусымаралық қажеттіліктерін жабу үшін жеткілікті.
Қазіргі уақытта форвардтық келісімшарттар бойынша 3,2 мың тонна картоп, сондай-ақ басқа да көкөністердің қажетті мөлшері жеткізілді. Айналым схемасы бойынша да жеткізу жалғасуда.
Облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Қарағанды әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, соның ішінде картопқа сауда үстемесінің 15%-дан асуына жол бермеу үшін сауда желілерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бүгінгі таңда екі кәсіпкер картоптың сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір сауда нүктесіне қатысты тексеру белгіленді.
Экономикалық тергеу департаментіне сауда үстеме бағасын сақтамау фактілерін зерттеу тапсырылды. Барлық бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданады.
Облыста тұрғындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажетті тауарлар қоры жеткілікті, ал бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА