Қоңырат

      Ұлан-ғайыр қазақ елінің бір бөлігі, Балқаш көлінің Бертіс шығанағынан терістікке қарай созылып жатқан аумақты ежелден «Қоңырат» деп атаған. Бүгінде Балқаш қаласынан 17 шақырым жердегі бұл кеніш – көшпелі тұрмыс кешкен қазақтың көне даласы, қазақ тарихында елеулі із қалдырған бірнеше тарихи оқиғалардың куәсі сынды.

«Қоңырат» атауында аңызға сүйенсек, қарапайым жұртты бұрынғы бай мен шонжардың билеп төстеген өмірінің тарихы жай-жапсары анық та айқын көрініс береді. Олай дейтініміз, таудан аласа шоқының «Қоңырат» деп аталуын әркім әр түрлі аңыздармен дәлелдейді. Сайып келгенде соның бәрі бір түйінге – байдың қоңыр атының өліміне келіп тіреледі. Тарқата айтқанда, қатыгез байдан жәбір көрген жалшы жігіт, байдың баптаулы жүйрік қоңыр атын мініп қашып, осы төбеге келгенде, өзі де аты да өліп, ел аузында «Қоңырат» аталып кеткен деседі. Біз үшін осы белгілі бір оқиғалардың мерзімін меңзеуі арқылы тарихи дерек көзінің сырын саралап, танып-білуге септігі тиіп отыр. Жер тарихы мен ел тарихын танытар, оның өмірінен сыр шертер тарихи шежіресін зерделеу жолында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыратын алтын көпірге айналып отыр. Елбасы өткен тарихымыздың мәдени ескерткіші ретінде ғана маңызды емес, бүгінгі таңда зор мән-мазмұнға ие екендігін атап көрсетті. Ешбір қоғам өмірінде, тарих деңгейінде жер-су атауларының қатысуынсыз оқиға болған еместігін алға тартып, ел мен жер тарихын білуге шақырды.
Осы орайда, шешілмеген құпия-сырға толы атауларға бай өңірлердің бірі – Қоңырат екендігі сөзсіз. Өйткені, қазақ даласында болған қақтығыстар, көтерілістер, тағы басқа тарихи оқиғалар бұл өңірді де қамтыды. Геомеханика ғылымының негізін салып, оны ғылымның жеке бір саласы етіп шығарған ғұлама Ақжан Машановтың айтуынша, Балқаш қаласынан 18 шақырым жерде болған биік Қоңырат тауы бір кезде баһадүр Жидебай Қожаназарұлының Қарауыл шоқысы деп аталған екен. Расымен де, қазақ халқына қауіп төндірген жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан қорғану мақсатында ел үшін, жер үшін болған шайқастарға Орта жүз, соның ішінде Арқаны мекендеген қазақтардың да белсене араласқанын, бұл өңірінің стратегиялық маңызды аймақ болғанын дәлелдейді.
Тіпті, біз сексен жылдан аса тарихы бар Балқаш қаласының салынуына себепкер жер қойнауы мыс қорын бөктеріп жатқан Қоңырат екендігін жақсы білеміз. Уақыт озған сайын дүние өзгеріп, алып құрылыстар бой көтеруінің бастауында Қазақстан түсті металлургиясының қайнар көзі Қоңырат кеніші тұрды. Сондықтан да, Балқаш қаласы Қоңыраттан басталатындығын ашық айта аламыз. Қатпарлы тарихымызға көз жүгіртсек, сонау ерте заманнан адамдар Арқа төсінде мыс өндіріп, керегіне жаратқан екен. Сүймен жеткен жер бетіндегі мысты игілігіне пайдаланған. Қоңыратта кеннің бар екенін жұрт білгенімен, жария етуден қорыққан. Өйткені, елдің бойын «қонысынан айырылып қаламын» деген үрей билеген. 1901 жылы Қоңырат кен орны жайында тұңғыш ресми тұжырымын білдірген А.Деров деген көпес көрінеді. Артынша істің байыбына бара алмаған көпес жұмысты жандандыруға адам саны жетпегендігін айтып, жолдан тайған. Қоңыраттың геологиялық-экономикалық тұжырымдамасын жасаған инженер-геолог М.Русаков болды. 1928 жылы барлау жұмысын жүргізу барысында Қоңырат өзінің қоры сол кездегі мыс кен орындарынан асып түсетіндігін дәлелдеді. 1929 жылы қазмойын бұрғылау мұнаралары барлау жұмысын бастады. Үш жылдық барлау ісіне екі жарым миллион сомға жуық қаржы жұмсалды. Не керек, қыруар қаржыны кеніш ақтап беріп, іс нәтиже берді. Кешікпей Қоңырат кен орнын игеру қолға алынып, 1931 жылы қазан айында «Прибалхашстрой» басқармасы құрылды. Оның басты мақсаты – мыс қорыту комбинатын салу болатын. Ол уақыттарда елімізде мыс тапшы еді. Сол себепті, зауыт құрылысын жеделдету қолға алынып, 100 миллион сом бөлініп, 1932 жылы жұмысқа 450 құрылысшы тартылды. Жұмысшылар уақытпен санаспай, табысты қызмет атқарды. Құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Мыңдаған жұмысшы, білікті мамандар бел шешпей, тізе бүкпей жұмыс жасап, алып зауытты салды. Зауытпен қатар, Балқаш еңбеккерлері үлкен іске жұмыла жүріп, түрлі ғимараттардың іргетасын қалады. 1933 жылы тәжірибелік байыту фабрикасының құрылысы аяқталды. Уақытша электр станциясының және Қарағандыдан Бертіске дейінгі 488 шақырым теміржол салу шаруалары шашау шықпай атқарылды. 1935 жылы жол құрылысы аяқталып, 1939 жылы қолданысқа берілді. 1938 жылы наурыз айында байыту фабрикасының механизмдері сынақтан өткізілді. Балқаш қаласында алғашқы концентрат алынып, шілде айында шағылу пеші іске қосылды. 24 қарашада алғашқы мыс алынып, жаһан назары Балқашқа ауды. Балқаш мысының тұңғыш құймасы Мәскеудің «Революция» мұражайына қойылды. Осылайша, еліміздің түсті және бағалы металдар өндірісінде аса көрнекті өнеркәсіпке айналды. Осынша тарихтың жасалуына Қоңыраттың ықпалы тигендігін біреу білсе, біреу білмес. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңбек жолы да Қоңыратпен тығыз байланысты. Ол 1936 жылы Мәскеудегі түсті металдар институтын тәмамдағаннан кейін Қоңырат кенішіне жұмысқа келіп, қатардағы балташыдан кен басқармасының бастығына дейінгі жолдан өткендігі тарих бетінде сайрап жатыр. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік салтанат құрған заманда өзінің туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ қана ұлттың пердесін сақтай алады. Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі болып қала бермек.

Нұрдос КӘРІМ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.