Жаңалықтар

Оқушы тірегі – оқулық

Жуырда Қарағанды қаласының білім бөлімі мамандары мен облыс орталығында орналасқан М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия ұжымы ұйымдастырған қалалық «100 кітап» жобасының онлайн режимде қорытындысы шығарылып, әдеби-сазды кеште жеңімпаздар марапатталды.

Жобада ағылшын тілінде 20, орыс тілінде 30 шығарма таңдалды. Кеш тізгінін Қарағанды қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Жаркеева алып, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның директоры Абылай Жәлелов және филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов келген қонақтарға тілегін білдірді. Сондай-ақ, шара барысында Б.Рахимов, Б.Кубеков, Д.Өмірбаева авторлығымен 9-сынып оқушыларына арналып жарық көрген «Абайтану» оқулығының тұсауы кесілді. Шәкірт білімін ұштау, кітап маңыздылығын жеткізу мақсатын ұстанған бұл жоба оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын оятты.

Оқушылар өз өнерін ортаға салып, төл әдебиетімізбен ғана емес, сондай-ақ әлем әдебиетімен танысуға да мүмкіндік алды. Туған жер, байтақ елдің қадір-қасиетін қастерлеуге шақырған қойылым да әзірледі. Шәкірттер топтық жұмыс барысында шығарма туралы пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті.

Өткен оқу жылында оқушылар өз беттерінше оқыған шығармалары бойынша түйген ойларын, құнды пікірлерін өлең, эссе жазу арқылы білдірсе, бұл жолы олар таңдаған шығармаларын топ болып бірлесе оқып, бірге талдап, шығарма желісімен, жеткен нәтижелерімен таныстырды. Және бұл әдіс өздеріне ұнағанын баяндады. Оқушылар еңбегі жинақталып, электронды кітаптарға иллюстрация ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, технология пәні мұғалімдері көрме ұйымдастырып, оқушыларға әдеби шығармалар бойынша ақпарат берді.

Сөйтіп, мектепішілік кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар қалалық сайыста бақ сынады. 5-11 сынып оқушылары оқыған кітабын жарнамалау, өлең-жырды мәнерлеп оқу, сахналық қойылым әзірлеу, сурет көрмесі, электрондық кітапша, латын графикасында эссе жазу сынды байқауларда сынға түсті. Оған қала бойынша 35 мектеп өтініш білдіріп, бас-аяғы 105 оқушы қатысты.

Нәтижесінде, 5-сынып оқушылары арасында І-орынды М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның шәкірті Ақнұр Тоқтарбек, 6-сынып оқушы лары арасында І-орынды №61 орта мектебінің шәкірті Акшархат Эшкулова, 7-сынып бойынша №15 орта мектебінің оқушысы Жанел Каримова, 8-сынып оқушылары арасында І-орынды «Театр әлемінде» атты үш тілде сахналық қойылымы үшін М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия оқушылары, 9-сынып оқушылары арасындағы сурет байқауында І-орынды №25 мектептен келген Ажар Ақылбекова иеленді. 10-сынып оқушылар арасында «Ұлы Даланың ұлы мұрасы» электрондық кітапшасы үздік деп танылған №101 мектеп-лицейінің оқушысы Дилназ Ерланова І-орынды жеңіп алды. 11-сынып оқушылар арасында үздік эссе жазған осы лицейдің оқушысы Зере Қойшыбай жеңімпаз деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша, оқушыларға диплом, бағалы сыйлықтар және үздік деп танылған мектептерге Алғыс хат берілді.

Сондай-ақ, шара барысында Абай атындағы облыстық балалар кітапхана мен М.Әуезов атындағы қалалық кітапхана мамандары көрме ұйымдастырғанын да айта кету қажет. Бұл байқау алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Д.КАСИМОВА, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button