Брифинг

Оқу жылы дәстүрлі форматта басталады

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Оқушылар дәстүрлі форматта білім алады дегенде көпшіліктің көңілі алаң болғаны өтірік емес. Мектепте білім алушының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Жалпы оқу жылына дайындық барысы жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА және облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат МУСИН өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Классикалық стильде киінуге рұқсат

Жаңа оқу жылынан бастап 209 мың оқушы оқитын 499 мектеп жұмысынбастайды. Оның ішінде 20 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барады. Ал, оқу процесі – штаттық форматта ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап 68 колледж де студенттерге есігін айқара ашпақ. Оның ішінде 45-і – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік. Былтыр колледждің саны 69 болған. Ал, колледждің қысқару себебі – Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі мен Егіндібұлақ агротехникалық колледжі бірікті. – Жаңа оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппенің» қайта оралуы. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға оқулықтар салтанатты түрде табыс етіледі. Сонымен қатар, сабақтың ұзақтығы 45 минут болады. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты «Тәуелсіздіктің жетістіктері» тақырыбында алғашқы сабақтар өткізіледі, – дейді Гүлсім Қожахметова.

Қазақ тілінде оқытатын мектептің 6-сынып оқушылары «Музыка» пәнінің оқу бағдарламасы аясында домбырада ойнауды үйренеді. Ал, 5-8-сынып оқушыларына жаһандық құзыреттілікті дамыту мақсатында «Парасаттылық және этика», «Экология», «Эмоциялық интеллект және сыни ойлау», «Медиасауаттылық» пәндерін таңдау бойынша жаңа курстар қосылған. Айта кетейік, жаңа оқу жылында мектеп формасы бойынша талаптар қаз қалпында сақталады. Сонымен қатар, білім ордасына классикалық стильде оқушының өзіне ыңғайлы киім киіп келуіне рұқсат берілді. Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда әлі де кезекші топтар жұмыс істейді. Бүгінгі күні облыста 533 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 275-і – шағын орталық, ал, 258-і – балабақша. Оларда 1 786 кезекші топ жұмыс істейді. Егер, эпидемиологиялық жағдай жақсарса, балабақшалар толық ашылмақ.

Бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды

– Барлық білім беру ұйымдары Ashyqқа қосылған. Мектепке кірер алдында оқушы мен мұғалім міндетті түрде осықосымша арқылы өтеді. Сондай-ақ, антисептик, дезинфекциялау құралдарымен қажетті мөлшерде толық қамтамасыз етілген. Барлық ұйымдарда күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектепке жеке кіру есіктері қарастырылады, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Сабақ бір сыныпта өткізілуінен бөлек, бірнеше ауысымға бөлінеді. Ал, үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытта болады. Алда-жалда оқушы ауырып қалса, сыныбы карантинге жабылып, қашықтан оқытуға жіберіледі. Ата-аналары ауырып қалса, балаларын қашықтан оқытады. Сондай-ақ, мектепке бөгде адамдардың кіруіне тыйым салып, іс-шараларды өткізуді тоқтатты. Тамақтану режиміне келсек, асхана сыйымдылығы 30%-дан аспауы шарт.

– Дабыл түймелері мен дауыстық ескерту жүйесі барлық балабақша, мектеп пен колледжде орнатылған. Бүгінде жоспарланған 205 турникеттің 101-і білім беру ұйымына орнатылды. Қалғаны қазан айының соңына дейін орнатылады. Сонымен қатар, 500 адамнан асатын ұйымдарға күзет қойылды. Бүгінгі таңда облыстың 282 орта білім беру ұйымы мен колледжіне күзет агенттіктерімен шарт жасалды, – деді білім басқармасының басшысы.

Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақ ішеді

– Қашықтан оқыту жағдайында SDOT «bilimal.kz» және Edupage интерактивті платформалары пайдаланылады. Бұл форматта оқу үшін барлық білім ошақтарында компьютерлер жеткілікті. 2-11-сынып оқушылары үшін мектеп қорынан оқулықтар таратылды. Оқушыларды оқулықтармен мектеп қамтамасыз етеді. Осы тұста ата-аналарға оқулықтарды сатып алудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді, – деді білім басқармасының басшысы.

Жалпы оқыту қоры есебінен әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан 22 мыңнан астам оқушы мектеп, спорт және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Ал, 16 мыңнан астам оқушыға ыстық тамақ тегін берілмек.

12 білім беру ұйымында су тасымал

– Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен департамент тарапынан жаңа оқу жылына дайындық барысына мониторинг жүргізілді. Барлық мектеп материалдық техникалық жабдықтау, сапалы білім беру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тексерілді. Білім ошақтары жаңа оқу жылына дайындалғанын көрдік. Алайда, мәселелер де жоқ емес. Оқушылардың қауіпсіздігі – басты міндет. Соған сәйкес бейнебақылау камералары орнатылуда, – деді Санат Мусин.

– Тағы бір өзекті мәселе – өңірдегі мектептерді жылы дәретханамен қамтамасыз ету. Біраз білім ордаларында дәретхана ішке кіргізілмеген. Бүгінгі таңда соған байланысты жұмыстар атқарылуда. Ал, 12 білім беру ұйымы суды тасымалдап ішіп отыр. Сондай-ақ, 137 мектепте модификациялық кабинет ескірген. Оны қайта жабдықтау керек. Жаңа біліктілік талаптарына сәйкес облыс мектептерінде мектепке дейінгі және бастауыш деңгейіндегі оқушыларына жеке шкаф қажет. Қазіргі таңда облыстағы 130 мектепте ғана жаңа шкаф қойылған. Жергілікті атқарушы органдар білім мекемелеріне қажет құралдары үшін қаражат бөлді – деді Санат Қабиденұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button