«Әннің де естісі бар, есері бар»
Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, әнші, күйші, сазгер, актер Манарбек Ержанов атындағы «Сайра, бұлбұл!» аймақтық дәстүрлі ән байқауы өтті. М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында өткен шарада Қарағанды, Балқаш қалалары мен Шет, Ақтоғай аудандарынан жиналған 20-ға жуық үміткер бақ сынады.
Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Әр үміткер екі дәстүрлі әннен орындады. Бірі – Манарбек Ержановтың өз әні немесе орындаған әні. Ал, екінші ән еркін тақырыпта.
Кіл мықтының өнерін кәсіби музыкант, әнші, Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Жұмагелді Әбдіров, қалалық өнер мектебінің мұғалімі, дәстүрлі әнші, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән байқауларының лауреаты, М.Ержанов атындағы аймақтық дәстүрлі ән байқауының Бас жүлдегері Аққыз Құнарбекова, дәстүрлі әнші, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән байқауларының жүлдегері Жандос Хасенов, қалалық өнер мектебінің мұғалімі, дәстүрлі әнші, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән байқауларының жүлдегері Нұржан Жасымхан және №8 орта мектептің көркемдік жетекшісі, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән байқауларының жүлдегері Гүлғана Бидайбекова бағалады. «Бұл ретте, байқауға қатысушының киім үлгісіне, әнді орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне және дауыс тазалығына баса мән бердік» дейді қазылар алқасы.
«Құлақтан кіріп бойды алар» (Абай) әндерді әркім өз әлінше жеткізуге тырысты. Қатарында мектеп жасындағы оқушыдан зейнет демалысындағы қарияға дейін бар. Қарағандыдағы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы өнер колледжі студенттерінің қарасы қалың. Басым көпшілігі Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлын», «Әнші Біржанға» әндерін орындады. «Паравозы» мен «Көк көгершіні» де әуеледі. Сайысқа қатысушылар халық әндері мен Шашубайдың, Әсеттің, Ақан серінің, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың әндерін де нәшіне келтіріп орындады.
Сонымен, бағы мен бабы жарасқан Мадияр Өмірғалы дәстүрлі байқаудың Бас жүлдесін еншіледі. І орынға Индира Сүлейменова лайық деп танылды. Алдияр Ықылас пен Кәмила Саяділқызы ІІ орынның жүлдесін қанжығалады. Диана Нығметжанова, Гүлім Дәуренбекова (барлығы да Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері) және Дастан Исабаев (Шет ауданы) ІІІ орынды өзара бөлісті. М.Ержанов атындағы арнайы жүлдені Мәден Ноғайбеков (Балқаш қаласы) және «Көрермен көзайымы» номинациясын Ернат Әміртаев (Ақтоғай ауданы) жеңіп алды.
Қуаныш АМАНҚҰЛ.
Суретті түсірген А.ГАЛЛЕР.
БАЛҚАШ қаласы.