Ғұннан қалған құнды қазына
Қазақтың саятшылық дәстүрі – халқымыздың табиғатпен біте қайнасқан өмір салты мен рухани болмысын айқындайтын, ғасырлардан жеткен баға жетпес мәдени мұра. Кейінде ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, саятшылық өнерін кейінгі буынға дәріптеуге көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде қыран құс баптап, саятшылықты серік еткендердің қатары артып келеді. 2022 жылы Қарағанды облысының «Сарыарқа құсбегілері» федерациясы құрылып, тәжірибелі саятшылардың басын қосуға күш салып келеді. Бүгінде федерация құрамында 20 құсбегі тіркелсе, баптауындағы бүркіттердің саны 10-ға жеткен. Дегенмен, федерация жетекшісі Темірәлі Төлегенұлы ұлттық спорттың қарқынды дамуына кедергі келтіретін мәселелердің де бар екенін алға тартты. Саятшылыққа арналған арнайы инфрақұрылымның жоқтығы, жастардың қызығушылығының төмендігі дәстүрді тежеп отырса керек.

Облыстық федерация құрылғаннан бері жұмыстар жүйеленген. Қалалық және облыстық турнирлер тұрақты ұйымдастырылып, ұлттық спортты кеңінен насихаттауға басымдық беріле бастады. Ал, 2023 жылдан бастап, Қарағанды қаласындағы «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер ұлттық ат спорты мектебінің жанынан құсбегілік үйірмесі ашылды. Қазіргі таңда үйірмеде тәжірибелі құсбегі Төлеген Махамбетчин жас шәкірттеріне тәлім беруде. Бүгінде үйірмеге 24 бала қатысып, қыран құсты баптаудың қыр-сырын үйреніп жүр. Ипподромның жоқтығынан жаттығулар «Қайрат» спорт мектебінің базасында және мектепке қарасты атшабар алаңында өткізіледі. Алайда, бұл ұлттық спортты толыққанды дамыту үшін жеткіліксіз. Сондықтан, федерация алдағы уақытта құсбегілерге арналған арнайы жаттығу алаңы салынса дейді.
– Осы мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға талай рет ұсыныс айтып, түсіндірдік. Бірақ, арада 10 жылға жуық уақыт өтсе де, нақты нәтиже болмай отыр. Жалпы, өңірге заманауи талапқа сай үлкен ипподром қажет. Егер сондай нысан салынса, тек құсбегілік емес, жалпы ұлттық ат спорты түрлерінің де дамуына серпін берер еді. Бүркіт ұстайтын азаматтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан, құстарын көбіне кең далада баптайды. Ал, облыстық және республикалық турнирлер ұйымдастырылған кезде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау көрсетіліп, қатысушылардың жол шығындары өтеледі, – деді Темірәлі Төлегенұлы.
Жалпы, құсбегінің айтуынша, қыран құстар «Сұңқар», «Бүркіт» және «Қаршыға» болып үш топқа бөлінеді. Федерациясында тіркелген 10 қыранның арасында осы үш түрі де бар.
– Ауылда бүркіт ұстау дәстүрі көбіне аға буынның еншісінде. Қыран баптап, аңға салудың қыр-сырын жақсы меңгерген де – солар. Кейінгі жылдары жастар да көбіне әкесі немесе ағасы баптаған бүркіттермен түрлі жарыстарға қатысып жүр. Негізінде, бұл ұлттық спортқа жастардың қызығушылығы әлі де төмен. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өңірде бүркіт саны аз. Екіншіден, бүркіттің табиғаты мен салмағына байланысты оны баптап, қолға қондыру кез келген жастың қолынан келе бермейді. Бұл мәселені біз талай мәрте айтып жүрміз. Дегенмен, бұл спорт түріне келген адамның табиғи бейімі, икемі және құс баптауға деген ерекше қабілеті болуы қажет. Қазақ халқында «тұқым қуалайды» деген сөз бар. Бабадан жалғасқан осы қасиет пен бойында ынтасы бар жандар ғана құсбегілік өнерді терең меңгеріп, биік нәтижелерге жете алады. Қазір құсбегілер үшін маусым аяқталған. Бүркіттер түлекте. Қауырсындары жаңарып, табиғи түлеу процесі жүріп жатыр. Қыркүйек айында қайта бас қосып, құсбегілер мен қыран құстардың тізімі жаңартылады. Осыдан кейін жаңа маусым ресми түрде ашылып, дайындық жұмыстары басталады. Одан әрі өңірлік және республикалық деңгейдегі турнирлер өткізіледі, – деді Темірәлі Төлегенұлы.
Жалпы, құсбегілік жарыстары қыран құстың түріне қарай жеке-жеке өткізіледі. Оның ішінде бүркіттер арасындағы бәсеке үш кезеңнен тұрады. Алғашқы сын – қыранды құсбегінің қолына шақыру. Бұл кезеңде бүркіттің иесіне бағынуы мен пәрменді орындауы бағаланады. Екінші кезеңде бүркіт «шырғаға» түседі. Бұл – арнайы сүйретілетін түлкінің макетіне қыранды салу арқылы оның шапшаңдығы мен аңға түсу қабілетін сынайтын жаттығу. Үшінші кезеңде бүркіт тірі қоянға салынып, оның аңшылық қасиеті бағаланады. Осы үш кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған бүркіттер финалдық кезеңге жолдама алады. Егер ақтық сында екі қыранның ұпайы тең түссе, жеңімпазды анықтау үшін қайтадан шырға тартылады. Бұл жолы нәтиже уақытпен есептеледі. Яғни, шырғаны ең қысқа уақытта алған бүркіт жеңімпаз деп танылады.
Сұңқарлар арасындағы жарыс та қыранды қолға шақыру кезеңінен басталады. Одан кейінгі негізгі сын – «далбай тарту». Бұл кезеңде әр қатысушыға үш минут беріледі. Белгіленген уақыт ішінде сұңқардың далбайға қанша рет түскені есептеліп, соған сәйкес ұпай беріледі.
Қаршығалар арасындағы жарыс та қыранды қолға шақыру кезеңінен басталса, екінші кезеңде жабайы кептерге салынады. Егер Қаршыға олжасын ұстаса, қатысушыға 10 ұпай беріледі. Жарыс қорытындысында екі қаршығаның ұпайы тең болған жағдайда жеңімпаз қосымша сын арқылы анықталады. Бұл кезеңде құс қайтадан қолға шақырылып, нәтиже уақытпен есептеледі. Белгіленген қашықтықтан иесінің қолына ең қысқа уақытта жеткен қаршыға жеңімпаз деп танылады.
– Республикалық құсбегілік федерациясы жарыс ережелеріне әр үш жыл сайын өзгерістер енгізеді. Сондықтан, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстардың барлығы елімізде бекітілген ресми ереже бойынша өткізіледі. Ал, халықаралық турнирлер халықаралық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады. Себебі, ЮНЕСКО аясындағы жарыстарда аң-құсты пайдалану арқылы бәсеке өткізуге шектеу қойылған. Біз халқымыздың байырғы саятшылық дәстүрін сақтап қалу мақсатында еліміздегі жарыстарды ұлттық ерекшелікке сай өткізіп келеміз, – деді Темірәлі Төлегенұлы.
Соңғы рет наурыз айында Петропавл қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында құсбегіліктен ел чемпионаты өткен. Аталған додаға облыс құрамасының сапынан екі құсбегі қатысып, бақ сынағанымен, жүлдеге іліне алмады. Ал, оған дейін Оралда ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Темірәлі Төлегенұлы «Сұңқар» сайысында «Жұлдыз» атты сұңқарымен өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға ие болған еді. Өкінішке қарай, биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыс құсбегілерінің ешқайсысы жолдама ала алмады.
Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Тұрсын Жағыпаров – бүгінде осы ата кәсіпті нәсіп етіп, ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген саятшылардың бірі. Тұрсынның құсбегілікке деген қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. Оның саятшылық өнердегі алғашқы бағыт-бағдарын айқындап, қыран баптаудың қыр-сырын үйреткен тәлімгері – Әбіш Төребеков. Ұстазының жанында жүріп, құс ұстауды, оны қолға үйретіп, баптауды көкейге түйіп, алғаш рет Көкшетауда өткен республикалық турнирге қатысады. Ол кезде ұстазының бүркітін баптап барып, үлкен доданың ауасын жұтып, тәжірибе жинақтап қайтқан еді. Оқу аяқталған соң тіршілік қамымен қалаға ауысып, біраз уақыт бұл өнерден қол үзіп қалған. Әйткенмен, жүректегі саятшылыққа деген ықылас сөнбепті.
– Мектеп тәмамдаған соң бұл спорттан қол үзіп қалдым. Десе де, іштей қызығушылығым болды. Кейін 2021 жылы Алматыдағы арнайы тәлімбақтан балапан бүркіт сатып алып, оған «Аңыз» деп ат қойдым. Бүгінде ол 6 жасар бүркіт. Көпшілік арасында «құсбегілік – тек тектілікпен, атадан балаға даритын өнер» деген түсінік бар. Десе де, әкем аңшылық құрып, тазы жүгірткенімен, құс ұстамаған. Бәлкім, сол бір саятшылығы менің бойыма қонған болар. Қазір үлкенім Абылай құс баптаудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Алдағы уақытта маусым басталған соң дайындықты бастаймыз. Былтырғы маусымда облыстық чемпионатқа қатысып, ІІІ орын алдық. Биыл да турнирлерді құр қалдырмаймыз, – деді Тұрсын Жағыпбаров.
Бұқар жырау ауданына қарасты Шалқар ауылының тумасы Әлихан Уәлиевтің бұл салаға келу жолы да өзгелерден ерекше. Өзі – Бұқар жырау Қалқаманұлы кесенесінің шырақшысы. Бала кезінен тазы жүгіртіп, аңшылықтың қыр-сырын бойына сіңірген. 2023 жылы Әлихан киелі Бұқар баба кесенесінің маңынан бүркіттің балапанын тауып алып, ажалдан арашалап қалыпты.
– Бастапқыда жабайы құсты қолға үйрету оңай болған жоқ. Алайда, уақыт өте келе, бүркіт маған бауыр басып, далаға ұшырып жіберсем де, қайтадан өзіме келіп қонатын болды. Осыдан кейін оны асырап, баптауға бел будым. Қажетті құжаттарын рәсімдеп, «Байқоңыр» деп ат қойдым. Құс баптаудың қыр-сырын тереңірек меңгеру үшін қарқаралылық құсбегі Қазбек Нұржановпен байланыс орнатып, ақыл-кеңесін алдым. Сонымен қатар, ғаламтордан қажетті мәліметтерді іздеп, тәжірибемді толықтырдым. Құстың тілін табу, мінезін түсіну, бабын келтіру – үлкен төзімділік пен сабырды қажет ететін өнер. Қазақ халқының қанында, генінде жатқан рухани кодтың бір көрінісі. Ең бастысы – сол қасиетті оята білу. Менің әкем де кезінде Балқашта әскери қызметте жүргенде балапан бүркіт асыраған екен. Арада талай жыл өткен соң, мен де осы жолды жалғастырып, бүркіт баптап отырмын. Бүгінде «Байқоңырымның» жасы – үште. Өзім аңшылықпен айналысатындықтан, құсты күтіп-баптау, жемін беру аса қиындық тудырмайды. Қар түскеннен кейін тазыларыммен бірге бүркітімді де алып шығып, баптаймын. Аңға саламын, – деді Әлихан Мерекеұлы.
Өткен маусымда Әлихан Мерекеұлы «Байқоңырмен» Баянауылда өткен ел чемпионатында алғаш рет бақ сынады. Бүркіті жүлдеге іліне алмағанымен, тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдап қайтқан. Одан кейін Шет ауданында ұйымдастырылған облыстық жарыста 16 бүркіттің арасынан суырылып шығып, IV орынға ие болды. Бүгінде тәжірибесі толысқан құсбегі алдағы маусымда да түрлі байқауларға қатысып, бағын сынауды жоспарлап отыр.
Федерация жергілікті әкімдіктермен және дене шынықтыру және спорт бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жеке ұйым ретінде құрылғаннан кейін өңірдегі білім беру ұйымдарын, түрлі мекемелерді аралап, ұлттық спортты, оның ішінде құсбегілік өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асырған. Қазіргі таңда да осы бағыттағы игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»




