Өнертапқыш өрендер сыны

Облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштық» республикалық кезеңінің облыстық турын онлайн форматта өткізді. Екі күнге созылған дәстүрлі байқауда 21 оқушы бақ сынасты.

Өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бәсекеге 5-11-сынып оқушылары қатысты.

«Мақсат – байқау арқылы өңірдегі дарынды балаларды қолдап, техникалық шығармашылығын дамытуға жол ашу», – дейді ұйымдастырушылар. Қатысушылар тарапынан автомодельдеу – 5, авиамодельдеу – 8 және кемемодельдеу бойынша 8 жұмыс келіп түскен.

Жарыс талабына сай оқушылар жобаларын ағаш немесе темірден жасауы шарт. Әрі оны қазылар алқасының құрамына таныстыруы керек.

– Балалардың еңбектенгені көрініп тұр. Жұмыстардың бәрі бірінен-бірі өтеді. Жеңімпазды анықтау оңай болмады. Дегенмен, кемшіліктері де жоқ емес. Еңбекті жоғары бағалауға тырыстық, – дейді қазылар алқасының мүшесі Галина Петренко.

Автомодельдеу сыныбында Теміртаудағы «Балалар технопаркі» балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебінің оқушысы Максим Леонов топ жарды. ІІ орынды Теміртаудағы «Балалар технопаркі» балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебінен Дмитрий Ануприев, ал, ІІІ орынды Балқаш қаласындағы «Оқушылар сарайынан» Жандос Абуғалиев иеленді.

Кемемодельдеуде «Балалар технопаркі» балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебінен Эрик Дамер қара үзді. ІІ орынды теміртаулық Давид Колесников, ІІІ орынды балқаштық Нұрасыл Шаймұрзаұлы иеленді.

Авиамодельдеуге келер болсақ, қарағандылық Тимур Ильязов жеңімпаз ретінде танылды. Абай ауданының П.Корниенко атындағы қосымша білім беру мектебінің оқушысы Михаил Кочегуров жүлделі ІІ орынды, балқаштық Алтын Әуезханова ІІІ орынды алды.

Жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Ал, жеңімпаз атанған жас өрендер республикалық кезеңге өтті.

Ербол ЕРБОЛАТ.