Өнегелі өмір сырлары

    Адам – күрделі құбылыс. Әр адамның тағдыры өзінше әлем. Олар бір-біріне ұқсамайды, бір-бірін қайталамайды. Сондықтан шығар, «адам жанының инженері» дейтін әйгілі жазушының бірі, «Егер ұқсатып жаза білсе, әрбір адамның тағдыры – бір-бір кітап» депті. Дәл осылай екеніне таяуда ғана Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген Рымкеш Бөлекешованың «Өмірім менің – өздерің» атты ғұмырбаяндық хикаят кітабы нақты дәлел бола алады.

Кітаптың аңдатпа бетінің ең жоғары тұсындағы арнау сөзінде «Өмірімнің мәні де, сәні де, әрі де болған өмірлік сыңарым Шарапиденнің мәңгілік рухына арнадым», деп жазыпты автор.

Сонда «Бұл Шарапиден кім болды екен?» дерсіз.

Ендеше, айтайық: Шарапиден Мұрсалұлы Шоқшин – кітап авторының жолдасы. Ол кісі қырық жылдан астам уақыт адам өмірінің сақшысы қызметінде жүріп, білетіндердің бәрі «біздің сүйікті дәрігер» деп ардақтаған ақ халатты абзал жан болған екен. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бұрынғы «Буденный», бүгінгі Белағашта және Бабаевта бас дәрігер бола жүріп, еңбек жолын енді бастаған талай жасты дәрігерлік кәсіпке баулыған тәлімгер ұстаз, жетекші. Міне, солардың қатарында өмірлік жары Рымкеш Әбікешқызы да бар. Екеуі үйленген кезде Рымкеш апамыз орта мектепті енді ғана бітірген екен. Елу жылдай бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешеді. Өмірге әкелген ұлдары мен қыздарына өнегелі де өрісті тәрбие беріп, бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасайды. Бүгінде сол балалары ғана емес, олардан өрбіген немерелері де тәуелсіз еліміздің белді-белді азаматтары атанып, әрқайсысы әр салада жауапты қызметтер атқаруда.

Саналы ғұмырын халыққа қалтқысыз қызмет етуге арнаған Ш.Шоқшин осыдан бес жыл бұрын қайтыс болыпты. Егер көзі тірі болса, сексен жылдығын атап өтер еді. Десе де абзал азамат жөнінде үлкен-кіші әріптестері, қатарластары, ағайын-туыс, құда-жекжаттары, бала-шағаларының көңіл төрінде екенін солардың жан тербейтін естелік әңгімелерін шебер жымдастырып, баяндай білген автордың еңбегінен анық аңғардық. Кітап жатық та жеңіл тілмен жазылған. Жүрдек оқылады. Әр бетінен тағылым аларлық ұлылардың ойлары мен мақал-мәтелдерді көптеп кезіктіресіз. Олар кітап иесінің айтар ойын ұштап, түйіндеу үшін таңдалып берілген. Қай-қайсысы да автордың айтар ойымен орайласып жатыр.

Сөзіміздің соңында кітаптың әдеби жазбашысы белгілі публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы екенін де естеріңізге сала кеткенді жөн көрдік.

Оңласын ӘМІРҚҰЛ,

жазушы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.