Өндірісте өсім бар
Қарағанды облысы – еліміздегі көшбасшы өндіріс ошағы. Мұны жыл сайынғы өндіріс өнімінің көлемінен байқауға болады. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша да кеншілер өлкесі әлеуметтік-экономикалық дамудың табысты қарқынын көрсетіп отыр. Нақты айтсақ, аймақта экономиканың өсуі 12,5 % құрады. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалап, инвестициялар тарту, жұмыспен қамту деңгейі, кәсіпкерлік белсенділік арта түскен.
Бірінші жартыжылдықта 1,8 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліпті. Яғни, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8% өскен. Бұл ретте де өңдеу өнеркәсібінде тұрақты дамуды байқаймыз.
Жалпы, өнім көлемі 88,1 млрд теңгені құраған ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалуда. Аймақта ірі қара мал, жылқы және ет өндірісі уақыт өткен сайын өсіп, дамып келеді.
Аймақ экономикасына салынып жатқан инвестициялар көлемінің де өсуі байқалады. Жарты жыл ішінде 358,5 млрд теңге тартылған. Бұл – 2023 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 6,3% артық. Инвестициялардың басым бөлігі жеке капиталға тиесілі болса, бұл – қолайлы бизнес климаты орнағанының оң әсері.
Жыл соңына дейін облыста индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, 181,5 млрд теңгеге үш ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл – ферросиликоалюминий мен металл бұйымдарын өндіретін екі жаңа зауыт және қайталама мыс кендерін үймелі шаймалау технологиясы бойынша тау-кен өңдеу кешені.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да 100 мыңнан асып жығылыпты. Бұл саладағы өсім жарты жыл ішінде 30 мыңға жуықтаған. Демек, осынша адам өз ісін дөңгелетіп, қаншама жұртты жұмыспен жарылқап отыр деген сөз. Шағын және орта бизнесте белсенді халықтың жартысына жуығы жұмыс істейтінін атап өту керек.
Бұдан бөлек, жарты жыл ішінде облыста 266,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5% артық болып отыр. Жалпы, құрылыс көлемі жыл сайын өсіп келеді.
Көлік, жолаушылар және жүк тасымалы, сауда сынды басқа салаларда да оң динамика байқалатыны шындық.
Мұндай игілік пен жақсы көрсеткіштің бәрі тұрғындардың әл- ауқатын жақсартуға бағытталған аймақтың дамуындағы оң үрдістердің орнағанын көрсететінін атап өткен жөн.
Өз тілшімізден.