АбайАймақ

Нарықта – жаңа наубайхана

Абай ауданы, Ақбастау ауылында Ернұр БАЛТАБАЙ ауыл тұрғындарын нанмен қамтамасыз ету мақсатында «Ернұр» ЖК шағын наубайхана ашты. Кәсіп иесіне аудан әкімі арнайы грант бөліп, бастаған жобасына қолдау көрсетті. «Ернұр» ЖК шағын наубайханасы нан өнімінің бірнеше түрін Нұраталды ауылы мен жақын қоныстанған бөлімшелерге таратады. Жақын маңайды толық қамтуды көздеп отыр.

Сонымен қатар, жұма сайын наубайхана ауыл тұрғындарына тегін нан таратады. Наубайхананың ашылуы – ауыл тұрғындарының көптен күткен жаңалығы болды. Бұған дейін ауылға нан алыстан жететін. Енді нан да, тәтті тоқаштар да жергілікті жерден шығып, тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

– Наубайхананы 15-ақпанда аштық. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Үкіметтен «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 500 мың және 765 мың теңге көлемінде 2 рет грант иелендік. Газель жүк көлігін өз қаржымызға алдық. Қазір 7 адамды жұмыспен қамтыдық. Жалақысы – 60 мың. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, жұмыскер санын көбейту жоспарда бар. Күніне 500-600 нан түрін пісіреміз. Бөлке нан, батон, тоқаштың түр-түрін, торт сияқты өнімдерді сапалы дайындаймыз. Тапсырыс жақсы. Жақында «ҚазАвтоЖол» мекемесімен келісімшарт жасастық. Сонымен қатар, жол бойы кафелерін қамтамасыз етеміз. Қызылқой, Шопа, Нұраталды, Талды, Ақшоқы ауылдарына нан жеткіземіз. Наубайхана нысанының екінші жағы – дүкен, үшінші жағы – монша. Енді, екінші қабатына банкет залын саламыз. Өйткені, ауылда ас және шағын жиындарда банкет залын таппай қиналамыз. Ернұр Балтабай – өзімнің бауырым. Бағдарлама аясында оқытып, наубайхананы соның атына аштық, – дейді «Ернұр» ЖК құрылтайшысы Сайран Әлдиев.

Ағайындылар бұған дейін мал шаруашылығымен айналысыпты. Әлі де шаруашылықтың жұмысы жүріп тұр. Төрт түліктің бәрі бар. Онда да бірнеше адам жұмыс істейді. Қазір ауылдың жастарын оқытып, еңбекке, кәсіпке баулып жатыр. Нан өнімін пісіруге технологты облыс орталығынан алдырса, құралжабдықты Мәскеуден алдыртқан. Осылай еңбектің ебін, табыстың тегін тапқан еңбекқор азаматтар ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді.

Нарыққа жаңадан қосылған наубайхана, болашақта еліміздегі нан өнімін өндіретін жетекші компанияға айналып, көпшілікті жұмыспен қамтыса, мақсаттың орындалғаны дер едік. 

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button