Құнанбай қажы мешіті

     ҚР Тұңғыш Президенті Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты негізінде «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне Қарағанды облысы бойынша Қарқаралы ауданынан Құнанбай қажы мешіті еніп отыр.

Құнанбай қажы мешітінің құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы салынып біткен. Мешіт салу жөнінде 1847 жылы 16 болыс басшылары қол қойған, аға сұлтан Құсбек Тәукеұлы мөр басқан мешіт салу туралы қағаз дуанға тапсырылған. Мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтерді. Құнанбай қажы мешіті Қарқаралы округінде ислам дінін уағыздауға, балалардың хат танып, сауат ашуына көп қызмет еткен.

Қарқаралы қаласындағы мешіт құрылысын бастау туралы алғашқы тарихи дерек 1847 жылы болғандығын дәлелдейді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивінің «Пограничное управление киргизскими делами атты 374 қорында: Дело строительстве мечети в Каркаралинском селении» деп аталатын іс 32 құжаттан тұрады. Бұл іс 1847 жылдың 11 қазанында басталып, 1851 жылы 18 қыркүйекте аяқталған.

Құжатта: «Мешіт  құрылысын салу жөнінде біздер, төменде қол қоюшылар, мөр басушылар, таңбасын салушылар 5-қыркүйектегі приказға берген тілегіміз бойынша Қарқаралы селениесінде мешіт салып, оған ерікті түрде қаражат жинап береміз. Осы іске қамқоршы ретінде, жоғары басшылар алдында, мешіт салу ісі толық шешілгенше иелік басшылықты қырғыздар атынан кеңесші Қаржаубай Итқаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Бұлар приказдан қатталған баулы кітаптарды алып, ерікті түрде халықтан түскен кіріс қаражатты жазып, оны қашан құрылыс жұмысына толық рұқсат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті. Осылардың қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуі, кітапшаға кірістің дұрыс жазылып отыруы, қандай да болсын тәртіпсіздік болмауына осылар бақылау-басшылық жасайды. Қашан жоғары ұлықтардың толық рұқсаты болғанша жауапкершілікті осыларға жүктейміз. Сендіру үшін осы актіні ұсынамыз» делінген. Актіге Қарқаралы дуанына қарасты Күшік-Тобықты болысынан Құнанбай Өскенбайұлы, Қара-Әйтімбет болысынан сұлтан Төке Бөкеев, Нұрбике-Шаншар болысынан – Тәттімбет Қазанғапұлы, Көшім болысынан – Бекайдар Ұрманов, Байбөрі болысынан – Алдаберген  Еділбаев, Әлтеке-Сарым болысынан – Жанғұтты  Ботантаев, Қояншы-Тағай болысына – Қайдар   Айткелов, Карсон-Керней болысынан – Ескендір Садыров, Қарауыл-Қамбар болысынан – Тілеген  Нұржанов, Дүйсенбай-Шекшек болысынан – Ақберген  Дәуменов,  Жалықпас болысынан – Сұлтан Жәңгір қол қойған. Мешіт құрылысы  1849 жылға дейін жүре қоймаған. Құнанбай қажы 1849 жылы Қарқаралы округіне аға сұлтандық лауазымына өтісімен мешіт құрылысын қайта қолға алған.

Сол кезде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған ол 1850 жылдың 7 қаңтарында Сібір қырғыздарының шекара бастығы Клейст мырзаға жазған хатында: «Мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді. Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін», – депті. Құрылыс барысы жөнінде Құнанбай қажы өзінің баяндама хатында «Мешіт құрылысының барысы да маған байланысты – Құдай тағала ұнамды дінді нығайтып, халық имандылығын жаңғырту үшін менің қызмет бабым бойынша ескерусіз қалуға тиіс емес, сол мешітті қоғам дайындаған ағаштан салып шығуды өзіме міндет деп санаймын». Құнанбай қажының: «Сонымен қоса, мынандай пікірлер айтуға батылым барып отыр: мешіт құрылысын жүргізуге рұқсат етілген жер – өте қолайсыз деп есептеймін. Себебі, біріншіден, бөлінген жер қазыналық правианттық магазиндерге тіптен жақын. Екіншіден, құрылыс жүргізуге тар, мешіт жанынан қосымша қызметтер үшін құрылыс жүргізуге келмейді. Ондай қосымша құрылыстар мешітке керек. Атап айтқанда, иман тұратын үй, балалардың мектебін салып, сауат ашу құрылысы және көптеген қазақтар келешекте мешіт жанынан меншікті үй салып тұрғысы келеді. Әр түрлі дәрежедегі мұсылман дініндегі Қарқаралыда тұратын саудамен шұғылдануға паспорт алған татарлар, бұхарлықтар, ташкенттіктер және басқа да шетелдіктер маған тілек айтып сұранып, сіздің ұлы мәртебеңіз алдында талап-тілек айтып, сіздерге мешіт жанынан меншікті үй салуға рұқсат әперіңіз деп отыр. Бірақ, оларды бұл араға қоныстандыра қоюға болмас, саудагерлерге байланысты жағдай өзгере қалғандай болса, олар үйлерін басқаларға сатып кетер. Малмен шұғылданушыларға Қарқаралы маңындағы жерден жер беру керек болар. Үй салушыларға ағаш кесіп дайындауға рұқсат етілсе» деуі халқының болашағын ойлаған Құнанбай қажының сөзі еді. Бұған дәлел – 1851 жылы 26 ақпанда көп ұзамай Омбы генерал-губернаторы кеңсесі Қарқаралыдағы мешіт жанынан имам-молдаға, оқу орны құрылысына, аға сұлтанға, Сағыз Доғаловқа құрылыс жүргізуге рұқсат қағаз береді. Сол жылы 31 наурызда аға сұлтан Құнанбай қажының кеңесшісі Добшинский шекара бастығына мешіт құрылысы 1 мамырда бітеді деген рапорт жазып жібереді. 11 тамызда жолданған екінші рапортында мешіттің құрылысы толығымен аяқталып бітті делінген.

1848 жылы 16 наурызда шекара құрылыс басқармасының  бөліміне жазған қатынаста округтың аға сұлтаны, майор Таукин мен Күшік-Тобықты болысының управителі Құнанбай Өскенбаев өздерінің бұдан бұрын мешіт салу жөніндегі бастаманы жоғары мәртебелі ұлықтар қолдап, құрылысты жүргізуге рұқсат бергенін айта келіп, осы көктемнің басынан бастап мешіт құрылысын бастамақ ойларын айтады. «Бірақ, Қарқаралыда мұндай мешіт салуға ерікті адамдар болмай отыр. Осы себепке байланысты, Қарқаралыдағы бекіністегі ротаның солдаттарын құрылыс ісіне пайдалануға болмас па екен және оларға тиісті еңбек ақыларын төлейміз» – деген өтініш те жолданады. Осы өтінішке орай, генерал-майор Вишневскидің  атынан рұқсат қағаз келеді. Құжатта «Сіздің тілегіңіз бойынша салынатын мешіт құрылысына Қарқаралыдағы ротаның төменгі шенді солдаттарын пайдалануға рұқсат беріліп отыр. Тек олар службадан қолдары бос уақытта құрылыс ісіне араласатын болсын, келісім бойынша еңбек ақысы төленсін» деген бұйрық та келеді. Архив құжатында аға сұлтанның мешіт құрылысын 15 тамызда аяқтағаны хабарланады.

Құнанбай қажы мешітінің имамдары болып Хасан Сайфуллаұлы, Қайролла қажы Юсупұлы, Көмекбай Жетпісұлы, Сыздық қажы Амандосұлы, Оралбек молла, Мерхайдар Сейфуллин қызмет атқарған.

Кеңес үкіметі жылдары мешіт ғимараты әртүрлі мақсаттарға; тұрғын үй, қойма, кітапхана, архив ретінде пайдаланылды.

Құнанбай қажы мешітінің діни, рухани орталық ретінде қайтадан жаңғыруы Қазақстанның Тәуелсіздік алуынан басталды. 1991 жылы Қарқаралының игі-жақсыларының бастамасымен Жоғарғы Кеңес депутаты Тайыр Мансұров және сол кездегі  Қарқаралы ауданын басқарған Төлеутай Шахарбаев, Әбен Рақымжановтардың көмегінің арқасында Құнанбай қажы мешіті ғимараты мұсылман қауымына қайтарылып, мешітті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2001-2002 жылдары ішінара, 2009 жылы толық рестраврация жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде Құнанбай қажы мешіті Мұсылмандардың діни басқармасына қарайтын діни орталық болып саналады.

Құнанбай қажының Қарқаралыдағы көк күмбезді көркем мешіті – еліміздегі елеулі тарихи-мәдени ескерткіштің бірі. Біріншіден, қазақ үшін ол ұлттық сәулет өнерінің аса бағалы жәдігері, екіншіден, өңірдің көрікті жерлерін көруге келген қонақтардың алдымен ат басын бұрар қара шаңырағы. Ішіне бір мезгілде 300 адам сыйып, намаз оқиды. Мұнда жылына 150-ге жуық шетелдік турист бас сұқса, өңірлерден келген саяхатшылардың саны 1000-нан асып жығылады.

 

С.СЛАМБЕКОВ.

One thought on “Құнанбай қажы мешіті

  1. Ия. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне енуі заңды және осы мешіттің тарихи және мәдени құндылығы бар ескерткіш екендігін, мешіттің мемлекет қорғауында тұрғанында айта кеткен жөн.
    Құнанбай қажы осы мешітті салар кезіндегі ел ішінен жинаған қаржының ішінде, қалтасы кең мұсылман саудагерлерін тартқанын да айта кету керек. Атап айтқанда — Құнанбай қажы, Қарқаралы бекінісінде тұратын мұсылман саудагер , татар көпесі іБекметовтің қомақты қаржысын мешіт салуға тиімді және орынды пайдалана білді. Бұл іс мұсылмадыққа тән қасиет.
    1990 жылы Дінмұхамбет Қонаев атамыз зейнетке щығып, Қарағанды облысын аралап жүрген бір сапарында, -«Қарқаралыда Құнанабай қажы салдырған мешіт бар деп естуші едім, соны көрсетіңдерші!»-деп айтқан екен. Облыс басшылары,аудан басшылары бар бір топ адам Қарқаралыға келіп, Құнабай мешіітінің бірде-бір ағашы қалмай құлаған, фундаментің орны ғана қалған жерді Димаш атамызға көрсеткен екен. Атамыз үнсіз бірталай тұрып: «Құнанбай қажы мешіті деп мақтанып жүрген жерлерің осы екен ғой!» — деп , үндемей, бұрылып алып кетіп қалған екен.
    Осы оқиғадан кейін, 1991 жылы мешітті қалпына келтіру жұмыстары басталып, А. Пуртов басқарған «Караганда реставрация » мекемесі сол жылы мешітті Қарқаралы шыршасынан қайта көтерген еді.
    Кейін, 1992 жылы Алматының мемлекеттік мұражайынан Қарқаралы мешітінің 1911 жылы түсірілген суреті табылады,
    2005 жылы Құнанбай қажы мешіті реставрацияға тұрған кезде, аудан әкімшілігінің (Ниқан Омарбеков) сұранысы бойынша мешіттің жалпы бейнесі 1911 жылғы суретке қарап өзгертілді.
    Бұл мешіттің тарихы осындай адамдармен байланысты екенін біле жүрсін деген ойдан туды

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.