Нұра ауданында биыл 100 орындық өнер үйі бой көтереді. Мәдениет ошағының қабырғасында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер ашылады деп жоспарлануда. Білім мен денсаулық сақтау саласында да жетістіктер бар. Ауданның тыныс тіршілігі хақында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді. Өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Құрылыс – қарқынды
– Ауданды одан әрі дамытудың басымдықтары айқындалды. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Нұра кентінде 100 орындық Өнер үйін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жоба бойынша Изенді мен Ақмешітте ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жоспарланған, – деді Бақытжан Мұқанов.
Аудан орталығында 600 орындық жайлы мектеп салынады. Үш ауылдық мектеп жөнделеді және бес оқу орнында қазандықтарды сыртқа шығару жоспарланған.
– Мыңбаев ауылында дәрігерлік амбулатория, Тассуат, Мұзбел, Изенді ауылдарында ФАП-тар және Шұбаркөл кентінде, Құланөтпес, Жанбөбек, Қарой, Алғабас ауылдарында медициналық пункттер салу жоспарлануда. «Қазақстан халқына» қоры есебінен Ахмет ауылында спорт залын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл ауылда қазандықты мәдениет үйінен сыртқа шығару бойынша жұмыстар жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, биыл бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, Нұра кентіндегі саябақ абаттандырылады. Әскери шақыру пунктін жөндеу жоспарланған. 19 ауылда жарықтандыру тіректері мен ойын алаңдары жаңартылады. Қарой мен Заречное елдімекендерін жалғайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құланөтпес, Жараспай, Изенді ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы мен қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтау – биылғы меже.
Аудан басшысы былтыр тұрғындармен 100-ден аса кездесу өткізіпті. Жиынға 1926 адам қатысып, 688-ден аса мәселе көтерілген. Оның 533-і өз шешімін тауыпты. 77,5%, яғни қалған 155 сұрақты шешу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Инвестиция экономикаға қарқын қосады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты барысында инвестиция тарту қажеттілігі маңызды міндет екенін айтып, қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түсетінін және жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын атап өткен еді.
Өткен жыл басынан бері аудан экономикасына 59,7 млрд.теңгеге жуық инвестиция құйылыпты. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15%-ға артық. Олардың 95%-дан астамы – жеке инвестициялар.
«Шұбаркөл Көмір» Акционерлік қоғамының ірі инвестициялық жобасы қуаттылығы 400 мың тонна арнайы кокс өндіру зауыты іске қосылды. Жобаның құны – 60 млрд. теңге. Ауданда тұрақты жаңа 184 жұмыс орны құрылды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,7 мың бірлікті құрапты. Бұл – өткен жылдан 10%-ға артық. Шағын және орта бизнес өнімінің жылдық шығарылымы 39 млрд. теңгеден асты. Биылғы жоспарда осы көлемді тағы 2%-ға ұлғайту жоспарда бар екен.
Осы шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлер аудан халқының 30%-ын жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, былтыр 302 жұмыс орны құрылған. Жұмыссыздық деңгейі – 2,8%. Бұл – облыс бойынша ең жақсы көрсеткіш.
Осы жылдың 1 қаңтарында жасалған көрсеткішке сүйенсек, аудандағы тұрмыс деңгейі төмен тұрғындардың үлесі 1,3%-ды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер бар
Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын негізге ала отырып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі жүйелі жүргізілуде.
Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Былтыр ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 57,6 млрд. теңгені кұрады.
Дәнді дақылдардың егістік алқабы 293 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,2 мың гектарға өсті.
Мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып, жыл сайын өнім көлемі артып келеді.
Тасқынға қамданыс – тастүйін
Нұра ауданы облысымыздағы су тасқыны қаупі бар аудандарының бірі. Аудан аумағында 21 елдімекенді су басу ықтималдығы басым. Елдімекендердің басым бөлігі Нұра өзенінің арнасында орналасқан. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық жедел штаб бекітілді. Барлық су тасқыны қаупі бар елді мекендерде жергілікті хабарлау жүйесі орнатылған.
2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 8 мың тонна инертті материал, 19 мың қапшық, 32 тасымалдау сорғысы және 29 мотопомпа әзірленді. 2023 жылы «Қарағанды су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны «Қарасай» және «Файз» бөгеттерінде жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz