Шет

НҰР ШАШҚАН НАУРЫЗ

      Жыл құсындай сағындыра келетін Ұлыстың Ұлы күнін Шет ауданының жұртшылығы сән-салтанатпен қарсы алды. Берекесі мен мерекесі қатар жүрер мейрамды тойлауға келген аудан тұрғындары Мәдениет үйінің алдына күн көтеріле жиналды.

Өткен жылдан салынған Арбат алаңын бойлай ақшаңқай киіз үйлер қатар-қатар тігілді. Құтты болсын айтып, бас сұққан жанда толас жоқ. Әуелеген әуезді ән мереке шырайын аша түскен.

Мерекеге жиналған көпшілік театрландырылған қойылымды тамашалады. Ұлттық киім киіп, атқа қонған баяғының батырлары кернейлетіп, жұртшылыққа игі тілек тілесе, ертегі кейіпкерлері сән-салтанатымен шерулетіп өтті. Ақ жаулықты аналар тәттілерден шашу шашты. Аудан әкімі Марат Жандәулетов құттықтау сөзін жолдады.

Мерекеде әсем ән бір сәтке толастамады. Киіз үйлердегі ақ дастарқандар ұлттық тағамдардан қайысты. Наурыз көже жұртшылыққа ұсынылды. «Ең ұзын бұрым», «Ең үлкен шелпек», «Ең үлкен бауырсақ» конкурстары ұйымдастырылды.

«Ең ұзын бұрым» байқауында 121 см бұрымы бар зейнеткер Рымтай Кенетайқызы топ жарды. Кейінгі орындарға Айзат Аманбекова мен Әсел Ниязова лайық деп танылды.

Диаметрі 60 см болатын шелпек пісірген аудандық орталық аурухана маманы Айгүл Төребекова «Ең үлкен шелпек», диаметрі 39 см болатын бауырсақ пісірген «Шет Коммунсервис» МКК-нің қызметкері Айгүл Хасенова «Ең үлкен бауырсақ» байқауында жеңімпаз атанды.

Бұл күні балалар тегін палаудан дәм татып, мәре-сәре болды. Мереке күні «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бұлақ көздері тазартылды.

Спорт сайыстары да көрермен жұрттың ерекше қызығушылығына ие болды. Салмағы кемі 50-60 келі болатын қойды көтеруден жарысқан жиырма жігіттің арасында 70 мәрте отырып-тұрған Бексұлтан Болысбеков мықты шықты. Қол күресінде Асхат Амантаев жеңімпаз танылса, Абылай Мұратов пен Самат Амантаев екінші, үшінші орындарды иеленді. 24 келі кір тасын 42 мәрте көтерген Сағындық Қанатқа ешкім тең келмеді.

Қазақ күресінде 70 келіге дейінгі салмақта Нұрқас Дидар жеңімпаз атанса, Арыстан Шеңгелбаев екінші, Нұрқан Есмағанбетов үшінші орынға табан тіреді. Ал, түйе палуан белдесуінде Самат Амантаевқа қайрат көрсетер балуан болмады.

12 команда қатысқан арқан тарту сынында «Шопа» командасы жеңімпаз деп танылды. Одан кейінгі орындарды аудандық жасөспірімдер спорт мектебі мен Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия командалары иеленді.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button