Ән падишасына – Арқаның дүлділі үн қосты
Жақында асқақ үні жұртының жұмыр жүрегін тербеп, тыңдаушысын өрекпітіп жіберетін күміс көмей әнші Сержан МҰСАЙЫННЫҢ сүйіншілеген жаңалығы елді елең еткізді. Ұлы өнерге жаны құмартқан, көмейінен ән ұшырып жабырқағанды жұбатқан Сержан, қазақтың дүлділі Әміре ҚАШАУБАЕВ туралы фильмде танымал тенордың әндерін орындап, тыңдарманды тамсандырды.
Фильмді түсіру барысында, кастингтің қорытындысы бойынша дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, КСРО халық әртісі, әнші Әміренің композицияларын орындаушы ретінде таңдау, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің жетекші солисі, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Домбырамен ән айту» бөлімінің меңгерушісі Сержан Мұсайынға түсіпті.
Киноның Саундтрегі бүгінде АҚШ-та жазылып жатыр. Фильмде 1925-ші жылы Әміре Қашаубаев Париж көрермендерінің жүрегін жаулап алған композициялар қойылатын көрінеді. Танымал қазақ тенорының Париждегі айрықша жетістігі мен оның трагедияға толы өмір жолы туралы фильмнің екі жұмысының бірі «Әміре», екіншісі «Париждегі ән» деп аталыпты. «Қазақфильм» тапсырысымен «Moving» американдық киностудиямен түсіріп жатқан фильмге голливудтық, ресейлік, латвиялық және қазақ киноиндустрия мамандары жұмылдырылыпты. Ал, фильмнің қоюшы режиссері – Джефф Веспа, оператор – Максим Осадчий. Басты ролді қазақстандық актер Санжар Мәдиев ойнаса, Мұстафа Шоқайдың бейнесін Еркебұлан Дайыров сомдайды. Кино желісінде Әміре Қашаубаевтың «ЭКСПО» шеңберінде Парижде өткен Дүниежүзілік музыкалық байқауды еуропалық көрермендердің жүрегін жаулағаны туралы өрбиді. Фильмнің түсірілім жұмыстары Ригада және Алматы қаласының маңында өтіпті.
Айтулы фильмдегі әндерді орындау Сержан Мұсайынға оңайға соқпаты. Биіктен сорғалап төгілетін, ескен желдей, еркіңді баурар Әміре салған әндердің өзгелерден шоқтығы биік тұрғандығын да әнші тілге тиек етті. Әсіресе, домбырасының термелеп қағысы мен әннің ырғақ ағысы қатар үндескен әндері-қазақтың өнер тарихына енген ерекше дүние. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлы сағыныш-күйінішін, жан тебіренісін, жазиралы дархан даланың жұпар иісін, көз алдыңа келтіретін ән өнері өзінің саздылығымен де, ұлттық болмыс бітім мінез-құлықты танытуымен де айрықша. Осынау көріністі, көрерменнің көз алдына әкелу үшін де «Балқадиша», «Үш дос», «Бес қарагер» және «Дудар-ай» секілді әндерін орындау барысында үлкен шеберлік қажет екендігін Сержан Мұсайын атап өтті.
Ән падишасы Әміреге арналған фильм осы жылы көрермен назарына ұсынылмақшы.
Нұрдос КӘРІМ