Руханият

Нөкістегі наурыз

Бір кездері Қазақстанның құрамында болған, бүгінде бес жүз мыңға жуық қазақ тұратын Қарақалпақстанда туыппын. Көзімді ашқаннан қазақы тәрбие алып, қазақ мектебінде оқыдым. Салт-дәстүрімізді санама бір кісідей сіңіріп өстім. Ол жақтағы қазақтар да, қарақалпақ ағайын да ұлттық әдет-ғұрыпқа сай, Ұлыстың Ұлы күнін ерекше тойлайды.

Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылатын сенбіліктер, аулаларға жүргізілетін тазалау жұмыстары көңілге қанат бітіреді. Арықтар аршылып, бұлақтар тазаланады. Үй маңындағы шағын алқаптарға бақша дақылдары егіле бастайды. Наурыз айы осындай ұйымшылдық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды елге. Жаңа жыл лебін жан-тәнімен сезініп, бар жақсылықтың бастауы іспеттес Наурызды ынтымақтаса тойлауға дайындалады.

Мейрам аясындағы шаралар 21 наурызда басталып, 1 сәуірге дейін жалғасады. Республиканың әр аумағынан келген делегация өкілдері ел астанасы Нөкіс қаласының орталық стадионында өтетін салтанаттың көрігін жергілікті қауыммен бірге қыздырады. Осы кезде дүбірлі думан тұтас ел аумағында өтіп жатады.

Қарақалпақстандықтардың аңсап күтетіні – Наурыз бәйгесі. Ауыздығымен алысқан асыл тұқымды Түркімен сәйгүліктері – бәйгенің көркі. Ол жақта атбегіні, жылқы баптайтын адамды «сейіс» дейді. Бәйгеқұмар қауым тайлы-тұяғымен келеді атжарысқа.

Басты бәйгеден бір күн бұрын өтетін бәйге – «Ошақшабыс». Онда жүйріктер әдеттегідей айналма жолмен емес, бір бағыттағы қашықтыққа шауып жарысады. Бұл – үлкен бәйгеге дайындық. Үлкен шабыста 9-10 айналымға шабады жаратылған тұлпарлар. Бәйге ауылдың құмды аймағында өтеді.

Мереке бағдарламасының ең қыза түскен тұсында арқан тартыс, асық ату, алтыбақан тебу, кір тасын көтеру және тағы да басқа ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ат құлағында ойнайтын қыз-жігіттер қыз қуудан бағын сынайды. Қазақ күресінде әр салмақ бойынша бас балуан анықталып, ең үздік балуанға «Түйе балуан» атағы мен бас жүлде беріледі.

Тағы бір ерекше ойын түрі – қошқар сүзістіру. Оған әр ауылдың, ауданның мықты қошқарлары қатысады. Бәйгеге қосылатын сәйгүліктер мен сүзістірілетін қошқарлардың лақап аттары болады.

Қораз төбелестіру бәсекесі де Наурыз мейрамында өткізіледі. Аталмыш сынға, әрине, ең таңдаулы қораздар қатысады.

Мейрам құрметіне жергілікті әкімдіктің есебінен бірнеше ірі қара сойылады. Тайқазанға палау пісіріліп, елге тегін таратылады. Дайындалатын наурызкөже мен сүмәләктің жөні бір бөлек. Дәмі жыл бойы таңдайыңнан кетпейді. Жұртшылық табақ-табақ бауырсақ пісіріп, дастархан жайып, бірін-бірі қонаққа шақырады. Қыстан қалған сүр ет, қақталған жеміс-жидек, көкөністің барлық түрін Наурыз дастарханынан табасыз. Қысқа сақталған қауын-қарбыздың да соңғылары осы мейрамда шығарылады. Ақсақалды аталар, жасы үлкен ағалар жастарға бата беріп, Жаңа жылға жеткізгеніне «Аллаға шүкір» десіп жатады.

Күн жылып, көк шыққанда, ұлттық киім киіп Наурызды тойлауы, атамекенінен алшақта жүрген қазақтарды ерекше сезімге бөлеп, сағыныштарын аз да болса да сейілтері хақ…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button