Жаңалықтар

Ән-құдірет һәм Құлагер… Әнші Мейірхан Адамбеков жайлы мөлтек сыр

Студент кезім. Бітіруге жақын елең-алаң шақ. Бірде Қарағанды қаласында бір мерекелік іс-шара болды. Елімізге қайта оралған Наурыз мейрамы-ау деймін. Нөпір халық. Әуелеген әннің үстінен шықтық. «Базарың құтты болсын, ардақты елім!..», әрі қарай «Қоянды, Қарқаралы, сұлу Көкше, Сарыарқа», «Жер шоқтығы – Көкшетау! Тал, қарағай, бақша-бау…» – дей келетін ән иірімі өзіне тарта жөнеліп, мені ХІХ ғасырдан бірақ шығарды… Осынау орындалған әнді атақты Біржан салдың әні екенін жобаласам да, келістіре айтқан әншінің кім екенін білмедім. Дегенмен, осы ән, осы әнші, осы әсер көңілді жиын аяқталғанша, онан кейін де көңілімде тербелді де жүрді…

1990 жылдардың басында Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды бітіріп, алғашқы еңбек жолымды «Замандас» деп аталатын жастар басылымынан бастап едім. Әлі есімде, бір күні Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында белгілі әртіс, өнер жұлдызы Жәмилә Шашкина апамыздың мерейтойы өтетін болды. Редакцияның жұмыстарымен кештетіп келіп едік, думан басталып кетіпті. Театр толы халық. Мерейтой барысында баяғы ғаламат әнмен қайта қауыштым. Бұл жолы әлгі әсерлі әнді айтқан Мейірхан Адамбеков дейтін қарағандылық әнші екенін білдім. Бұл – Мейірхан әншіні екінші рет көруім. Көп ұзамай танысып, жақын араласудың да реті келді. Өйткені, біз жастар газетінің тапсырмасымен Қарағанды, Жезқазған аймағының барлық мәдени орындарында, онда өтетін түрлі іс-шараларда жүретінбіз. Ал, Мейірхан мен Жақсыкелді ағаларымыз сол мәдени шаралардың барлығының ортасында болатын. «Замандас» жастар апталығына Мейірхан ағаның өнері жайлы, ешкімге ұқсамайтын әншілік мәнері туралы бірнеше материалдар жарыққа шықты. Сұхбат түрінде де, очерк ретінде де, ұжымдық концерттер жайында да, оқырмандардың сұрауы бойынша да біраз дүниелер басылды. Мұндағы басты мақсат – жастарға, жас өнерпаздарға Мейірхандай ақтаңгер әншінің адамдық болмысын, азаматтық тұлғасы мен талант-дарынын үлгі-өнеге тұту еді.

Ән әлеміндегі Мейірхан ағаның өнерпаздық тұлғасы ерекше еді. Азаматтық болмыс, табиғи қарапайымдылық, өзіндік ырғақ, мақпал мақам, сыршылдық, талғампаздық, ерен еңбек, өнер үшін төгілген тер бәрі әдемі үйлесе келіп, өрелі өнер иесіне айналдырды. Әнші өзінің әнқоймасындағы халық әндері және халық композиторлары Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Шашубай, Естай, Ғазиз, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, сондай-ақ, Абайдың әндерін ұлттық ою-өрнек, бояу-нақышпен төгілтіп айтқанда көпшілік қауым көңілмен ұғып, жүрекпен сезінетін. Осы бай репертуарға тағы бір шоғыр қоссақ, олар: Ақылбай Абайұлының «Ақылбайдың әні», Қасым Аманжоловтың «Ақсәулесі», Ілия Жақановтың «Балқантау аққулары», Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөлі», Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әндері. Бұл керемет туындыларды Мейірхан ағамыз айтқан кезде әннің құдіретті нотасын дәл тауып, сым пернесін тап басып, жүректерге жақсы жеткізе білетін. Мейірхан Адамбеков – ел іздеп жүріп тыңдайтын талантты әнші екенін бәрі айтып-жазып жүр. Шындығында, талғампаз әншінің таңдап алған әндерінен қазақ болмысын, даланың дархан келбетін, керемет жайлауын, таулы жердің әсем көрінісін, туған жердің аппақ таңдары мен тылсым түндерін және қазақ махаббатын көргендей күй кешуші едік.

Cонау бір жылдары күз айында Мейірхан ағаммен базардың маңында кездесіп қалдым. Ығы-жығы халықта шаруасы жоқ, аспанда тізіліп, қайтып бара жатқан құстарға көз жіберіп, ойланып тұр екен. Жақын келіп, амандасып: «Меке, адамдары жанталасқан мына базарда қайтқан құстарды қызықтап тұрсыз ғой» деп едім, ол кісі: «Көк жүзінде барады құстар қайтып…» деген әйгілі әннің алғашқы жолын әуелетіп, «Бәрі де сағыныш қой… Құстар кетіп бара жатыр, қоштасып тұрмын. Көктемге дейін сағынамыз ғой…» деп айтқаны есімде қалыпты. Уақыт өте келе, Мейірхан ағамның орындауындағы «Сағындым ғой» дейтін керемет сыршыл әнді тыңдадым. Сол көңілсіз күз, сол қайтқан құстар легі, көк жүзіне қарап, мұңайып тұрған әнші бейнесі көз алдымда тұрып алды. Өз көңіл-күйіндегі әнді қалай дәл тауып алғанына қайран қалдым. Бір байқағаным, Мейірхан аға осы әнді айтқан кезде ән мәтініндегі «жаныма мұң» дейтін тұсында «мұң» деген сөзге ерекше екпін беретін еді. Өмірдің қысқалығы, уақыттың жылдам өтетіндігі – адам баласына қашанда мұң мен өкініш арқалатары сөзсіз ғой. Сол әнді айтқанда Мекеңнің бар сағынышы, бар көңіл-күйі әлгі сөзге түсетін секілді көрінетін маған. Иә, сосын Сарыарқада әуелеген әдемі ән қалықтаған қырандай айналып жүретін. Ән болмысында құлын күндерді сағыну, көкорай көктемге келетін жастықты аңсау, аққудың айдынынан көтерілер тұсы, сарыала қаздың қиқулы сәті, қарлығаштың қарашаңырақты қимай қиналған кезі елес беретіндей. Атамекенге табыну, ауыл мен бауырды сағыну – біздің ұлтымызға тән ерекшелік, сәулелі де шуақты сезімдердің бірі. Осылай болмыстың бозторғайын бебеулетіп, жалған дүниені шыр айналған ән-құдірет иесін тапты. Ал иесі көпшіліктің көңілдерін көлдетті, сезімдерін селдетті…

Академик Ғабдолла Құлқыбаев ағамыз әнші жайлы бір пікірінде: «Ол айтар әнін таңдауда аса талғампаз, аса кірпияз, шеберлігін шегіне жеткізе шыңдаған. Құдай берген бұлақ суындай мөлдір, кәусар даусын қандай ғажап меңгерген десеңізші. Әннің әрбір иірімін, қалтарысын, көп құлаққа естіле бермейтін тылсым дыбыстарын Мейірхандай тыңдарманға жеткізетін әнші сирек-ақ» деген екен. Құнды пікір. Бұлай қорғасындай құйылып, тамаша қалыптасуына да үлкен негіз бар. Ең әуелі Жаратқан Иесі сыйлаған табиғи талант, нағашы жағынан дарыған далалық дарын 11-12 жасында қолына домбыра ұстатты. Туып-өскен жері – Қарқаралыдай кербез сұлу мекен. 1976 жылы 17 жасында сол Қарқаралыдағы «Салтанат» ән-би ансамблімен Францияға барып, халықаралық фестивальге қатысып, Әміреге ұқсап ән айтуы да – болашақ әншінің бұлақ көзін аша түскендей. Бұған қоса, қазақ ән өнерінің дүлдүлі, жерлесі Жүсіпбек Елебеков атасы мен Хабиба анасының ақ батасы, өнер оқуындағы ұстазы Жәнібек Кәрменовтің тәлім-тәрбиесі десек, әрі қарай зерек те зейінді, елгезек жасқа – өнердің өзі есігін айқара ашқан.

Бар саналы ғұмырын өнер өлкесіне арнаған өнерпаздың ұлт руханиятына қосқан үлесі зор екенін айтсақ, оның біріншісі – дәстүрлі әннің тамырына қан жүгіртіп, халық арасында кеңірек насихаттау болса, екіншісі – осы салада көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұстаздық қызметі. Ұлағатты ұстаз бола жүріп, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін көп жылдар бойы басқаруы да – талантты жанның тағы бір қырын танытқандай.

Әрине, өмір бойғы еселі еңбек те еш кеткен жоқ. 1980 жылғы республикалық Әміре Қашаубаев атындағы бірінші әншілер байқауының лауреаты. Жоғары санатты ұстаз. ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері». Қарағанды облысы әкімі «Алтын қобыз» сыйлығының «Жыл әншісі», «Халық әндерін үздік орындаушы» аталымдары бойынша иегері. 2008 жылғы ҚР Президенті қолдауындағы «Мәдени мұраны жаңғырту» республикалық жобасының «Күміс көмей» аталымы бойынша жеңімпазы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Бұл – мемлекеттік марапаттар. Ал, әнші үшін, жалпы өнер адамы үшін – халықтың алғысы мен сый-құрметінен асқан жоғары атақ жоқ шығар. Мейірхан әншіде мұндай халық марапаты арнасынан асып төгіледі. Ән әлеміндегі, өнер көгіндегі жұлдызды сәттер тек өз елімізде ғана өткен жоқ, шет елдерде – Франция, Австрия, Швеция, Голландия, Болгария, Германия, Венгрия, Ирак, Түркия, Ресейлердің де сәнді сахналарында қырандай қалықтады. Мәди Бәпиұлы атындағы, Жүсіпбек Елебеков атындағы, Қасым Аманжолов атындағы, тағы басқа да бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық әншілер байқауларының ұйымдастыру істеріне атсалысып, әділқазылар алқасының мүшесі болғаны да – өнерге деген адалдық пен жанашырлықты таразыға тартқандай. Сонымен қатар, Арқа аймағында дәстүрлі әнді дәріптеуші ретінде өзінің мектебін қалыптастырды.

Мейірхан ағамыздың ұстаздары – алдыңғы толқын, аттары аңызға айналған ән-тұлғалар дедік. Дәл қазір шәкірттері де – алдына қара салмайтын дарабоз әншілерге, өз саласының майталман мамандарына айналды. Кәсібиліктің шыңын өзінің табиғи талантымен, бойға біткен дарынымен ұштастыра білген Мекең ұстаздары мен шәкірттерінің арасындағы алтын көпір болды. Осы алтын көпір, сом алтынның сынығы, жезтаңдай әнші Мейірхан Сәйдіұлының да мынау өмірден өткеніне жылдан асыпты. Осындайда хакім Абай: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!», – дейді ғой. Мейірхан ағаның да артында өлмес өнері, әуелеген әндері қалды. Алаш руханиятының алтын қорында ағамыздың алтын даусы қалды. Жаратқан Иеміздің пешенеге түсірген, маңдайға жазған өлшеулі өмірі мәңгілік ән-ағысқа айналды. Өнер атты алып мұхитқа Сіздің жасап кеткен ән-ағысыңыз толқындана қосылып, «Мейірханның ән мектебі» талай-талай ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген тілекниетімізді білдіреміз.

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, ғазиз жаныңыз пейіштің нұрымен шалқысын, аяулы Аға!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button