Ғұмыры – азаматтық өлшемі
Шахтинск қаласы – аймақтағы ірі өндіріс ошағының бірі. 1961 жылы құрылған қала Шахан, Долинка, Жаңа Долинка сынды үш қалатектес кентті қамтиды. Осы қаланың гүлденуіне өзінің ғұмырын арнаған инженер-құрылысшы Сәдуақас СМЕТОВ ағамыз 80 жастың сеңгіріне шығып отыр…
Сәдуақас аға Қарағандыға өзі сұранып келген. «Ол кезде Қарағанды одақтас елдер арасында ең беделді қалалардың қатарында еді. Көмір өндіру бойынша одақтағы № 3 бассейн болып есептелетін. Қарағандыға келіп еңбек ету осы өндіріс саласында білім алған жас мамандардың арманы еді» деп еске алады өзі.
Қызылорда облысының, Арал ауданында туған, Сырдарияның шипалы суына шомылып өскен кейіпкеріміз тағдыр жолының өзге аймақта өрбитінін сезді-ау, сірә…
Балықшының отбасында дүниеге келген ол Ташкент Орта-Азия политехникалық институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақ, өзбек, орыс тілдеріне жетік Сәдуақас Сметов ағамыз бүгінде – Шахтинск қаласының Құрметті азаматы. Қозғалысы тың, қимылы ширақ, жүрегі әлі жас, көзі оттай жанып тұр. Қаланың әр бұрышында оның ерен еңбегі жатыр. Қала халқы оны құрмет тұтады.
Өзінің айтуынша, қаланың жылу жүйесіне жауапты қызметте болғанда жыл сайын еңбек демалысына қазан айының соңында кетеді екен. Өйткені, қаланың жылу жүйесін толық іске қосып, көңілі жайланып бір-ақ шықпаса, елді ойлап мазасы кетеді. Бұл да кәсіпке адалдық, азаматтық парызын шынайы сезіну дер едім.
Өмірдің сан қилы белестерін артқа тастап, темірдей тәртіп пен тас-түйін тәрбиенің арқасында жалқаулықты жанынан мәңгілікке аластап, елі үшін қалтқысыз қызмет еткен Сәдуақас ақсақал бүгінде Шахтинск қалалық ардагерлер кеңесін басқарады. Қызметіне адал, өте қарапайым. Оның қарапайымдылығы мен адалдығына, адамгершілігіне тәнті болмасқа амал жоқ. Шахтинск қаласындағы 5 соғыс ардагерін, 374 тыл ардагерін, 10 453 зейнеткердің бәрін таниды, үнемі жағдайларын біліп, мереке сайын және туған күндерінде құттықтап, қабырға газетін шығарып, сыйлықтар жасап тұрады екен.
Қала бойынша жұмыс жасайтын 21 бастауыш ардагерлер ұйымның 14-і мектептерде болса, 7-і шахта, өндіріс орындарында, мекемелер мен ұйымдарда, ТКШ-да жұмыс істейді.
2012 жылдан бергі осы лауазымда қызмет атқару барысында көптеген жетістіктерге жеткен. Әріптестерінің бірлігі һәм ынтымағының арқасында «Солдаты Победы. Карагандинцы в годы Великой Отечественной войны», «Ер есімі – ел есінде» атты кітаптарды да шығарып үлгерген. Бұдан бөлек мектептер мен мекемелерде жарық көріп жатқан дүниелердің, жазылып жатқан мақалалардың есеп-саны жоқ.
Алғашқы еңбек жолын 1959 жылдың 20 наурызынан «Караганда-Жилстрой» тресінің «Фундаментстрой» құрылыс басқармасында мастер-прораб болып бастаған Сәдуақас ағамыз бойындағы бар біліктілігін, ынтажігерін, күш-қайратын қаланың гүлденуіне жұмсады. Әскер қатарында 3 жыл Беларусь жерінде болғанда да, еңбекқорлығымен көзге түскен. Саналы ғұмырында көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарыпты.
Елдің сенімі мен бойындағы адамгершілік қасиеттері бір сәт те адастырмаған. Қалалық мәслихатта 2 рет депутат болып сайланғанда да елдің үмітін ақтап, адал еңбек ете білді.
– Аға, Аралды сағынасыз ба? – дегенімде көзіне сағыныштың мөлдір тамшылары іркілді де, қайтадан қайратына мініп, әңгімеге кірісті.
Көзіндегі, бойындағы өмірге деген құштарлық пен елге, жерге деген үлкен махаббат айбаттандырып тұрғандай. Қулық пен сұмдықтан ада, тарихқа айналып бара жатқан дәуірдің нағыз қазына кеуде абызы дерсің…
Бүгінде Күлия анамыз екеуі бақытты, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өмірдің бар қиындығын бірге жеңген. Бар қызығына куә – осы қала. Киелі Жаңаарқаның қызы шаңырағын шайқалтпай, ағамызды хан сияқты күтіп, өзі ханшадай ғұмыр кешіп келеді. 2 қыз, 1 ұл, 4 немере, 2 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты ата-әже. Ұлы мен қыздары да келіндері де жауапты қызметте бүгінде.
Адал атқарған еңбегі үшін Сәдуақас Сметов – «Құрылыс саласының үздігі», «Еңбекке адалдығы үшін», «ҚР Конституциясының 25 жылдығы», «Шахтинск қаласының 55 жылдығы» медальдарымен және Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Ендігі арманы – келесі жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, осы атқарып отырған қызметін сенімді, көзінде оты бар жас маманға тапсырып, зейнетке шығу. Дегенмен, қадағалап, хабар алып отырамын дейді.
Есімі елге мәлім, көшелерге аттары берілген Язев, Бадин секілді беделді тұлғаларды өзіне ұстаз санайтын Сәдуақас Сметовтің саналы ғұмыры кейінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Жәлел ШАЛҚАР.
ШАХТИНСК қаласы.