Қарағандыда сұлулық салонынан ақша ұрлаған екі күдікті ұсталды
Қарағанды қаласында өзі жұмыс істейтін сұлулық салонынан ақша жымқырған қызметкер мен оның сыбайласы қолға түсті, деп хабарлайды Полиция департаменті.

Күдікті салондағы жұмыс тәртібімен, жұмыс уақыттарымен және ақша сақталатын орынмен жақсы таныс болған. Сыбайласымен бірге салонға заңсыз кіріп, кассадағы қомақты көлемдегі қаражатты алып кеткен.
Оқиға салон ішіндегі бейнебақылау камераларына түскендіктен, полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсіп, оларды жедел түрде анықтаған.
Салон иесі таңертең жұмысқа келген кезде ақшаның жоғалғанын байқаған, осыдан кейін полицияға хабар беріп, оқиға бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде екі азаматтың қаладан шығып кетуге әрекет жасағаны белгілі болды. Нәтижесінде ол әрекеттері сәтсіздікке ұшырап, полиция қызметкерлері оларды теміржол вокзалында ұстады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, күдіктілердің әрекеттері және келтірілген материалдық шығын көлемі нақтылануда.
Полиция күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталатынын еске салады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



