Жаңалықтар

Монополистердің мейірімі қанша пайыз?

«Тариф!» десе, қоғамның талағы тарс айырылатын кеп кигелі кеше, я бүгін емес. Қоғамның бұл жарасын жалап жаза алмай жүргеніне талай жыл. Өзі Құдай емес, не Құдайдан былай емес монополистердің коммуналдық қызметтерін қызын берген құдадай бұлдауы – әзірге тыйылды. Осы жаңа жылда олар «кері есепке» көшті. Яғни, тарифтерін тиындап, теңгелеп, төмендетті. Басқаны қайдам, бұлайша арзандау Қарағанды жұртшылығына, құзырлы орындардың айтуынша, 3,2 млрд. теңгесін үнемдеуге мүмкіндік. Содан отын-судың қазан-ошағын, жарықтың шақпағын, пештің көсеуін ұстаған монополистер қарағандылықтарды несімен қарық қылды? Монополистердің мейірімі қанша пайыз?

ПӘРМЕН МЕН ДӘРМЕН ҮЙЛЕСІМІ

Қош, сонымен, құлындай шырқыраған бұқараның тариф туралы жан дауысы жоғарыға қарашада қайтқан құспен, әлде, басқалай ма, әйтеуір, жеткен-ді. Жеткендігі сол, Қауіпсіздік кеңесінде Мемлекет басшысы қызмет ақысын негізсіз қымбаттатқан монополистерді жазаға тартуды тапсырған. Оған қоса, тарифтерді төмендетуді және міндеттеген-ді. Обалы нешік, сол міндетті орындауда Үкімет мүлт кеткен жоқ. Президент айтқан соң атқа қонған Үкімет өңірлердегі монополистерді бақылауға алды. Бас Прокуратура коммуналдық қызметтерге тариф белгілеу саласында анықталған бұзушылықтар бойынша Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарағаны да белгілі. Бірқатар аумақтық департаменттердің лауазымды тұлғалары сонда сөгіс арқалаған. Содан болар, сірә, әншейінде еңірегенде етегі жасқа толатын монополистердің тәубесін еске түсірген. Әйткенмен, қаншалықты? Қайсыбір қызмет 5 пайыз, кейбіреуі 10 пайыз шамасында ақысын азайтты. Бұл туралы сейсенбіде Президент қабылдауында облыс әкімі Ерлан Қошанов та Мемлекет басшысына мәлімдеді. Көп емес, әрине, бірақ сеңнің қозғалғанына, монополистердің беті бері қарағанына жұртшылық разы.

ҰРМАЙ СОҚҚАН, ТЕСПЕЙ СОРҒАН

Ресми орындардың мәлімдеуінше, облыста жылумен, электрмен жабдықтау, су, газ, лифт, қоқыс шығару, ПИК қызметтерінде 5-10% аралығында қызмет көрсету ақысы төмендеді. Атап айтқанда, жылу – 5%, электр қуаты – 8%, газ –7%, су – 5%, лифт – 5%, қоқыс шығару – 10%, ПИК – 5%-ға төмендеуі тиіс еді.

Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, жалпы алғанда Қарағанды аймағы тұрғындарының 3,2 млрд. теңгесі қалтасында қалмақ екен.

Сол Қауіпсіздік кеңесінде жалпы елдегі монополистердің бетін шиедей ететін деректер жария етілді, естеріңізде болса. Үкіметтен шығындары үшін 1 трлн.теңге алғандығы, бірақ құрал-жабдықтарының сол бәз-баяғы қалпы қалғандығы. Сөйте тұра, 2009-2015 жылдарға арналған «Инвестицияның орнына тариф» бағдарламасының мерзімі өтсе де, төмендетілуі тиіс тариф сол қатқан қалпы қалған. Соның салдарынан, елдегі тұрғындардың қалтасы миллиардтаған теңгеге қағылған. Заңсыз кіріс тауып, қарнын да, қалтасын да қампайтып үлгерген жер-жердегі монополистеріміз. Былайша айтқанда, ұрмай соққан, теспей сорған.

Бұған дейін облыстың табиғи ресурстарды реттеу және бәсекелестік, тұтынушылар құқын қорғау департаменті жария еткен мәліметтерде Қарағанды аймағындағы заң бұзған қызмет көрсетуші ұйымдар белгілі болған. Олардың жалпы негізсіз тапқан кірісінің көлемі 1,8 млрд. теңге шамасында. Оның ішінде, айыппұлдары, тұрғындарға негізсіз тарифпен ақы алуы да бар. Мұндай өктемдік негізсіз тарифті қолданған субьектілердің саны отыз шамасында деп мәлімдеген еді. Оның арасында Қарағандының ірі монополистерімен бірге, қала, аудандардағы монополистер де бар.

Қарағандыда су – «зәмзәм»

Ал, енді өз қотанымызға қайта оралсақ. Осы жылдың қаңтарына дейін Қарағанды бір текше метр суға –110 теңге төлеп келді. Бүгінгі , 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталған тариф – бір текше метрге – 104,75 теңге қосымша құн салығын қоса есептегенде. Ыстық су бұрын 343,44 теңге, қазір – 337,91 теңге (ҚҚС-мен). Жылу 115, 47 теңгеден – 112,36 теңгемен берілмек тұрғындарға. (Бұл арада біз тұрғындар үшін ең маңызды коммуналдық қызметтерге тоқталып отырмыз. Деректер «Қарағанды су» және «Қарағанды жылусбыт» ұйымдарының жария еткен мәліметтерінен алынды). Жария етілген деректерге сүйенсек, Тараз – 41 теңге, Астана – 46 теңге, Орал – 47 теңге, Семей – 50 теңге, Қызылорда – 54 теңге, Талдықорған – 60 теңге, Петропавловск – 69 теңге, Көкшетау – 78 теңге, Ақтөбе – 82 теңге, Ақтау – 85 теңге, Қостанай – 95 теңге, Атырау – 97 теңге, Шымкент – 97 теңге екен судың құны. Бұдан бөлек, кәріз жүйесі мен ыстық судың құны да Қарағандыда өзге қалалармен салыстырғанда қымбат-тын. Сол себепті бұл тарифтердің сырына алдағы уақытта тағы бір үңілмекпіз. Қымбат тарифтің қалай құралатындығына  арнайы тоқталамыз.

«Жалғыз үйдің қарғасы»

Монополистердің миығынан күліп, заң-зәкүнді белінен бытырлатып басуына не түрткі? Дандайсытып жіберген нарықтың заманында – бәсекелестіктің жоқтығы. Бір-бір аймақты, өңірді әкесінен қалған мұрадай жалғыз билеген бұлар бәсекелессіз бетімен кеткендігі. Дәл осындай қызмет ұсынған әр аймақта, өңірде тағы бірер ұйым аса қажет. Сонда аяқтарын аңдап басып, ақырын жүрері хақ. Сол себепті, бүгінгі таңда тарифтің өсуін тежеуде бәсекелестік орта қалыптасуы тиіс. Әйтпесе, Президенттің бұйрығымен тарифті ұдайы төмендетіп ұстап тұру – әсте мүмкін емес. Кеше бір сылтау тапқандар ертең тағы бір сынығын көрсетіп, көз жасын көлдей төгері және даусыз. Өйткені, «Жалғыз үйдің қарғасы боққа тоймайды». Табиғи ресурстарды реттеу ісінде және бәсекелестікті қорғау саласында бәсекелессіз тариф әлі мың құбылады…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button