Руханият

МОЛҚЫ батыр ұлықталды

    Бүгінде елінің ертеңі үшін талай қан майданға түсіп,қылышы майырылғанша ат үстінен түспеген Қаратоқа Молқы батырды біреу білсе, біреу білмейтін болды. Оған жас ұрпақты жазғыру жараспас. Өйткені, оларды жарытпай отырған өзіміз.

Баяғыда үлкендерден Молқы батыр болған адам дегенді естіп қалғанбыз, сол жөнмен батыр деуден таймаймыз. Қандай батырлығы болды, кімдерді ат үстінен түсірді, қай заманда өмір сүрді – оны індетуді ойға да алмаймыз.

Бүгінде «дөкімент» сөйлейтін заман туып тұр. Біздің де қолымызда сөйлеп тұрған құжат жоқ. Алайда, ел құлағымен жеткен әпсана-аңыз бар. Бүгінде соның өзін сөйлету үлкен олжа болар еді.

Сондай әпсананың бірі айтады. Тоқа бабамыз кісесінен кісі таныған ғой, бірде айтыпты, менен де бір ұл туар, кісесіне қарап, жауы жанынан түңілер деп. Сол ұрпағы осы Молқы болса керек.

Басқасын айтпағанда ағайын ішінде сөз қалған. «Молқы жанжалсыз мал бермейді» деген. Осының өзі көп жайтты аңғартса керек.

Молқы батыр айтты деген тағы бір әңгімені қозғай кетейік.

“Үйде бақырмын, үйара батырмын” деген…

Бұл әңгіменің астары түсінікті болса керек. Ағайындары батырлығының қадіріне жетпеген. Есесіне арағайын жеткен.

Бір жорықта Молқы батыр Қаракесек қолында соғысады. Қалың Қаракесек тырс етпей жатып алады. Сонан бір зор дауыс жер астынан шыққандай болады:

Қарқабат!.. Қарқабат!..

Жаудың құтын қашырған, елді жатқан жерінен тұрғызған бұл дауыс кімдікі демей ме?! Сөйтсе Қуандық Молқы батырдікі болып шығады.

Бұл қалай? – демей ме Қаракесектер.

Анамның аруағы жатқызбады, – депті батыр.

Жауды еңсеріп олжа бөліскенде Молқы батыр екі үлес алыпты.

Бұған Қаракесек батырлары іштей наразы болады. Сонда қазбасы айтты дейді. Бір үлес батырлығы үшін, екіншісі ақылдылығы үшін деп.

Осы Тоқаның қара шаңырағы Молқыда қалды дегенге не айтасыз?!

Көресінді көрген бұл ата да. Әсіресе, кеңестік жаншу машинасы Молқы ұрпағын қынадай қырды. Атты, асты, жер аударды, ту-талақай қылды. Содан да барып бұл ата шашыранды күй кешті. Біреуі туған Отанында жүрсе, екеуі жат жерде жүр. Молқы баласы Қытайда да, Моңғолияда да, Ресейде де, Түркияда да, Алманияда да жүр… Әрине, туған жұртына қайтқысы келеді. Алайда, түп тамырынан ажырап қалған. Кірме аталар болуға мәжбүр болған. Керей ішінде Молқы болып жүр. Басқаша жан сақтау мүмкін болмай қалған ғой.

Осы атаның Жантуған бұтағы осындай себептермен жаңа ғана табылып жатыр. Олар осы асқа тайлы-таяғы қалмай келген екен.

Сол Молқы атасының ұрпағы тоқсаныншы жылдардың басында небары отыз-ақ түтін болған екен. Осыған да шүкіршілік қылып, осы аздың басын қосуға талпынған үлкендер де болған. Асқар Дүйсенбайұлы, Айтуған Салықұлы, Файзрахман Нұртазаұлы сынды ағалардың ісін Сапар Асқарұлы, Рамазан Қошқарбайұлы, Наурызбай Қуанышбекұлы, Ғазиз Бәкірұлы сынды кейінгі толқын інілер іліп әкетсін. «Тоқа Молқы» қоры құрылып, оның президенті болып айтып отырған Сапар ініміз сайланыпты.

Өткен сенбіде Нарбақ өзенінің бойында осы Молқы батырға арнап асы беріліп, ескерткіш белгінің тұсаукесері өтті.

Оның салтанатты ашылуына жұртшылық көптеп жиналды. Жаңаарқа ауданы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Қозықаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Имантүсіпов, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтеев, елағалары Пәнсат Кәрібайұлы, Береке Армияұлы, Жаңбырбай Жүмәкұлы, Амандық Алпысбайұлы, заңгер-ғалым, профессор Болат Сыздықов, Қарағанды құрылыс колледжінің директоры Жұмағали Мағзиев және басқалары құттықтап, ақ кимешекті әжелеріміз шашу шашты.

Және бір айта кетерлігі осы асқа Аспан асты елінде ат ойнатқан, Қытай, СССР сынды алпауыттарға, Моңғол еліне бір өзі қарсы тұрған атақты Оспан батыр Ісләмұлының шөбересі Құрметбек Әбілқасымұлының қатысуы ел назарын өзіне аударған. Бұлар Әуезқұлдың Айтуғанынан тарайды. Айтуғаннан – Дәкіл, Ісләм. Қали – Дәкілдің, Оспан – Ісләмның баласы. Қалидан – Зарқұм, Зарқұмнан – Әбілқасым туады. Оспаннан жеті ұл, жеті қыз туады. Қазіргі бірқатар шежірешілер, оның ішінде біз сөз қылып отырған Құрметбек те бар, батырдан ұрпақ қалған жоқ деп есептейді. Оны түсінуге болады. Қытай жауыздары Оспанның ұрпағы тұрсын, туысқандарының өзінің тұқымын тұздай құртуға тырысқан. Құрметбек бұл қырғыннан кездейсоқ аман қалған. Оның өмір тарихы өз алдына бір әңгіме.img144

Екінші біреулер Оспанның Нәби деген баласынан тұқым бар деп жүр. Қазір БАҚ беттерінен жиі көрініп жүрген Өркен Нәбиұлын (1980 жылы туған) Оспан батырдың немересі дейді.

Бәрі мүмкін.

Бәлкім, Тоқа бабамыздың «менен де бір ұл туар, кісесіне қарап жауы жанынан түңілер» деген болжал сөзі Молқы бабамызға ғана емес, осы Оспан батырға қатысты болар?!

Ескерткіштің тұсаукесері «Жаңаарқа» тойханасында жалғасын тапқан. Бабалар рухына қатым Құран түсіріліп, ширек ғасырдан кейін қайтып кездескен Молқы ата ұрпақтары бір-бірімен жақын танысып, жылдар бойы жинақталған шерлерін тарқатысқан.

Батыр бабаның Батырхан Дүйсенбай, Ғалымжан Шалабайұлы, Қайрат Мырзакейұлы, Бүркіт Файзрахманұлы, Ертай Әділханұлы және басқа да ұрпақтары ат айтып, ат арытып келген ағайындарына алғыстарын білдіріп, сый-сияпат жасап жатты.

Суреттерде: Молқы батыр ескерткіші; Оспан батырдың шөбересі Құрметбек Әбілқасымұлы; «Тоқа Молқы» қоғамдық қорының президенті Сапар Асқарұлы.

Төрехан МАЙБАС

Суреттерді түсірген:

Ерғұлан Батырханұлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button