Жаңалықтар

«Өмір деген көп нүктеден тұра ма?..»

Арқа өңірі өміршең өлең жазып, елдің ыстық ықыласына бөленген аймаңдай ақындарға кенде емес. Солардың бірі һәм бірегейі қаламға, жазуға адалдығынан таймай келе жатқан қазақтың белгілі ақыны Балтабай БАТТАЛҒАЗИН биыл жетпіс жасқа келіп отыр. Ақынның мерейлі сәтінде назарыңызға бір топ өлеңін ұсынғанды жөн көрдік, ардақты оқырман. Мархабат!

Редакциядан.

Сурет сайт мұрағатынан

Анама

О, ана, асыл ана, жасыл ана,
Пәк жаның маған қарай асыға ма?
Қабыл ала тұр әзір, осы өлеңім,
Балалық махаббаттың басы ғана.

О, ана, асыл ана, жасыл ана,
Пәк жаның маған қарай асыға ма?
Ақын болып, жазғам жоқ, бұл өлеңді,
Көзімнің тамып түскен жасы ғана.

Атымның Балтабай атануы

Мың тоғыз жүз елу төрт, томырық түз,
Көктем шығып, кетіпті өкіріп қыс.
Қатар қонып, біздің үй Қожа атамен,
Малдан ата қыстағында отырыппыз.

Жылдар легі алды-артқа қаратқан ба?
Жылапты әкем: «ұл бер» деп жаратқанға.
Қабыл болып, тілегі бір ұл, бір қыз,
Дүниеге келіппіз таң атқанда.

Жылқы жылы, көктемнің мамырында,
Қан жүріпті лүп етіп, тамырымда.
Бірінші боп айқайлап мен келіппін,
Менен кейін келіпті сыңарым да.

– Көк түтінім керіп үш түндігімді –
депті әкем «ұзақ қыл бұл күнімді!»
Қожа атамның кемпірі Бибі шешем
Балтаменен кесіпті кіндігімді.

Жылап аштым, ақ дүние – есігімді,
Қыстақ қана естіпті есіл үнді.
Нығыметолла қожа атам қолын жайып,
Балтабай – деп қойыпты есімімді.

Кісі болдым, күш алып, бойға бекем,
Сыңарымды сағынып, ойға кетем.
Рухы биік болсын деп бұл қызымның
Рухия – деп атын қойған екен.

Бар ма екенсің сол қыстау жырақтағы,
Сағыныштан жүрегім жылап қалды.
Рухы биік болғанмен сыңарымның,
Жаны биік болмады бірақтағы.

Қайда қалдың туған жер, жұрт ұялы,
Өңін бермес өмір-ай, бұртималы
Балта болып, батырлық көрсетпедім,
Бай болып та бүйірім бұлтимады.

Тартқызыпты әкеме – пейілімді,
Тартқызыпты анама – зейінімді.
Қожа атамнан аумаймын Құдайшылмын,
Бибі апамнан аумаймын мейірімді!

Қарқаралы
(Әні бар)

Қазық ем саған қағылған,
Айырма алтын бағымнан.
Өзегін өртеп өзіңді,
Ұл бар ма мендей сағынған!

Алдымнан атар таңымдай,
Бетімді ағартатындай.
Шерімді тарқататындай,
Ел бар ма Қарқаралыдай!

Сұлулық тосып сізді алдан,
Жетелеп кетер ізгі арман.
Тарихтар жортқан құздарда,
Көнеден сүрлеу із қалған.

Арудың алқаларындай,
Тастары – қалқандарымдай.
Сипалай соққан самалы,
Анамның алақанындай.

Мекенім, панам әрі – ұям,
Алдыма артар арым-ай.
Өлмейтін мәңгі қариям,
Шежіре Қарқаралым-ай.

Ұлдары – сертке жететін,
Қыздары – өртеп кететін.
Ақынын – еркелететін,
Ас суын – ертелететін.

Ұласып, қысы-жазына,
Қиқулап қайтар қазы да.
Көңілін айтар базына,
Қарттары тұнған қазына.

Ерсілік болса – ептейтін,
Ақиқаттардан кетпейтін.
Батыр бол мейлі, пақыр бол,
Ешкімді сыртқа теппейтін.

Көнеге құлақ түретін,
Тектілер ғана жүретін.
Алдамшы мынау жалған деп,
Адамын сыйлай білетін.

Жиделібайсын кейпіндей,
Жерұйық осы – дейтіндей.
Көкмайсасының өзіне,
Көкөніс жасап жейтіндей.
Тоғайың тұрсын – бұзылмай,
Маңайың тұрсын – сызылмай.
Түздегі жалғыз – сұлуым,
Үйдегі жалғыз – қызымдай!
Жер бар ма Қарқаралыдай,
Ел бар ма Қарқаралыдай!

Таздар мен теңгелер
(әзіл шыны аралас)

Бұрынғының айтқандары көрікті,
Аңыздан да ақиқаттар өріпті.
… Ойма тазға он теңгені ойланбай,
Төбел тазға төрт теңгесін беріпті.

Анықталып жүйріктер мен жабылар,
Ертектен де бір ақиқат табылар.
«Қазынадан» қомақтылау қарбытқан,
Ұмытпасам қырма тазы тағы бар.

Азамат бар аумайтұғын «азбаннан»
Не бітірдім бірақ соны жазғаннан.
Теңгелерге қарай-қарай телмірген,
Мен де аумаймын айналайын таздардан.

Қанбазарда қасап қып төрт түлікті,
Доллар келіп, іргемді де ірітті.
Теңгелердің айналымға шығарын,
Қайран Бабам сол кездерде-ақ біліпті.

Аңыздардан аулақтаған іргесін,
Цивилизацияның ұяты жоқ бір кесім.
Диуананың дорбадағы ділдәсі,
Тәңірім-ау теңге болып жүрмесін.

Күннен-күнге өзгертеді күз кейпін,
Атар таңнан үмітімді үзбеймін.
Мен шындықты – шындықтардан іздемей,
Ең әуелі аңыздардан іздеймін.

Теңіздерге тамшы болып құйылмай,
Мәңгіремін бағдары жоқ құйындай.
Қу тірлікте әлі келем тепеңдеп,
«Төбелдің» де төрт теңгесі бұйырмай.

Біле алмадым кімді қандай жақ ұтты,
Қайтаруға қайратың жоқ уақытты.
Үлестерін алып алған ертеде,
Менен гөрі сол таздарың бақытты.

Көк кептер

Менің үйімнің шатырына кептерұя салыпты.
Ұяда екі жұмыртқа жатыр екен.

Жаным-ай өткен елеңдеп,
Өткердім қыстың ақырын.
Көк кептер мекендеп,
Көк төбел үйдің шатырын.

Көк төсін тесіп үрлейтін,
(Жіберші құс қып а Құдай)
Қоқ-қоқтан басқа білмейтін,
Һарамсыз ұшқан пәгім-ай.

Адаммын жерде еңбектер,
Содан да бері зарлы екем.
Аспанды тілген көк кептер,
Сенде де арман бар ма екен.

Жіберіп бір сәт тәрк қып,
Өмірдің айқай-ұйқайын.
Жабығып, сені жарықтық,
Қанатың жайшы, сипайын.

Үзіліп жатып, жұлының,
Адамнан болса – кешірім.
Ырымшыл қазақ ұлының,
Қанат деп қойған есімін.
Зеңгірің анау не дейді,
Жатыр ма құрап құстан топ,
Қанаттар бізде көбейді,
Бірі де бірақ ұшқан жоқ.
Жанымды менің үрлейсің,
Қайтесің ақын-алауды.
Адалсың тіпті білмейсің,
Екі шоқып, бір қарауды.

Күн өтіп, ағып барады ай,
Белгісіз әлі алдағың.
Екі шоқып, бір қарамай,
Бұзасың құстар заңдарын.

Ұяңда жатқан жұмыртқа,
Толтырар құстың ортасын.
Қарасын көрсең бұғып қап,
Қырғидан бірақ қорқасың.

Құс болу маған бұл – елес,
Қайтейін Құдай қорласа.
Құстардың қырғиы түк емес,
Адамның «қырғиы» болмаса.

Күндерім өтті малайша,
Ажалым ертең, бүгін бе?
Осы өлеңді саған қалайша,
Жеткізем құстың тілінде!

Балапан қайтер ұясыз,
Тосады сені тершіп түз.
Адамзатта менмін – зиянсыз,
Құстарда сенсің – кіршіксіз!

Заңғарда заулап, көлбейтін,
Құссыз емес қой көк төсі,
Үйімді ұя қыл мейлің,
Тек қана ұшып кетпеші,
Тек қана тастап кетпеші!..

Қызыларай
(әні бар)

Ойға да, қырға қуса да өмір белесі,
Ауылды аңсап, жүремін ылғи мен осы.
Тауы мен нуын көмкерген көрік жер осы,
Көңілдің туын көтерген көкке – Ел осы!

Қайырмасы:
Заманы – табын,
Қалдырса-дағы,
Сынбаған сағы,
Қызыларай!
Қыздары – текті,
Ұлдары – бетті,
Қумайтын кекті
Қызыларай!

Ауылдар жасып, қалар деп әсте күтпеп ем,
Бағымды басып, барымды уақыт үптеген.
Дариға-ай ауыл думаны бір сәт бітпеген,
Толғауы тоқсан сөздігім сенсің түптеген!

Әлихан – көсем,
Әсеті – ақын,
Советі – шешен,
Қызыларай!
Әлімхан – есеп,
Нұржаны – кесек,
Туған жер бесік
Қызыларай!

Ағымға емес, Аллаға ғана иланам,
Арманым көп ед, біреуін соның қи маған.
Балалық күнім далалық күнге жеткенде,
Қалалық болып, жүргенім үшін қиналам.

Қандырған сырға,
Жандырған жырға,
Серігі – Тұлға,
Қызыларай!
Шәкірттік арман,
Жетелеп алдан,
Іздерім қалған,
Қызыларай!

Мекенім барда басады мені қайдан мұң,
Ақшаңқан ауыл алаңы болған сайранның.
Ұлағаттарын ұрпақтарына дарытқан,
Тегіңнен сенің, Еліңнен сенің айналдым!

Ақсораң – шыңың,
Дәндібай – тарих,
Бегазың – ғылым,
Қызыларай!
Шалдардан – абыз,
Қалғаны аңыз,
Ескі көз нағыз,
Қызыларай!

Қара шал. Қара дүкен. Қара бала.

…. Әкем маған бермейтін аса тыным,
Жанып тұрған кезі ғой жас отының.
Түске дейін барып кеп, сабағыма,
Түстен кейін көрікті басатынмын.

Өмір сабақ қоймады ұқпасыма,
Таяй алмай тұрамын от қасына.
Қолым жетпей сол кезде қорланамын,
Секірсем де көріктің тұтқасына.
Содан бері өлді өсек, сүрінді-дау,
Өкпем өшіп, өмірде жүгірдім-ау.
Бойым менің көрікке қалай жетсін,
Биіктеген қазіргі түрім мынау.
Жүрген кезде далада ойынды «еміп»,
Балалықта болды рас ойын-көрік.
«Ал, құлыным, баса ғой» – дейтін әкем,
Бір шөркені астыма қойып беріп.

Жан әкемнің соңынан ергенімде,
Кездестім де тіл-көздің мергеніне.
Қу темірден қызыл шоқ шашырайтын,
Дәу балғамен бір қолдап пергенінде.

Барлығына өзімдей – кінәлі адам,
Жаным ашып, әкеме жылап алам.
Не балғашы, басатын көрікші жоқ,
Күнін салса не істесін мына маған.

Түнім таңға ұласып, нұр саулаған,
Күн демеймін күнімді, Жыр саумаған
Екі жалғыз – қара шал, қара бала,
Ақ құмандай күн кештік құрсаулаған.

Көңіл жетер айтатын әр адамдар:
– Қолқанатқа балаң да жараған ба?
Күнін кешіп қоңырқай жатты сонда,
Қара шал, қара дүкен, қара бала.

Тіршіліктің тірлігі ой салады,
Көріп жүрміз қазір де кей саланы.
Қырық алты жыл балға ұстап, төс ұрса да,
Сұрағанға қырық жыл дей салады.

Бетке әжім, түсті де, белге – сынық,
Маңдай терін ұсынған елге сылып.
Қырық алты жыл жасаған бейнеттердің,
Жібереді алты жылын желге ұшырып.

Қара белдік, күншілдер белге тағып,
Жүре берсін желөкпе желге лағып.
Қасиетті қара шал, қариям-ай,
Ғұмырында көрмеген кеуде қағып.

Дұшпандықты жан емес, қастан күткен,
Ала бөтен пейілі, досқа тіптен.
Еңіреген есалаң, есіл еңбек,
Айдалаға қаңғырып босқа кеткен.

Жақсы атаулы бүгінде бәрі де арман,
Жолдас бер жүрегінде әні бардан.
Шемен көңіл өткенге шертті өлең,
Күйген нанның сыртындай дәмі қалған.

1987 жыл

Құралаймен әңгіме

Үш баламның ішіндегі жалғыз гүлім,
Құдай бізге жазған ба жалғыздығын.
Өлімші боп өмірде жүргенімде,
Тұңғыш рет кездескен бар қызығым.

Бұрынғыдай күлкі жоқ, тұмшалымын,
Қалың оймен өткізем түн жарымын.
Мен өлермін, тұншығып арманыма,
Аман болшы, артымда сен жарығым.

Жастайымнан бір арман ішке қонды,
Жеткізе алмас пенделер бізге қолды.
Сағынғанда – Әкеңді еске алғанда,
Жанарыңда жасың боп жүрсем болды.

Қиындықтан шығам деп қаумалаған,
Тасқа соқты бір басын, тауға да Атаң,
Мен жатпаймын қабірде тек өлік боп,
Сендер үшін қиналып, аунап жатам.

Лақтырмасын тағдырдың сеңі былай,
Саған деген сөнбейтін сенімім-ай.
Пәниде де құлыным, бақида да,
Рахатсыз ғып жаратқан мені Құдай.

Қарып жеген ұл едім отқа қарын,
Сол дәмдердің парызын атқарамын.
Мен өлмеймін, Құралай, мен өлмеймін,
Өздеріңдей тұрғанда оққағарым.
Кім айтады ақынды ұтылды деп?
Жабырқасам, жаны ашып тұтылған көк.
Егіз болып туылып, жалқы қалдым,
Жалғыздықтан әлі де құтылғам жоқ.

Өмір – сарай, ішінде жыладым мың,
Айтпай кетсем алдыңда кінәлімін.
Тәрізі мен, құлыным, жалқы қалдым,
Жалғастырам, ғұмырын – сыңарымның.

Нені ұмыттым, айтарым көп еді ғой,
Енді қалған көңілдің демеуі той.
Жыламашы жаным сол – мұның бәрі,
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегенім ғой…

Жүрекке батқан ойлар көп…

Бұрынғыға ұқсамайды биылғы ән,
Аруағыңа бас иемін түйір дән.
Ұрпағы үшін жан берсе де «жау» болған,
Ағалар-ай желкелері қиылған.

Не бір оғаш, ерсі қылық көтеріп,
Жетпіс жылда арба сынды, ат өліп.
Отыз екі, отыз жеті қырғындар,
Қоғамыңды кешірмейтін қателік.

Көкжиектен таңы күліп ататын,
Ұлылардың әні қалқып жататын.
Сұлу Семей болды ақыры қасірет,
Арқамызға аяздай-ақ бататын.

Білмегендер туған тілін – ардағын,
Қара да тұр тістейді әлі бармағын.
Өз тілімде былдырладым ең алғаш,
Өз тілімде өлу енді арманым.

Құдай десе тарс бітеліп есіктер,
Құдайы жоқ қай жерлерге көшіпті ел?
Имандылық сәнді бұзып тұрғандай,
Жер бетінен құлатылды Мешіттер.

Есептеуге жетпесе де шақырым,
Пысықтардың жеткен бірақ «ақылы».
Сұлу Балқаш сұрқайланып, тартылып,
Айдын Арал шөлге айналды ақыры.

Басқаларды аулақпын мен «қас» деуден,
Әттеген-ай, әйтсе-дағы пәс кеудем.
Қандастарым, інілерім, бауырым,
Өліп жатыр, қашып жатыр әскерден.

Жетер енді уайымға салынбай,
Амандық бер, опалық бер, а Құдай!
– дегенімше іле-шала артынан
Шыға келген мынасы кім тағы да-ай?

Ашылғандай болған кезде реңім,
Жүрегімді тағы жала тіледі.
Ата қоныс жеріме әлі таласып,
Кәрі «төбет» Солженицын үреді.

Ата-бабам көздерінің жасы екен,
Қазақ жері – емес сенің бәсекең.
Ресейдің жері батса жанына
АҚШ-тарда ауып жүргені несі екен?!

Сатқындықты өмір қашан жеңеді,
Алқымыма ашу-ыза келеді.
Бүгін бізге тасын атып жүргендер,
Кеше біздің асымызды жеп еді!

Кездескенде қанша қиын бөгеттер,
Сөгілген-ді қақ айырылып көк еттер.
Ақырында өз иттігін мойындап,
Қала берген талай-талай төбеттер.

Бір өзіне бір үйлі жан қараған,
Қасиетіңнен айналайын қара Нан!
Жетпіс жылдың жамандығын аластап,
Жеті нанды осыларға таратам.

1993 жыл

Қос таяқ

Қорқынышты ойға барып не түрлі,
Бір үскірік, осады кеп бетімді.
Иінағаштай иіндері әкемнің,
Сөйлемдегі сұрақ белгісі секілді.

Мен боп қалдым ендігі бар мұңдасы,
Қайда кетті, бәйбішесі, сырласы.
Сұрақ болып елестейді көзіме,
Жан әкемнің сұлбасы…

Сабақ болып, өткен өмір тізбегі,
Жасаруға қайтсақ шіркін, біз – кері.
Қар үстіне қалдырады көп нүкте,
Қолындағы қос таяқтың іздері.

Жетті осылай жар шетіне, жыраға,
Күрсінеді жанарына мұң ала.
Өмір деген – қос таяқты мәре ме?
Өмір деген – көп нүктеден тұра ма?

Моншақтаған жасым тамып, мұртыма,
Басым сүйеп, қалам ба ертең жұртыма.
Алға тартып, ышқынады қос таяқ,
Екі аяқ – көніп, әрең ырқына.

Бәсін тіккен, базар солай тарқады,
Құнсыз күндер, таңға үміт артады.
Екі жанды, Екі жансыз – арбасып,
Таяқ – алға, Аяқ – артқа тартады.

Тәрк ете ме мына мендей тұяқты,
Соны ойлаумен көз жасым да жиі ақты.
Жетелеген сол қос таяқ әкемді,
Түбінде бір, жоғалтатын сияқты…

Бабалардан қалған белгім сол еді,
Белгім кетсе кімдер мені өбеді.
Қос таяққа мініп алған әкемді,
Ей, Тәңірім күнде көргім келеді.

1992 жыл

Балтабай БАТТАЛҒАЗИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button