Руханият

Балтабай БАТТАЛҒАЗИН: «Өлеңде қайраттанған, өмірде жайрап қалған бір жанмын…»

Қазақ пен жылқы – құстың қос қанатындай егіз ұғым. Туған баласына дейін жылқының төліне теңеп, «Құлыным» деп еркелету – көшпенділерге ғана тән қасиет болса керек. Осы орайда, «Орталықтың» ормандай оқырмандарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында ашылған жаңа айдардың атын да О.Бөкейдің әйгілі шығармасының атымен атағанды жөн көрдік. Мақсатымыз – кезінде жарқырай көрініп, кейіннен әр түрлі жағдайларға байланысты тасада қалған таланттарды, ескерусіз қалған есіл ерлерді іздеп, халықпен қайта қауыштыру. Сонымен, ел болып іздеген алғашқы кейіпкеріміз заманында Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов сынды қазақ поэзиясы корифейлерінің көзіне түсіп, батасын алған ақын Балтабай БАТТАЛҒАЗИН болды…

– Ассалаумағалейкум, аға! Жаңа жыл құтты-қайырлы болсын! Кейінгі жылдары көптің көзінен таса, әдеби ортадан алшақтап кеттіңіз. Қайда жүрсіз?

– Уағалейкумассалам, Ілияс! Қош келдің! Иә, келген жыл қайырлы болғай! Еңсемізді басқан ауыртпашылық, әлемді әбігерге салған кесел осы ескі жылмен кетсін. Әуелі, «Осы ағамыз қайда жүр?» деп іздеп жатқан газет ұжымына үлкен алғысымды айтамын. Мен тағдырлық тұрғыдан алғанда іздеп келер ағам, еркелеп келер інім жоқ жалқы адаммын. Ал, енді сенің мына келісіңе көңілім толқып-ақ отыр. Көптің көзінен таса дегеніңе келісе қоймаймын. Өйткені, облыс орталығында, елдің ортасында жүрмін. Әдеби орта дедің. Аллаға шүкір, Қарағандыда «сен тұр, мен атайын» ақындар жетерлік. Бірақ, осы Қарағандыдан әдеби ортаны өзің көрмесең, мен көрген жоқпын. Сексенінші жылдардың соңына қарай Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесіне төраға болып атағы дардай ақын ағамыз сайланды. Қатты қуандық. Бірақ, жаңа төраға ештеңе тындырмады. Қайта ол мүшәйра сайын қазылар алқасының төрағасы болып, маңайындағы ақындарға орын бөліп берудің майталманы болып шықты. Сол кезде төрағаны төңіректеген топтар пайда бола бастады. Атын айтпай-ақ қояйын, бір жерлес інім өздеріңнің газетте қызмет жасады. Әр өтетін мүшәйраның алдында соған барамын. «Не болып жатыр, өлеңді жасырын атпен жібереміз бе, қалай?», – деп. Ол болса «Ой, аға, орындар ендігі бөлініп қойған шығар!» деуден шаршамайды. Ғажабы сол, мүшәйраның Бас жүлдесін қазылардан «көңілі қалып» жүрген сол бауырымның өзі алады. Үнемі солай. Бұл не сонда? Қандай ойын екеніне миың жетпейді. Міне, әдеби ортаның сыйқы.

Жалпы, мүшәйрасы болсын, басқасы болсын, мені мұқатқандарын өздеріне мәртебе санайтын марғасқалардан көңілім қалған. Ойдан жасалатын осындай ойындар мені әбден қажытты.

Көрінбей жүргенімнің екінші себебі – қазақтардың көбіне тән кедейшілік. Ал, кедейшіліктен құтылу үшін не істеу керек? Әрине, жұмыс істеу керек. Содан да болар, «Аттаннан ойбайым тыныш» деп, қалған көңілді жалған өмірге жегіп, Қарағанды Теміржол колледжінде күзет жұмысында жүрген жайым бар. Әйтпесе, қаламым қисайып, қабілетім кеміп қалған жоқ.

– Сіздің қазақтың қабырғалы қаламгері, айтулы ақыны екеніңізді өзіңіз еңбек етіп жатқан осы оқу ордасы біле ме?

– «Мені білесіңдер ме, деп ешқайсынан сұраған жоқпын. Білуге міндетті де емес шығар. Өлеңім арқылы өзімді білсем». Осы жақсы өлеңді өзім жаздым ба?» деп сезінсем, содан ләззат алсам, одан асқан бақыт жоқ, мен үшін.

Өткенде осы колледжде Тәуелсіздікке арналған үлкен жиын өтті. Жиынның соңында маған өлең оқытты. Соған қарағанда білетін болулары керек. Осындайда ойға оралады. Жас кезімде анау бір ақын ағамның қасында көп жүрдім. Сонда ол кездескен адамға «Сен мені танисың ба, ей?» дейтін. Анау «Жоқ, танымадым» десе, ағам маған алая қарап, «Әй, мынау мені танымайды, ей!» деп шала бүлінетін. Ол кезде ағам ел білетіндей ақын емес еді. Жазған жырың ақындығыңды ақиқаттап тұрса, елдің білуі ешқайда қашпас.

– Өлең өлкесінен алыстап, оқырманнан оқшау ой кешуіңізге не себеп болды?

– Өзің сияқты ақындар хабар алысып, араласып жүрсе, маған безініп не көрініпті?! Қайта сол бауырлардың телефон нөмірлерін тауып алып, хал-жайларын сұрап жатамын. Сонда әлгі пәтшағарлардың телефонның арғы жағынан сыздана жауап қатарын қайтерсің?.. Осылай қазақы жөн-жосықтан кемшіндері кездесіп қалғанда көңілің қалады-ақ. Әдеби ортаның аты қандай әдемі?! Сен айтқан әдеби орта мені мүшәйра сайын орталарынан ит қосып қуып отырды. Бір жапырақ қағазға «Мүшәйраға қатысқаныңызға рахмет, өлең өлкесінде самғай беріңіз» деген аса бір «ризашылықтарын» жазып, қолыма ұстатып отырды. Мен алмағаныма емес, қалғаныма қиналамын. Мүшәйра ақынды қанаттандырады, шабыттандырады. Ұмытпасам, 2007 жылы болуы керек, Шет ауданының Қызылқойында Қояншы-Дәулет-Таңай руларының ұрпақтары ата-бабаларына құран оқытып, үлкен ас берді. Сонда жазба ақындардың мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның шарты бойынша екінші өлең атақты Бұғылы мен Тағылыға арналуы керек екен. Осының Бас жүлдесін сол кездегі «Болашақ» университетінің ректоры Н.Дулатбеков: «Жақсы өлеңге қиянат жасауға болмайды» деп маған алып берді. Жүлдені тапсырып жатқанда ақын бауырларымның түнерген түрлерін көрсең. Оу, мен кімнің қазынасын үптеп кетіп едім осы?! Осындай оқиғалардан кейін оңаша ой кешіп жүргенім рас. Ақындармен араласым жоқ. Бағана «Өлең өлкесінен алыстап кеттіңіз» деп едің ғой. Жоқ. Мен өлең өлкесінде өздеріңмен қоса «жайылып» жүрмін. Бірақ, етегінде. Оңаша. Жалғыз.

– Осы уақытқа дейін қанша жыр жинағыңыз жарыққа шықты?

– Өлең – әр ақынның басына берген Алланың ұлан-асыр нығметі ғой. 2008 жылы «Тамырымның бүлкілі, жүрегімнің дүрсілі» атты алғашқы жинағым жарыққа шыққан болатын. Кейінгі жазғандарым да бір-екі кітапқа арқау боларлық дүниелер. Бірақ, жоқтық қол байлауда. Демеуші табылып жатса, солардың басын қосып жарыққа шығарып, кешімді өткізгім келеді. Өлеңде қайраттанған, өмірде жайрап қалған бір жанмын, қарағым.

– Қалам ұстаған қатарластарыңыздан кімдермен араласып тұрасыз?

– Қалам ұстаған қатарластарым, Аллаға шүкір, баршылық. Ғажап журналист, керемет жазушы Т.Майбастың өзі неге тұрады?! Ақтоғайда Мүсіркебім, Балқашта Оралбегім бар. Араласудың өзі телефон арқылы жүзеге асар заман болды ғой қазір. 1981 жылы Талды ауданында «Шұғыла – Восход» газетінде тілші болып істегенімде редакторым болған, қазір Қызылжарда М.Қозыбаев атындағы университетте қызмет жасайтын, филология ғылымдарының докторы, профессор, сұңғыла ғалым З.Тайшыбаймен сөйлесіп тұрамын. Ал, өзімнің білімді, көргенді ағаларым С.Жанысбай мен тарихшы, филолог М.Баймұхановпен жақсы қарым-қатынастамын.

– Қарағандыда қара өлеңді серік еткен талантты ақын бауырларыңыз да баршылық. Аға буын өкілі ретінде олардың шығармашылығынан қаншалықты хабардарсыз?

– Ағымнан жарылып айтайын, олардың өлеңдерін оқығанда сүйсініп, қанаттанып кетемін. Бірақ, көзіме ота жасатқалы көру қабілетім нашарлап, көп оқуға мүмкіндігім болмай жүр. Ал, Р.Нұрбайдан бастап М.Асанға дейінгі жастардың шығармашылығымен жақсы таныспын. Бірінен-бірі өтеді.

– Ақындықпен қатар сазгерлік қырыңыздың да бар екенін жақсы білеміз. Алғашқы әніңіз қашан жазылды? Қоржыныңызда қанша ән бар? Оларды кімдер орындап жүр?

– Алғашқы «Балапаным» деген әнім 1985 жылы анам қайтыс болғаннан кейін туды. Қанша әнім бар екенін санамадым. 15 әнімді әнші Қыдырәлі Болмановқа жібергенмін, 5 жыл бұрын. Телефонмен хабарласып: «Ән не болды?» десем, «Әлі қараған жоқпын, уақыт жоқ» дейді. 5 жыл бойы табылмайтын немене уақыт екенін түсінбеймін. Қазір хабарсызбын. Ол әндерім ендігі жерде басыбайлы Болмановтыкі шығар. Өйткені, менің сол әндерімді қорғаған авторлық құқығым жоқ екен. Аңқаулық айдалада қалдырады екен. Әндеріме әнші іздеп жүрген жоқпын. Жаңағы Қыдырәлімен Майқұдықтың мешітінде аяқ астынан кездесіп қалып, электронды поштасын бергеннен кейін болған жағдай еді. Мен оған өзіміздің Арқаның азаматы, атақты Болман ақынның немересі ғой деп бердім. Осының өзіне «шоқ-шоқ» дейтін шіркіндер толып жатыр.

– Өзіңізден өзіңіз есеп алғанда, өткенге өкпемен қарайсыз ба, жоқ әлде ертеңге үмітпен қарайсыз ба? Таразының қай жағы басым?

– Өткенге деген өкініш өзегімді өртейді, Ілияс. Жалпы, мен арманда кетіп бара жатқан адаммын. Оны ешкімге айтпаймын, өлгенде өзіммен бірге кетеді. Мен тағдырымның осыншалықты қатыгездігіне қайранмын. Тағдыр болғаннан кейін тағдырлас, көңіліңе қарайтын, жаныңды ұғатын кісінің жаныңда болғаны – баға жетпес байлық екенін білесің бе, бауырым?! Осының бәріне «Құдай салды, мен көндім» деп жүргенде келешегінен кемел үміт күткен аймаңдай ұлым, мақсатына жете алмай кеткен Мақсатымнан айрылдым. Сол кездегі менің көрген күнімді сұрама. Мына Доскей ауылына жерледік. Майқұдықтан Доскейге жаяу барып, қабірін құшақтап басына түнеймін. Таңертең үйге қайтамын да кешке қайтып басына келемін. Осылай мамыр айынан қараша айына дейін жалғасты. Осыдан кейін менің әлімнің келгені «әлгі» болды. «Әлгі» дегенімді ішің сезетін шығар?! «Әлгіңнің» әңгімесі көп екен. Қазір татпаймын, әңгімеміз үзілген. Лайықты бағамды ала алмай келе жатқаным да үлкен өкініш. Таразыны өкініш басатын болуы керек…

– Кезекті мәртебелі поэзияға беріп, әңгімемізді өлеңмен түйіндесек…

– Сөйтсек, сөйтейікші. Ауруханада
жатқанда жазылған жырым еді. Соны
оқып берейін…
Келемін бітпей әттеңім,
Жер-ана, сенің үстіңмен.
Тіршілік қандай тәтті едің,
Жарық күн неткен ыстық ең.

Жылуын әлі пана етем,
Айналдым, ару – анамнан.

Дүйсенбі күні таңертең
Табылдым ауруханадан.

Көнбістігім де ерен-ді,
Таныттым тағы кекселік.
Қолымен бұрап денемді
Оташы шықты тексеріп.

Ұмыт боп ғажап әндерім,
Тірелдім тағы бөгетке.
Ыңылдап бір кез дәрігерім:
– Кінәрат, – деді – көк етте.

Оташының кеткен еті өліп,
«Өзіміз бәрін ептейміз.
Ішегіңізді әрі итеріп,
Көк етті сонсоң көктейміз».

Тағы да айтты: «Уайымдап,
жүрмеңіз, тілек тілеңіз.
Екі күн сізді дайындап,
Сәрсенбі күні тілеміз».

Көтертпей бойым, еңсемді,
Бұлтиған жерім ісінген.
Ырымға балап: «Сәрсенбі –
сәтті күн», – дедім ішімнен.

Баламның жақсы қиялы,
Солар ғой берер күш маған.
Айтқанда операцияны
Көзіме келді үш балам.

Алдымнан шығып отты арай,
Тоса көр алтын, жақсы ұям.
Не болар екен, доктор-ай,
Доктор-ай, операцияң?..

Бәрі үйір ақын-асауға,
Мұңдарға жаным кенелді.
Сәрсенбі емес жасауға,
Ертеңіне ала жөнелді.

Қандай ед шіркін тегіміз,
Бабалар кеткен үйретіп.
Арбаға салып екі қыз,
Келеді мені сүйретіп.

Бере гөр Алла жақсы атын,
Болатын әрбір істің де.
Ана жыл кеткен Мақсатым,
Осындай арба үстінде.

Жасымнан қатар досты ұққам,
Өтірік-өсек айтпаған.
Сұм арба сонда бос шыққан,
Мақсатым сонда қайтпаған.

Алмаға хабар бергізіп,
Жанаттың болды ақылы.
Көк етті көктей тілгізіп,
Жасатып шықтым ақыры.

Ақынның айтқан назын ұқ,
Аман бол, аға, көкем-ау.
Пышақтан адам жазылып,
Пышақтан өледі екен-ау.

Жалғасып жатса от демім,
Туған ел сенің уың да – ем.
Өмір-ай, қандай тәтті едің,
Қандауыр, қандай суық ең?!

– Ақтарыла айтқан ашық әңгімеңізге рахмет. Қаламыңыз қаң­тарылмасын, аға!

Әңгімелескен Ілияс МҰҚАЙ.

Суретті түсірген Р.Қалиев.

Басқа материалдар

Back to top button