Министрлік ұсынған мүмкіндік

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ жұмыс сапарымен облыс орталығына келді. Сапар барысында қала жастарымен кездесіп, «Әлеуметтік студенттік несие» және «Білім беру несиелеріне кепілдік беру» жобаларымен таныстырды. Шара соңында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан ӘЛІМЖАНОВПЕН ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталмыш кездесуге «Qoldau» волонтерлік орталығының базасында жастар ұйымдарының көшбасшылары, волонтерлер, жастар, жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен облыстық жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары қатысты.

«Білім беру несиелеріне кепілдік беру» жобасына «Қаржы орталығы» 2 млрд. теңге бөлген. 3 700 адамда қатысу мүмкіндігі бар. Жобаның басты артықшылығы – кепілсіз несие беріледі. «Нұр Банк» АҚ арқылы жүзеге асатын жүйемен еліміздің түпкір-түпкіріндегі жоғарғы оқу орынында оқитын студенттер несие ала алады. Және жобаға қатысқан студенттер оқу ақысын бір семестрге немесе толық оқу жылына төлей алады. Сонымен қатар, студент алған қаржысын оқу орнын бітіргеннен кейін қайтару мүмкіндігі де қарастырылған. Және жас маманның жұмысқа орналасуы үшін 6 ай уақыт беріледі. Ал, жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 20%.

Жобаға қатысу үшін көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Қарыз алушының жеке куәлігі, мекенжай анықтамасы, ҰБТ сертификаты немесе соңғы сессия үшін транскрипт, сондай-ақ, ЖОО-мен жасалған шарты, яғни, оқу ақысының құны көрсетілген құжаты болса болғаны. Қосымша банк талап еткен өзге де құжаттар тізімі бар.

Бұл «Қаржы орталығының» білім берудің қолжетімділігін арттыруға, білім беру саласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларының бірі. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс аясында жатақханалар салу, әрі ескілерін қайта қалпына келтіру. Ал, осы аталған жобаларды ілгерілету үшін меморандумға қол қойдық, – деді Біржан Нұржанұлы.

«Әлеуметтік студенттік несие» жобасы – студенттерді әлеуметтік және қоғамдық қызметке тартуға бағытталған. Жоба аясында Жоғары оқу орны студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта тапсыра алады.

Күндізгі оқу нысанындағы ЖОО студенттеріне әлеуметтік студенттік кредиттің бірнеше түрі ұсынылады. Мысалы, 20 сағаттық қызметі үшін 20 000 теңгеге кредит ұсынса, 50 сағаттық қызметі үшін – 50 000 теңгеге кредит беріледі. Ал, студенттер еріктілер қатарына өтіп, балалар, қарттар үйіне, білім беру мен өзге де әлеуметтік мекемелерге көмек көрсетуі керек.

Өткен жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығына өзгерістер енгізілді. Мұндай жобаға тек ЖОО студенттері ғана емес, колледж студенттері де қатыса алады. 2019 жылы волонтерлікте 6 негізгі бағыт болса, биыл 11-ге жетті. Қарағанды – үлкен аймақ. Мұнда жоғары оқу орындары мен колледждер көп. Сондықтан, барлық студенттерді аталмыш жобаларға қатысуға шақырамыз, – деді Ақжол Ахатұлы.

«Қаржы орталығының» бұл жобалардан басқа бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары бар. Олардың бірі – жатақханаларды салу және реконструкциялау.

2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, облыста аталмыш бағдарламаға қатысушы объектілер бар. Әрі жоба аясында жүзеге асқан нысандар да жоқ емес. Солардың бірі Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің 132 орындық жатақханасы қайта жаңартылған. Аталмыш мекеме алдағы уақытта 500 орынды жатақхана салуды жоспарлап отыр. ҚМУ-да 400 орындық жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Алдағы қазан айында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Сонымен қатар, жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша бірқатар жоба жүзеге асуда.

Ербол ЕРБОЛАТ.