Жаңалықтар

Металлургтер қаласының шығармашылық орталығы

Иә, биыл Теміртау Мәдениет сарайының құрылғанына 50 жыл толғалы отыр. Егер, тарих тезіне салсақ, қас-қағым сәт сияқты, ал адам өмірімен есептер болсақ, жарты ғасырлық ғұмыр. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, осы мерзім аралығында өмір-өзенмен бірге мұндағы қайнаған тіршілік бірде арнасынан асып тасыса, бірде бұйра толқындардай жағалауға жетіп жатты. Ауыз толтырып айтар жаңалықтар мен жаңарулар, жаңғырулар да молынан болды. Тіпті, тұтас бір ұрпақ алмасып та үлгерді. Дегенмен, осы елу жылда cәні өзгерсе де мәні өзгермеген ол – Мәдениет сарайы мен ондағы атқарылып жатқан іс-шаралар дер едік. Өйткені, Теміртау Мәдениет сарайы – бұл металлургтер қаласының шығармашылық орталығы.

Егер, сәл-пәл тарихи шегініс жасасақ, 1972 жылы бой көтерген ғимарат бастапқыда «КСРО-ның 50 жылдығы атындағы металлургтердің мәдениет және техника сарайы» деп аталған. Ғимаратты безендірумен сол кездегі РСФСР-дің еңбегі сіңірген суретшісі Б.Тальберг айналысқан. Ол ғимараттың маңдайшасына металлург, диқаншы, жауынгер және ғарышкер бейнесіндегі маскаларды орналастыруды құп көріпті. Онысы күні бүгінге дейін ажарынан ажырағаны жоқ, алыстан менмұндалайды.

Сөз реті келгенде айтарымыз, қаламыздың байырғы тұғыны, ардагер металлург, көсемсөз шебері Смағұлдың Тілеубердісі өзінің «Өрім жылдар» мақаласында 1969-1971 жылдары қалалық комсомол комитетін басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың қаладағы құрылыстардың барысын сынап, жастардың ынталы жұмыс істеуіне құрылыс басшыларының жағдай жасамай отырғанын қадап айтқаны туралы мынадай нақты дерек келтіреді: «…1971 жылы желтоқсан айында болған Теміртау қалалық партия комитетінің есеп беру-сайлау конференциясында «Жастардың өнерпаздық творчествосын одан әрі өркендетуге, спорт пен денешынықтыруды дамытуға қолайлы жағдай жасалмай отыр. Металлургтердің мәдениет сарайы мен спорт комплексінің құрылысы тым ұзаққа созылып барады. Алдағы уақытта бас мердігер «Металлургжилстрой» тресінің басшылары бұған жеткілікті көңіл бөлгендері жөн». Міне, осылайша сиырқұйымшақтанған Мәдениет сарайы құрылысы жанданып, келесі жылы пайдалануға берілген екен.

Тарихи деректерге сүйенсек, Мәдениет сарайында «… озат жұмысшылар мен «Қарметкомбинат» жаңашылдарының өндірістік тәжірибесін насихаттау, социалистік жарысты түсіндіру, өнертапқыштық пен рационализаторлықты дамыту, еңбекшілердің мәдени бос уақытын ұйымдастыру, көркемөнерпазшылардың 23 ұжымы жұмыс істеп, оған 1,5 мың адам атсалысады. Олардың қатарында «Современник» театры, үрмелі оркестр, цирк студиясы, «Поиск» ВИА, «Звездопад» заманауи би ансамблі, камералы хор болған».

Теміртау Мәдениет сарайының бүгінгі келбеті қандай?

Мұнда қалалық және облыстық ауқымдағы барлық қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Мәдениет сарайының қызметі барлық жас топтарын қамтиды. Қазіргі таңда 1133 қатысушысы бар 36 клубтық құрылым, яғни өнер ұжымдары жұмыс істеп келеді. Ал, балалар мен жасөсірімдерге арналған 25 құрылымға 754 жасталап тартылған. Әрине, олардың жанрлары да саналуан, мысалы, ең алдыңғы орында әртүрлі бағыттағы би өнерін атап айтуға болады. Олардың қатарында тек облыс, республикамен шектелмей, шетелдерде ел намысын қолдан бермей, түрлі өнер байқауларында топ жарып жүрген «Вдохновение» (жетекшісі Бағлан Қайдасынова) үлгілі ән-би ансамблін мақтанышпен айта аламыз. Мұнан әрі қарай вокальды жанр, театр, фольклорлық бағыттағы ансамбль, әуесқой бірлестіктер, фотостудия және басқалар деп жалғастыра беруге болады. Сонымен қатар, он өнер ұжымының «үлгілі» және «халықтық» деген атағы бар. Бұл үнемі шығармашылық ізденіс пен осы жолда ерінбей-жалықпай еңбектеніп төккен тердің нәтижесі. Осындай мәдениет майталмандарының бір шоғыры өткен жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды, олардың қатарында «Современник» халықтық театрының жетекшісі Виктор Горемыкин мен «Дарын» балалар вокальды ансамблінің жетекшісі, әнші Жанна Хасенова бар.

Мәдениет сарайында өткізіп жатқан іс-шаралар әлемді дүрбелеңге салған кешегі індет дендеген кезде де саябырсығаны жоқ, керісінше онлайн форматта жалғасып, қызметкерлердің біліктілігі одан сайын артқаны анық. Бұл ретті өткен жылы жалпы 151,6 адамды қамтыған 621 іс-шара өткен болса, соның 205-і офлайн, ал 416-сы онлайн болғанын айтсақ та жеткілікті. Ал, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 135 іс-шара өтіп, 30,9 тұрғын қамтылды. Талғамы биік көрерменнің көзайымына айналған іс-шаралар жайында айтар болсақ, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай өткен «Роза салған әндер-ай» атты концерттік бағдарлама, қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында өткен «Әлемнің жарығын сыйлаған АНА» конкурсы, әз Наурыз мейрамы аясында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» сән фестивалі, «Батамен ел көгерер» аталар конкурсы сияқты кештерді жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады.

Қай салада болмасын, жүзеге асырылатын барлық ауқымды істің жоспарлануы мен мақсатқа сай орындалуы кадрлардың білімділігі мен біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне және өз мамандығына деген адалдығына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Біздегі шығармашылық ұжым нағыз өнерді түсінетін, бағалайтын жандар. Жыл сайын жаңа бағдарламалар, қойылымдар мен көрмелер, концерттер мен тақырыптық кештер секілді іс-шаралар көптеп өтуде және қалың көрерменнің көңілінен шығып келеді, дейді Теміртау Мәдениет сарайының директоры Гүлнар Қадырова.

Соңғы жылдары қаламызда жүргізілген оңтайландырулардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс бөлімі, балалардың бес аула клубы мен ардагерлер клубы қатарымызды толықтырғанын айта кеткенім жөн болар. Сондықтан, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп жатқан жайымыз бар. Мысалы, заманауи жарық және дыбыс жабдықтарымен жасақталған үлкен көрермендер залына LED экран, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс бөліміне акустикалық жүйесі бар дыбыс жазу студиясын сатып алу жоспарлануда. Алдағы жылы Мәдениет сарайының ішкі үй-жайларын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда, бұған дейін дизайнерлік жобаға сәйкес көрермендер залына, вестибюльге, баспалдақтар аралғына, Vip бөлмеге, қосалқы аумақ ғимаратының қасбетіне, сору-сыртқа шығару желдеткішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қатарымызға қосылған балалар аула клубтары мен ардагерлер клубы ағымдағы жөндеуден өтті. Бес аула клубы қажетті жиһаздармен, техникалармен қамтылды.

Міне, бұл Мәдениет сарайының бүгінгі жай-күйі мен тыныс-тіршілігінің бір парасы. Биылғы Мәдениет сарайының 50 жылдығымен мұндағы бірнеше өнер ұжымдарының мерейтойлары қабат келіп отыр. Олар: ардагерлердің «Магнитка» вокальды ансамбіліне –10, «Гюзель» үлгілі би ансамбіліне – 15, «Муравейник» балалар театрына – 35, «Сплав» халықтық фото клубына – 45 және «Ронд» үлгілі спорттық бал биі студиясына – 50 жыл.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы 16-наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын: «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!» деп түйіндеген еді. Жарты ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған Теміртау Мәдениет сарайы қызметкерлері жаңа Қазақстан құру жолында бойларындағы білім-білігін, пайым-парасаты мен іс-тәжірибелерін ұлттық өнер мен мәдениет саласын өркендетуге жұдырықтай жұмылып жұмсайды деп сендіреміз. Өйткені, болашақтың дамуы мәдениетке сүйенген құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты.

Руза АЛДАШЕВА,

Теміртау Мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button