Бас тақырып

Мешеу қалған медициналық туризм немесе “қолда барда алтынның қадірі жоқ”

Елдегі туризм – мемлекет экономикасында енші бұйырмаған сала. Дәлірек айтқанда, санда бар, санаттан шығып қалған сала. Ақиқатын айтайық, туризм дегенде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегеннен аса алмаймыз. Ұлан байтақ жеріміз деп кеуде соққанымызбен, соның ұлтарақтай жерінде туризмді түлете алмай отырмыз. Бұған, ең әуелі, жер асты байлығына мастанған, соны місе тұтқан экономикалық енжарлық себеп. Екіншіден, мемлекеттің өзінің бұған екінші кезектегі жоба ретінде көз жұма қарауы түрткі. Азаттық алған отыз жылдың соңғы он жылдығында мейлінше индустриалдық, өнеркәсіптік жобаларға басымдық берілді. Туризм таза кенже қалған-ды. Тек былтырғы жылы Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданды. Ол бағдарламада Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті әбден сарапталды. Сол сараптауды қарап отырсақ, «қолда бар алтынның қадірін әбден қашырған» екенбіз…

ШЕТЕЛ МЕДИЦИНАСЫНА СЕНІМ – ЖОҒАРЫ

Әлем туризмнің түр-түрін талдап, әрқайсысынан әжептәуір табыс тауып отырса керек. Ең аяғы, денсаулыққа қажетті ауа мен судан тауар жасап алған. Түрлі ем-домдарын тағы табысқа айналдырған. Мұны өздері медициналық-шипажайлық туризм дейді. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Шыбын жанын шүберекке түйіп, шекара асып кетіп те жатады. Бұл орайда, бүгінде Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Германия, Англия, Израиль, БАӘ, Шығыс Еуропа сияқты елдер алдына жан салмай тұр. Зерттеулер Қазақстан «туристік донор» қызметін атқарады дейді. Шипа іздеп шарқ ұрған жұрт солай қарай ағылады. Өйткені, елдегі медициналық-шипажайлық туризмнің өзгенің бәсекесіне төтеп берер пәрмені жоқ.

– Клиникалардың менеджменті мен сервисінің төмен деңгейі, халықтың жеткілікті құлағдар болмауы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және медицина жүйесіне халықтың ниеттес болуының төмендігі, – дейді Мәдениет және спорт министірлігінің өкілдері.

Алайда, құзырлы орындардың айтуынша, Қазақстан медициналық, сондай-ақ, сауықтыру туризмін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласында жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсететін заманауи медициналық кластердің болуы, заманауи медициналық клиникалардың, стоматологиялық, косметологиялық және ЭКО-орталықтардың дамыған желісі және т.б. Қазақстанның жеті клиникасын JCI (JointCommissionInternational) халықаралық аккредитациялық комиссиясы сертификаттаған, ол медициналық көрсетілетін қызметтер мен пациенттер қауіпсіздігінің алтын стандарты болып табылады, тағы бір клиниканы EFQM – Еуропалық сапа менеджменті ұйымы сертификаттаған. Десек те, халық сыртқа ағылады. Неге?

Негізі, Қазақстанда сапасы шетелдікпен бірдей медициналық қызметтер бар. Алайда, нарық – жүйесіз. Клиникалардың саны шектеулі. Оған қоса, медициналық туризмге маманданған шетелдік клиникалардың қалыптасқан маркетингтік саясатымен бәсекелесе алмайтынын да жасырмайды мәліметтер.

ӘЛЕУЕТ – ЗОР, ҚАРЕКЕТ – КЕМ

Министрліктің деректеріне сүйенсек, сауықтыру туризмін дамыту үшін Қазақстан аумағында алуан түрлі туристік-рекреациялық ресурстар бар. Қазақстанда 20 курорттық аймақ тіркелген. Оның негізгі бөлігіне барлау жасалған. 500-ден астам емдік минералды су көздері, 78 балшық көлі, 50 климаттық жерлер сияқты табиғи емдік факторлары бар курорттық аймақтар Қазақстанда рекреациялық-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді.

Дей тұрғанымен, кейінгі жылдарда шипажайдың қатары мүлдем толықпаған, 66 нысан шамасында. Оған келушілердің саны соңғы кезде кемімесе, көбеймеген. Бұған шипажайлардың материалдық-техникалық ахуалы мен сұраныс иеленбеуі ықпал ететінін де жоққа шығара алмаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сала – мемлекеттік қолдаудан мақұрым қалған сала.

Ал, біле-білсек, осыдан бірер ғасыр бұрын қазақ жерінде ресейліктер, шетелдіктер арнайы келіп емделген. Немен? Қымызбен. Қазақ даласының саф ауасымен. Қымызбен емдеу шипажайлары өте-мөте танымал болған десек, сенесіз бе? Мәселен, «Бүгінгі таңда осы қымызбен емдеу шипажайлары неге жанданбайды Арқада?» деген сауал көкірегімізде көптен кептеліп жүр. Осындай жобалар медициналық туризмнің тынысын ашар ма еді?

ҚЫМЫЗБЕН ЕМДЕУ – ТУРИЗМГЕ БАСТАУ

 Қымызбен емдейтін шипажай Жамбыл облысында бір кездері ашылғанын білеміз. Осылайша белгілі бір шаруашылық құрылым қымызбен емдеу кешенін тұрғызды. Дәл осындай жоба Қарағанды аймағында сұранып тұрғаны анық. Қарағанды өңірінде көктем шыға бие байлап, қымыз ішпейтін ауыл кемде-кем. Яғни, әлеует шаш етектен. Жетіп, артылады. Мүмкіндік мол.

Қымыздың емдік қасиетін білген ресей дәрігерлері сонау ХІХ ғасырдың өзінде қымызбен емдеу шипажайларын Ресейде көптеп аша бастады. Мәселен, Самарада Нестер Постниковтың алғашқы қымызбен емдеу шипажайын 1858 жылы ашқаны тарихтан мәлім. Бұдан кейін бұл бағытты профессор А.Рубель жалғастырған. Оның Андреев қымызбен емдеу емханасы болғаны белгілі. Ал, 1909 жылдың өзінде Ресейдің әр түкпірінде 40-қа жуық осындай емдеу орындары емделушілерді қабылдаған. Көкшетауда ресейлік ғалым баласын емдеуге әкеліп, сонда қымыздың шипажайын ашқаны және жария. Оны қойыңызшы, Кеңес одағы кезінде, тіпті, қымызбен емдеудің желісі қанат жайған. Осыдан-ақ қымызбен емдеу жобаларының экономикалық қана емес, әлеуметтік салдарын бағамдауға болады.

Башқұрт Президенті Рүстем Хамитовтың Қазақстанға бірлесе отырып, қымызбен емдеу ұйымдарын ашу туралы ұсынысын ескеретін кез келді.

Қазіргі уақытта қымыз өндірісі мен онымен емдеуді Белоруссия, Башқұрт, Ресей елдері жолға қоюда. Нақтырақ айтсақ, деректерде осы күні Ресей балаға арналған тағам шығарып отыр. Якутияда қымыз туралы арнайы заң қабылданған. Мұның сыртында АҚШ, Ресей, Қытай жылқының басын көбейтіп әлек. Біздің елде ше?

«БІР ҚАЙҒЫНЫ ҚОЗҒАСАҢ, МЫҢ ҚАЙҒЫНЫ ҚОЗҒАЙДЫ»

 Қымызбен емдеу жобаларын батыл ұсынып, оны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтитын кезең – осы. Ірі қара, қой фермаларын ғана емес, жылқы фермаларын соның негізінде қымызбен емдеу шипажайларын ашу – аймақтың туристік тартымдылығын жақсартатыны даусыз. Өйткені, қазір бүкіл әлемнің аузында қымыз жүр. Сондықтан да, шетелдіктер үйірімен жылқы айдап, бие байлауға көшті. Біз бардың қадірін біле алмай келеміз. Өкінішті-ақ. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» екен, расында…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button