Қарқаралы қаласының биылғы екі ғасырлық тойы әдеттегідей аста-төк дабырамен емес, ілкімді істермен, қайырлы шаралармен астасып жатқаны қуанышты. Әрбір атқарылған ауқымды шаруа солай болуы тиіс дүниедей рет-ретімен жасалып, ел соның игілігін көріп жатыр. Кейінгі уақыттың өзінде Қарқаралы ауданында көп істің тындырылғанын Ата Заң күні мерекесінде байқадық.
Мемлекеттік мерекеге орайластырылған негізгі мәдени-көпшілік шара Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде өтті. Бұл ғимарат тарихи мекеннің биылғы мерейтойына орай күрделі жөндеуден өткізіліп, дәл осы Конституция күні жаңарған, жаңғырған келбетімен қайта ашылды.
Мерекелік шараның шымылдығын жергілікті «Салтанат» ән-би ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түрді. Бұдан соң аудан әкімі Әділжан Арғынұлы Конституция күні құрметіне жиналған қарқаралылықтар мен қала қонақтарын құттықтап, өңірдің экономикасы мен әлеуметтік-мәдени өміріне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға арнайы марапаттар табыс етті.
Мерекелік кеш биыл құрылғанына 55 жыл толған «Салтанат» ән-би ансамблінің концертіне ұласты. Осы жазда Польша мемлекетінде өткен халықаралық фольклорлық фестивальге қатысып, Гран-при иеленіп қайтқан өнер ұжымы көрермендеріне сол байқауға апарып олжалы оралған бағдарламасын ұсынып, жерлестерін ән мен бидің қуанышына бөледі. Бір құптарлығы, аудан басшысы Еуропа төрінде қазақ өнерінің мерейін өсірген ансамбльдің алдағы уақытта да алыс-жақын елдерде өнер көрсетуіне қолдау жасалады деп сендірді.
Мереке күні Қарқаралыда жаңадан «Айым» жекеменшік балабақшасы ашылды. Жергілікті кәсіпкер Назира Тіленшина ашып отырған отыз орындық бөбекжайға екі-үш жастағы балдырғандар қабылдануда. Сәбилер үшін бұл балабақшаға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша «Индиго» электронды жүйесі арқылы жолдамалар беріледі. Осы бағыт бойынша жұмыс істеу үшін аудандық білім бөлімі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын жүзеге асыруға конкурс жариялаған болатын. Конкурста мойындалған балабақшаға ата-аналардың тиісті төлемінен бөлек, әр бала үшін мемлекет тарапынан қосымша қаражат төленіп отырады. Яғни, мемлекет осындай жолмен жеке кәсіпкерлерге де қолдау жасайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Конституция күнінде бірнеше игі шаруа сәтімен келіп, Қарқаралыдағы «Плотина» туристік кешенінің ашылу салтанаты да осы күні өтті. Кейінгі екі жылда қаланың тауға жақын бөлігінде орналасқан су қоймасының айналасына ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген еді. Бүгінде су қоймасының айналасы айтарлықтай ажарланып, жергілікті халық пен қонақтардың демалысына арналған құрылыс нысандары бой көтерді.
Аудан басшысы өз сөзінде қаланың мерейтойы аясында жүргізіліп жатқан көркейту, абаттандыру жұмыстары, туризмді дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жалғаса беретінін атап өтті.
– Қарқаралының байырғы тұрғыны ретінде осындай игіліктерге көзіміз де, көңіліміз де қуанады. Бөген басын көркейту, абаттандыру үшін қыруар жұмыстар атқарылғанын көрдік. Енді, міне, халықтың ортақ ырзығына айналды. Қаламыз әлі де көркейе берсін, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Дәулет Дүйсебаев.
Плотина аумағын қайта жаңартуға жергілікті бюджеттен 499 млн теңге бөлінген екен. Жұмыстарды жасаған мердігер «Ғимарат KZ» ЖШС екі көлеңкелі самалжай, бір шатырланған самалжай, үлкен әткеншек, жаяу жүргіншілерге арналған көпір, жағалауда қайықтар доғаратын орын жасады; 2 754 шаршы метрге асфальт төседі және 3 289 шаршы метрге тротуар салды.
– Өзім де туризм саласында жұмыс істегендіктен, қаланың көркі артып, жаңа нысандардың көбейе түскенін қолдаймын, – дейді қарқаралылық Азамат Рақышев. – Бұл біздегі әсем табиғат аясында демалғысы келетіндердің қызығушылығын арттырады, туризм саласындағы кәсіпкерлердің де жұмысы алға басады.
Айта кету керек, ауданда «Бұғылы» рекреациялық аумағының жобасы әзірленген. Осы жобаға сәйкес, плотинаға жақын аумақтағы 75 гектар жер алдағы уақытта кешенді туристік аумаққа айналуы тиіс.
Жаңа кешеннің ашылу салтанатына жиылған қауымды «Ғимарат КZ» ЖШС-нің өкілі Дархан Дәуренбеков пен аудандық кәсіпкерлер ұйымының төрайымы Бақытгүл Абдуллина, мереке күні атамекеніне арнайы келген жерлесіміз, жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионы, гроссмейстер Қазыбек Нөгербек құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, Қарқаралының тазалығына көп үлес қосқан жастардың «Жасыл ел» еңбек жасақтарының биылғы үздіктерін марапаттау рәсімі де осы күні өтті.
Қысқасы, Ата Заңымыздың мерекесін қарқаралылықтар аса жоғары деңгейде, әрі пайдалы, әрі көңілді өткерді. Думанды кеш мерекелік отшашуға ұласты.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарқаралы ауданы