Жаңалықтар

Мереке қарсаңында қосымша автобустар жолға шығады

Наурыз мерекесіне орай Қарағанды автобекетінен қосымша автобустар жолға шықпақ. Негізінен, сұраныс жоғары бағыттарға қатынайтын көліктер саны көбейтіледі.

Бүгінде қосымша автобустар 20-21 наурыз күндері сапарға шығатыны белгілі болып отыр. Яғни, жолаушылар бұл күндері Қаражал, Павлодар, Жезқазған, Шымкент, Алматы, Қызылорда, Балқаш қалалары, Нұра, Атасу кенттері мен Ақтоғай ауылы бағыттарындағы қосалқы автобустарға міне алады. Бір ескерері, қосымша автобустар 20 наурыз күні – кешке, 21 наурыз күні – таңертең және кешке жүреді.

Десек те, автобекет басшылығы сұраныс артып жатса, бағыттар бойынша жасалатын рейстер санын бұдан да арттыруы ықтимал.

Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорны мереке күндері қалааралық пойыздар қатарын көбейтпек. Яғни, Астанадан Павлодар, Алматы қалаларына, Алматыдан Арыс қаласына, Қызылордадан Атырау қаласына баратын пойыздар саны артады. Аталған пойыздар 19-25 наурыз күндері халыққа қызмет көрсетеді.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қарағанды тұрғындары үшін бұл жаңалық өте қолайлы екені сөзсіз. Кәсіпорынның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, осы күндері 18 мыңнан астам жолаушы теміржол қызметін пайдаланады деп күтілуде.

 Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button