Қарағанды

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Тіл туралы сөз қозғалғанда, бұл мәселенің ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуды жеке бөліп алмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып отырған мәселе – орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту. Сонымен қатар, бұл тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Бүгін біздің мақсат – орыс мектептерінде қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар, алдымызда отырған шәкірттерге Отан қадірін сезінтіп, ұлт жауапкершілігін ұғынатын тұлға қалыптастыру.

Мемлекеттік тілді орыс мектептеріндегі оқушыларға үйрету – аса күрделі ізденісті қажет ететін жұмыс. Оқушыларға мемлекеттік тілді үйретуде жақсы жетістіктерге жетуі үшін біріншіден, пәнді үйрету, ғылым негіздерімен қаруландыру, екіншіден, саналы, мазмұнды, бағдарлама мен оқулықтар әзірлеу, үшіншіден, әрі тиімді, әрі пайдалы инновациялық технологияларды пайдалана білу қажет. Сонда ғана біз оқушы бойындағы тілге деген қызығушылықты арттыра аламыз. Себебі, сабақтың қызықты, сапалы өтуі тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты екені даусыз.

Соңғы жылдардағы тілші, әдіскер ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, “мектеп оқушыларының көпшілігі сөздік қорға жұтаң. Сөз тіркесін, сөйлем және мәтін құруда дәрменсіздік танытатындығын, ойын жүйелі түрде жеткізе алмайтындығын, ауызша сөйлеу дағдысының төмендігін байқауға болады” деген пікірді жиі естиміз.

Осы тұрғыда, өзге тілді оқушылардың ауызша сөйлеу әрекетін қалыптастыру – бүгінгі күннің өткір мәселелерінің біріне айналды. Әр мұғалім мектепте жұмыс атқару барысында білім беру мен тәрбиелеуде оңтайлы нәтиже беретін өз әдістемесін құрғаны жөн. Сол жағдайда ғана жыл сайын оқушылардың білім деңгейінің артуын байқауға болады.

Сондықтан, біздің мақсатымыз, өзге ұлт өкілдерін қазақ қылып шығару емес, оларға мемлекеттік тілді үйретіп, алған білімдерін іс-жүзінде іске асыра білуге тәрбиелеу. Үйренушіні жаттанды сөйлеуге дағдыламай, үйренген сөздерін сөйлеуде, әңгімелескенде дұрыс қолдана білуге негіздеу.

Роза ЖҰМАҒҰЛОВА,

81 орта мектеп мұғалімі.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button