Мемлекет басшысы Серік Ақсұңқарұлын мерейтойымен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жерлесіміз, қазақтың көрнекті ақыны Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫНА 70 жылдық мерейтойына орай Құттықтау хат жолдады. Онда ақынның азаматтық ұстанымы, шығармашылығы мен кесек болмысына қатысты Мемлекет басшысының ыстық ықыласы мен құрметі айғақталған. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Алаштың адуынды ақынына мол шығармашылық табыс, отбасына амандық тілеген.
Біз де ақын ағамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, Құттықтау хаттың толық мәтінін ұсынамыз.
«Құрметті Серік Ақсұңқарұлы!
Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Өзіңізді ұлттық поэзиямыздың дамуына үлкен үлес қосқан айтулы ақын, ардақты азамат ретінде ерекше құрметтейміз.
Сіз әдеби ортаға ерте танылып, қайталанбас туындыларыңызбен оқырман қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» деп аталатын шығармаңыздың қазақ поэзиясындағы үлкен жаңалық деп бағалануы – соның айқын дәлелі.
Ақындықпен қатар, аударма ісін жетілдіруге зор еңбек сіңіріп, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейттіңіз. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филииалының басшысы ретінде табысты қызмет атқардыңыз.
Қоғам өміріне етене араласып, әрдайым азаматтық және қаламгерлік ұстанымыңызды батыл танытып келесіз.
Алдағы уақытта да ақындық арыныңыз, қаламгерлік қарымыңызбен халқыңызға бағалы рухани құндылықтар сыйлай беріңіз!
Сізге мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» – делінген Құттықтау хатта.