Бас тақырып

Мемлекет баланы “шөміштен қақпайды”

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындауға қатысты өзгерістер күшіне енгені белгілі. Енді көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа жәрдемақы беріле бастайды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде әртүрлі пікір туындауда. Көпбалалы аналар мемлекеттік жәрдемақыға құжат жинау барысындағы бір айда балаларының мектепте ыстық тамақсыз қалатынынан қауіптенеді. Сондай-ақ, аналар «құжат жинау жөнінде ертерек ескертсе, қыстың қақаған аязында Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жағаламас едік» дейді.

 

«БАЛАЛАРҒА ТҮСІНІСТІКПЕН ҚАРАЙМЫЗ»

Мәселе төңірегінде қаладағы білім ошақтарының басшыларына қоңырау шалдық.

– Жаңа жәрдемақыға байланысты кейбір ата-аналар құжаттарын жаңартып, қайта тапсыруда. Оларға түсіністікпен қараймыз. Бірақ, мектепте балаларға тамақ беруді тоқтатқан жоқпыз, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған мектеп директоры. Ал, облыстың білім басқармасының маманы Гүлдана Ерболатқызы атаулы әлеуметтік көмек мәселесі қоғамдағы өзекті тақырыпқа айналғанын біле тұра, түрлі әңгіме ойлап тауып, елді дүрліктіруге болмайтынын айтады.

– Ел арасында кейбір мектептердің ата-аналары тарапынан көпбалалы отбасылардың балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету тоқтады деген алыпқашпа әңгіме айтылуда. Тамақпен қамту тоқтаған жоқ. Тек, білім ошақтары биылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жаңа жәрдемақы алуға қосымша құжаттар сұратуда. Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу – Мемлекет басшысының өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген. Онда табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағыты айтылған.

Бұл – табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың бір бағыты, – деді Гүлдана Ерболатқызы.

Сондай-ақ, білім басқармасының маманы халыққа жаңа жәрдемақыға қатысты түсіндіру жұмыстары өткен жылдан бастап айтылып келе жатқанын атады. Оны (2020 жылғы 1 қаңтардан енгізілген АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін) Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырғанын тілге тиек етіп, жаңа жәрдемақының кімдерге, қалай төленетінін айтып берді.

ЖӘРДЕМАҚЫ КІМДЕРГЕ ТӨЛЕНЕДІ?

 Мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек – табысы аз отбасыларға, соның ішінде, көпбалалы отбасыларға төленеді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер, еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. Ал, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, «Батыр ана» атағын алғандарға, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының көлемі табысқа қарамастан 16 973 теңгені құрайды. Мүгедек баланы кәмелет жасына толғанға дейін тәрбиелейтін анаға немесе әкеге, асырап алушыға тағайындалатын және төленетін жәрдемақы көлемі 43 657 теңге болады. Дәл осындай мөлшердегі жәрдемақы бала кезінен I топтағы мүгедекті бағып-қағу үшін төленеді. Сонымен қатар, жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандарға, асыраушысынан айырылғандарға және жұмыстан шығып қалғандарға әлеуметтік төлем тағайындау барысында қолданылатын параметрлер де өзгеріске ұшырап, төлем орташа есеппен 30 пайызға көбейді. Жұмысынан айырылған, бірақ оған дейін 100 мың теңге көлемінде орташа табысы болған және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 5 жылдан асатын адамдар үшін төлем сомасы 30 мыңнан 41 600 теңгеге дейін ұлғайды.

ӘР БАЛАҒА – БІР ПАКЕТ

Жаңа жәрдемақы аясында АӘК төлеу тетіктерін түзету мақсатында табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Онда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған.

– Балалардың ағзасына темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, азықтүлік тауарларының қатарына Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған талапқа сай жарма, пюре, шырын, сүт және тағы басқалары енгізілді. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Тіс пастасы, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі, – дейді қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары.

Ал, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ, тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Азықтүлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі. Тауарлар сатып алынатын мекемелер Үкіметтің қаулысымен бекітілген.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button