Облыс әкімдігінде

Мектеп вахтері кетеді орнына күзет келеді

Облыстың 390 оқу орнында мамандандырылған күзет жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, мектептерде дабыл түймесі бар турникеттер, дауыстық хабарлау және бейнебақылау жүйелері орнатылады. Осы мақсатта Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушылардың кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі.

Балалар қауіпсіздігіне қатысты қабылданған шаралар аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Кездесуде екі негізгі мәселе – балаларға қарсы қылмыстың алдын алу және аймақтағы бала қауіпсіздігі талқыланды.

Қазіргі таңда кәмелетке толмағандарға да, балалардың өздеріне де қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың өсуін төмендету маңызды болып отыр.

Қарағанды облысы ПД ЖПҚҚБ басшысының орынбасары Арман Оразбаевтың айтуынша, полиция есебіндегі және кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеушілерді тексеру жалғасуда. Осы жылдың мамырынан бастап, өгей әкесі бар отбасыларды аралау басталды.

Қылмыстың алдын алу үшін біз ювеналды полиция есебіндегі барлық тұлғаларға талдау жүргіздік. Тәуекел тобын анықтадық. Сондай-ақ, Қазан қаласындағы оқиғаға байланысты 574 оқу орнында зерттеу жүргізілді. Нәтижелері білім басқармасына жолданды, – деді Арман Оразбаев.

Кеңесте мектеп инспекторларының саны жеткіліксіз екендігі туралы да сөз болды. Мәселе түбегейлі шешілмейінше, оқу орындарына аймақтық инспекторлар бекітілген.

Сондай-ақ, мектептерде қауіпсіздікті күшейту туралы шешім қабылданды. Бейнебақылауға, жедел сигнал беру жүйелеріне қосымша қаражат салынады.

Бұл жол картасы жөнінде құзырлы органдармен келіссөздер жүріп жатыр. 500-ден астам оқушысы бар 249 ұйымда дабыл түймесі бар турникеттер орнату жоспарланған. Сонымен қатар, 617 оқу орнында дауыстық хабарлау жүйесі жұмыс істейді. 471 ұйымда орталық бақылауға қосылған бейнебақылау жүйесімен қамтылуы кезең-кезеңмен ісе асады, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Вахтерлер мен күзетшілердің ставкаларын қайта бөлу есебінен 390 білім беру ұйымдарында мамандандырылған күзет енгізіледі.

Қазандағы қайғылы оқиға балалар мен білім беру нысандарының қылмыстан қорғалмағандығын көрсетті. Жағдайды жақсарту үшін барлық жүйелерді бірігіп, әрекет етудің мәні – зор. Ол жүйелер – полиция, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, қамқоршылық және қорғаншылық ұйымдары, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, әкімдіктер. Басты мақсат – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Жол картасында психологиялық қызметке де ден қойылды. «Балалар қауіпсіздігі бойынша мектеп тренері» авторлық бағдарламасы негізіне облыстың 70 педагогы оқытылды. Психологиялық қызметтерге көмек ретінде 200 мектепте психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Онымен әзірге Қарағанды, Теміртау және Саран қамтылды.

Жыл соңына дейін 8 әлеуметтік жоба іске қосылады. Оның ішінде отбасылық және адамгершілік-жыныстық тәрбиеге, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалар да бар.

Консультативтік көмек көрсету мақсатында білім басқармасының 25-25-02 жедел желісі тұрақты жұмыс істейді. Гүлсім Қожахметованың айтуынша, мәселелер бір сағатта қарастырылады.

Жазда балалар арасында жазатайым оқиғалар мен құқықбұзушылықтар көбейетіні белгілі. Мұның себебі – бос уақыт, ата-аналар мен мұғалімдердің назарынан тыс қалуы. Облыс әкімі барлық балалар алаңын тексеруді, ПИК төрағаларын, ата-аналарды жұмысқа жұмылдыруды және мобильді топтардың қызметін күшейтуді тапсырды.

Жалпы, балалардың жазғы демалысына қала сыртында 11 лагерь бар. Әзірге лагерьлер рұқсат берілуін күтіп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button