Мектеп алаңынан футбол академиясына дейін: Қарағандыда футбол инфрақұрылымы дамып келеді
Қарағанды облысында футбол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Өңір қалаларында жаңа алаңдар пайда болып, қолданыстағы стадиондар заманауи жабындармен және жаттығулар мен жарыстар өткізуге қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуде.

Жүзеге асырылған жобалардың бірі — Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназия жанындағы жаңа шағын стадион. Көлемі 20×40 метр болатын алаң FIFA Quality Pro санатындағы жасанды жабынмен, жарықтандыру жүйесімен, трибуналармен және қоршаумен жабдықталған. Мұнда мектеп сабақтары, жаттығулар мен матчтар өтеді.

FIFA Quality Pro — жасанды футбол жабындарына арналған FIFA стандарттарының бірі. Ол алаңның ойын сипаттамаларына жоғары талаптар қояды: доптың серпілуі мен қозғалысы, жабынмен ілінісу, соққыны жұмсарту және ойын сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да параметрлер бағаланады. Осындай санаттағы жабын тағы екі жаңартылған толық өлшемді алаңда — Абайдағы «Жігер» және Сортировкадағы «Локомотив» стадиондарында да қолданылған.

«Локомотивтегі» реновация тек футбол алаңымен шектелген жоқ. Мұнда дренаж жүйесі жасалып, жаңа жарықтандыру орнатылды, жүгіру жолдары асфальтталды. Соның арқасында стадионды қараңғы түскеннен кейін де белсенді пайдалануға болады. Мұнда балалар мен жасөспірімдер командалары, ересек футболшылар мен әуесқой ұжымдар жаттығып, матчтар өткізе алады.

Абайдағы «Жігер» стадионында да толық өлшемді жасанды жабын жаңартылып, жаңа дренаж жүйесі жасалды. Енді алаң тұрақты жаттығулармен қатар әртүрлі деңгейдегі жарыстарды — облыстық, республикалық және әуесқой турнирлерді өткізуге мүмкіндік береді.

Бұл нысандардың барлығы Қарағанды облысында футболды дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған стратегиясына кіреді. QOFA инфрақұрылымдық жобаларды қауымдастық президенті Тимур Турловтың бастамасымен және Freedom қаржылық қолдауымен жүзеге асырады. Freedom мен Қарағанды облысының әкімдігі 2025 жылдың желтоқсанында қол қойылған футболды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында да бірлесіп жұмыс істейді. Құжат 2029 жылға дейін өңірдегі футбол нысандарын салу мен жаңартуды көздейді.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Келесі кезеңде ALGA! жобасына қатысушы мектептер үшін тағы алты шағын форматты футбол алаңын салу жоспарланған. Бұл заманауи алаңдардың географиясын кеңейтіп, көбірек балаға өз мектебінің жанында тұрақты түрде футболмен айналысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңа заманауи академиясының құрылысы жалғасып жатыр. Кешен шамамен 10 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда UEFA-ның 4-санат талаптарына сәйкес келетін 3500 көрерменге арналған стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж және толық өлшемді жаттығу алаңы салынады.
Академия тек жаттығу процесіне арналмайды. Жоба аясында ұлдар мен қыздарға арналған интернат, медициналық кабинеттер, жаттығу залдары, бассейн, сауна және асхана қарастырылған. Нысандар бір-бірімен жылы өткелдер арқылы жалғасады, ал кешеннің айналасында қосымша спорттық және қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Нысанды 2027 жылы ашу жоспарланған.
Осылайша, инфрақұрылымдық бағдарлама бірден бірнеше деңгейді қамтиды — шағын мектеп алаңдарынан бастап толық өлшемді стадиондар мен футбол академиясына дейін. Жаңа нысандар тек Қарағандыда ғана емес, облыстың басқа қалаларында да пайда болып, балаларға, әуесқойлар мен спортшыларға футболмен тұрақты айналысуға жағдай жасайды.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ


