Мазмұны терең көрме
Өткен аптада «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтында Тілдер күніне орай «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» көрмесі ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кез келген қазақстандық, тұтастай алғанда, ХХІ ғасырдағы бәсекеге қабілетті қасиеттерге ие болу керектігін атап өтті. Бұл, ең алдымен, компьютерлік сауаттылық, шет елдер тілдерін білу, мәдени ашықтық. Көрменің идеясы бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттерге орындауға бағытталды. Себебі, қазіргі уақытта бірнеше тіл білу арқылы таным шекаралары кеңейеді.
Көрмеде білім беру жүйесіндегі көптілділікті дамыту мәселелері бойынша гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми циклі пәндері мұғалімдеріне, біліктілік арттыру курстары тыңдаушыларына әдістемелік көмек көрсетілді. Әртүрлі жас топтары үшін ағылшын тіліндегі заманауи әдістемелік құралдар кеңінен ұсынылды.
Қатысушылардың көрмеге ұйытқы болған институт ұжымына ризашылығы шексіз. Француз философ-жазушысы Вольтер айтқандай, «Көп тілді білу – бір құлыптың көптеген кілттеріне ие болу» деген мазмұндағы пікірлер мұғалімдер лебізінен айқын көрініс тапты.
А.БҰХАРБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының кітапхана басшысы.