Жаңалықтар

Маңызды мәселенің шешімі қайда?

«Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек». Бұл – Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмалардың бірі. Расымен де жастардың репродуктивті денсаулығы мәселесі ойлантатын-ақ жайт. Ерте жастағы жүктілік, түсік жасату жайттарының көбейіп кетуі, тіпті, туған сәбилерін тастап кететіндердің көбеюі салауатты өмір салтын ұстану, жастарға жыныстық тәрбие берудің ақсап тұрғанын көрсетеді. Елбасы жариялаған Жастар жылында бұл мәселелерді шеше аламыз ба? Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Еркін пікір» дискуссиялық клубының басқосуында талқыланды.

Бүгінгі жастарды көптеген сұрақтар толғандырады. Ой бөлісіп, пікір алмасу үшін жер-жерлерде коворкинг орталықтары ашылуда. Қоғамымыз цифрланған сайын біздің білім алуға мүмкіндігіміз артуда. Сендер кез келген нәрсе туралы ақпаратты оп-оңай тауып аласыңдар. Сол білімдеріңді дұрыс бағытта жұмсауларың керек. Денсаулық – қашанда бірінші орында. Отбасың – берік ірге тасың,– деген «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова жастармен ашық әңгіме өрбітті.
Қазіргі таңда отбасылардың 60 пайыздан астамы ажырасуда. Бұл еліміздегі әр үшінші отбасының шаңырағы шайқалады деген сөз. Қазір менің айтқандарым сендерге қызықсыз болар, дегенмен, жасы ұлғая келе адам керемет көлігім не болмаса айфоным болмады деп өкінбейді. Өмірді дұрыс сүре алмадым деп капа болады,– деді ол.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова да жастар үшін жасалған шаралар туралы сөз қозғады. Қазір қала емханаларында 9 жастар орталығы жұмыс жасап тұр. Оларда психолог, гинеколог, уролог, дерматовенеролог қабылдау жүргізеді. Жастар аты-жөнін айтпай-ақ өздерін мазалаған мәселелер туралы кеңесіп, медициналық көмек ала алады.
«Позитивті даму» жекеменшік мекемесінің директоры Оксана Панасиди жиналған жастармен психологиялық ойындар және тренингтер ұйымдастырды. Ойыннан да ой түюге болады. Маманның айтуынша, атаанасы баласымен репродуктивті денсаулық жайлы ашық сөйлесе алмайды. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің байыбына бара бермейтін жастар соңында ауыр қателіктерге ұрынып жатады. Бұл – ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның кінәраты.
Бұны біздің менталитетке жат деп қабылдауымыз да мүмкін. Бірақ, қыздарымыздың үйде отырып ана атануы, ұлдарымыздың жауапкершіліктен басын ала қашуы, кінәсіз сәбилердің үні шықпай жатып тұншықтырылуы қоғамның дертіне айналғанын жасыра алмаймыз. Маңызды мәселе бүгін өз шешімін таппаса, ертеңгі күніміз үшін күдік басым.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button