ЖаңалықтарРесми

Мақсат – нық, бағыт – айқын

Ел болашағына қатысты маңызды басымдықтың бірі – ұлттың болашағы, мемлекеттің арқасүйер тірегі жастарды қолдау саясаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас буынға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда, жастарды қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында аймақта кешенді іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен жастар кеңесінің отырысында айтылды.

 

– Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың бір тармағы. Оларды қолдау аясында жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырумен қатар ұсыныс-тілектерін де ескеру қажет. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, қолайлы орта қалыптастыру мәселелері басты назарда. Алдағы уақытта да жастар саясатын жүзеге асыруда іргелі іс-шаралар жүзеге асады, – дей келе, облыс басшысы кеңесте көтерілген мәселелер алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою. Осы орайда, облыста NEET жастар жобасы жүзеге асырылды. Жастардың мүмкіндіктері ескеріле отырып, қолдау мақсатында тегін қызмет түрлері ұсынылды. Облыс жастарының бастамасын қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар іске қосылды. Соның бірі – жастар ипотекасы. Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастардың төмен пайызбен несие алып, баспана сатып алуына зор мүмкіндік туғызды. Күннен күнге жас кәсіпкерлердің де қатары көбеюде. Дегенмен, елімізде жастар саясатының дамуы кешенді мәселе болғандықтан, әлі де басымдық беретін тұстары жетерлік.

– Статистика органдарының деректеріне сәйкес, осы жылдағы үш тоқсан қорытындысы бойынша облыстағы NEET жастардың үлесі 9,4%-ды құрады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,5%- ға төмен. Жағдайды жақсарту үшін әкімдіктер жыл бойы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аулаларды аралап, жастарды жұмысқа орналастыру, оқуға жіберу және тағы да басқа қолдау шараларын көрсетті. Жұмыстарды жүргізу барысында жастардың психологиялық жағдайы басты назарда болды, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран.

NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу барысында оларға психологиялық қолдаумен қатар, құқықтық кеңес қажет екені байқалды. Нәтижесінде бірқатар аудан, қалалардағы жастар ресурстық орталықтарында психолог және заңгерлік штаттар ашылды.

Биыл «Jas fund» жастардың зияткерлік және шығармашылық бастамаларын қаржылай қолдау қоры арқылы 5 млн.-нан астам теңгеге 20 жоба қолдау тапты.

– Осы жылдың үш тоқсанында жастар саны – 211,8 мың адамды құрады, оның ішінде жұмыссыз жастар – 4,0 мың адам, жастар жұмыссыздығының деңгейі – 4,3 пайызды құрады, бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғары. Жастарды жұмыспен қамтудың бірден-бір құралы – кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Биылғы өтініш берген жастардың 41%-дан астамы, сонымен қатар, 11 айда 15 мың жас жұмыспен қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында берілетін грант мөлшері де азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына 400 айлық есептік көрсеткішке артты, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үлйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсем Жүніспекова.

Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің адам құқықтары, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Динара Эмодзи балалар үйінің тәрбиеленушілерінің грант жобасына қатыспайтындығын айта келе, алдағы уақытта ескерілуі тиіс екенін жеткізсе, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Марат Түсіпов түрлі жағдайға түскен жастарды да қоғамға бейімдеу, әр аймақтағы белсенді, абыройлы жастармен бірлесе жұмыс жасау қажеттілігін, волонтерлер жұмысын жандандыруды қайта қолға алудың маңыздылығына тоқталды.

Өңірлердегі жастар мәселесі де назардан тыс қалмаған.

– Аудандағы жастар саны – 7 457 адам. Бұл аумақтың әрбір төртінші тұрғыны жас азамат немесе аудан халқының 30%-ын құрайды. Жастардың негізгі бөлігі, яғни 75%-ы ауылдық жерде, ал 25%-ы қалалық жерде шоғырланған. Жыл басынан 372 жас азамат кәсіпкерлікті дамыту жөнінде 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтылды. 2021 жылдан Қарқаралы ауданының жастар ресурстық орталығы «Samgau Upshift» жобасын жүзеге асырып келеді. Қарағанды облысы бойынша жобаны жүргізіп отырған жалғыз ресурстық орталық, – деген Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасар Тоқтар Көпжасаров NEET санатындағы жастар үшін аудан аумағында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен салауатты өмір салтын насихаттауда спорттың алатын орны ерекше. Осы орайда, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру мақсатында облыста 87 аула клубында 10 209 бала мен жасөспірім қамтылғаны, түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру мен тегін үйірмелердің де жұмыс жасап жатқандығы айтылды

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button