Жаңалықтар

Мақсат – өңірге қажет маман даярлау

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің іргетасы 1976 жылы педагогикалық училище ретінде қаланған. Білім ордасы содан бері бірнеше буын ұстазды тәрбиелеп, өңірдің білім жүйесінің дамуына үлес қосып келеді. Бүгінде колледж педагог даярлаумен қатар, инклюзивті білім беруге, ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуге және үдерісті цифрландыруға басымдық беріп отыр. Жарты ғасырлық тарихы бар, ұстаздар сабақтастығын сақтаған жоспары туралы колледж директоры Гүлмира Уатаевамен мерейлі мерекенің аясында сұхбаттасқан едік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Биыл колледждің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Жарты ғасыр бұрын негізі қаланған білім ордасы қандай даму кезеңдерінен өтті және оның бүгінгі бағыты қалай қалыптасты?

– Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің тарихы 1976 жылғы 25 қазаннан басталады. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1976 жылғы 3 маусымдағы №252 қаулысы мен тиісті шешімдер негізінде Қарағанды педагогикалық училищесі құрылды. Бұл облыс орталығындағы мұғалімдер даярлайтын алғашқы педагогикалық училище болды. Сол кезден бастап, оқу орнының негізгі міндеті – өңірдің білім беру ұйымдарына қажетті педагог мамандарды даярлау. Алғашқы жылдары «Музыкалық білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімдері ашылды. Кейін білім беру жүйесінің сұранысына сәйкес жаңа бағыттар біртіндеп енгізілді. 1977 жылы сурет және сызу бөлімі ашылса, кейін мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш білім беру және басқа да педагогикалық бағыттар бойынша мамандар даярлау аясы кеңейді. 2002 жылы технология, 2007 жылы қазақ тілі мен әдебиеті және дизайн мамандықтары ашылды. Осылайша, колледждің білім беру бағдарламалары кезең-кезеңімен толықты.

Оқу орнының атауы мен мәртебесі де бірнеше рет өзгерді. 1995 жылы Қарағанды педагогикалық училищесі Қарағанды педагогикалық колледжі болып қайта аталды. 1997 жылы Қарағанды гуманитарлық колледжі болып қайта құрылды. Ал, 2020 жылдан бастап, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі мәртебесіне ие болдық. Осы өзгерістердің барлығына қарамастан, біз негізгі бағытымыздан айныған жоқпыз. Кейбір оқу орындары уақыт өте келе, басқа салаларға бет бұрып, техникалық немесе аралас бағыттағы мамандар даярлауға көшті. Біз жарты ғасыр бойы педагогикалық білім беруді басты ұстанымымыз ретінде сақтап келеміз.

Колледж тарихын қалыптастыруда әр кезеңнің өз орны бар. Алғашқы басшы Л. Моргачев 1976 жылдан 2001 жылға дейін директор қызметін атқарды. Ол оқу орнының іргетасын қалап, педагогикалық ұжымның қалыптасуына үлес қосты. Білім саласының ардагерлері оны білікті әрі беделді басшы ретінде еске алады. 2001 жылдан 2023 жылға дейін колледжді Есжан Әміров басқарды. Оның басшылығы кезінде жаңа мамандықтар ашылып, білім беру бағыттары кеңейді, материалдық-техникалық базаны дамытуға және білім сапасын арттыруға көңіл бөлінді. Оқу орнының дамуына үлес қосқан осы басшылардың еңбегі мен ұстаздарымыздың көпжылдық тәжірибесі бүгінгі жетістіктерімізге негіз болды.

– Бүгінде колледждің әлеуеті қандай? Білім алушылар мен педагогтердің құрамы, білім сапасы, талапкерлердің қызығушылығы және түлектердің жетістігі оқу орнының қазіргі деңгейі туралы не айтады?

– Бүгінде колледжде 1 189 студент білім алады. Негізгі және қосымша корпустарымыз бар. Педагогтер саны – 92 адам. Ұжымда тәжірибелі оқытушылармен қатар, жас мамандар да еңбек етеді. Магистрлер, докторанттар, шығармашылық бағытта танылған мамандарымыз бар. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі және дизайнерлер қауымдастығына кіретін мамандардың болуы да оқу орнымыздың кәсіби әлеуетін көрсетеді.

Біздің басты ерекшелігіміздің бірі – оқытушылар құрамының сапасы. Педагогтеріміз өз білімдерін үнемі жетілдіріп, біліктілік курстарынан өтіп, тәжірибе алмасып отырады. Олар облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Мұндай жұмыстардың студенттерге де ықпалы зор. Болашақ мұғалім білімді тек оқулықтан ғана емес, өзіне сабақ беретін ұстаздың тәжірибесінен де алады. Колледжге талапкерлердің қызығушылығы да жоғары. Әсіресе, бастауыш білім беру, қазақ тілі және ағылшын тілі бағыттарына сұраныс байқалады. Кейбір мамандықтарға жоғары дайындықпен келетін балалар көп. Арасында мектепті үздік аяқтаған, қызыл аттестат алған талапкерлер де бар.

Біз талапкерлерді қабылдағанда олардың білім деңгейімен қатар, сауаттылығына, өз ойын жүйелі жеткізе білуіне назар аударамыз. Кейбір бағыттар бойынша эссе жазу арқылы іріктеу жүргізіледі. Мұғалімнің өз ойын сауатты жеткізе білуі, ойын жинақтап, қорытынды жасай алуы өте маңызды. Болашақ ұстаз тек пәнді меңгеріп қана қоймай, оны өзгеге түсіндіре білуі керек. Колледждің жоғары мәртебеге ие болуы да белгілі бір талаптарға сай келуді қажет етеді. Педагогтердің сапалық құрамы, материалдық-техникалық база, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен олардың сараптамадан өтуі – бәрі маңызды. Біз осы талаптарды орындап қана қоймай, білім сапасын тұрақты жақсартуға тырысамыз.

Оқу орнымыздың жетістігін түлектердің тағдырынан да көруге болады. Бүгінде Қарағанды қаласындағы мектеп директорларының, балабақша меңгерушілерінің және басқа да білім беру ұйымдары басшыларының арасында колледжімізді бітірген азаматтар бар. Кейбір түлектеріміз өздері білім алған оқу орнына қайта оралып, ұстаздық қызмет атқарып жүр. Түлектеріміздің арасында шығармашылық салаларда танылған азаматтар да бар. Музыкалық білім беру, әдебиет, өнер және басқа бағыттарда өз жолын тапқан мамандарымызды мақтан тұтамыз. Мұның бәрі педагогикалық білімнің адамның кәсіби және тұлғалық дамуына берік негіз бола алатынын көрсетеді.

– Қазіргі кезде білім беру саласында маман тапшылығы, инклюзивті оқыту және балалардың тіл дамытуына қатысты мәселелер жиі айтылады. Колледж қоғам сұранысына қалай жауап беріп отыр?

– Біз маман даярлауда еңбек нарығындағы қажеттілікті ескеруге тырысамыз. Қай бағытта педагогтер жетіспейді, қай мамандыққа сұраныс артып келеді, қандай біліктіліктер қажет – осының бәрін талдаймыз. Оқу орнының жұмысы өңірдегі мектептердің нақты сұранысымен тығыз байланысты болуы керек. Қазір ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистенттерге сұраныс жоғары. Инклюзивті білім беру дамыған сайын мектептерге осындай мамандар қажет. Сондықтан, биыл педагог-ассистенттер даярлау бағытын аштық. Қазір бірінші курста 26 студент білім алып жатыр. Екінші курстан бастап, оларды мектептердегі тәжірибелік жұмысқа жіберу жоспарланған. Бұл болашақ мамандарға теориялық білімін нақты ортада қолдануға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды бағыт – логопедия. Балалардың тіл дамытуына қатысты қажеттіліктерді ескере отырып, қазақ тілінде жұмыс істейтін логопед мамандар даярлауды көздеп отырмыз. Бұл бағыттың білім беру бағдарламасы әзірленіп, сараптамадан өтіп, тиісті тізілімге енгізілді. Қажетті оқытушылар құрамы мен оқу құралдары дайын. Арнайы кабинеттер де жабдықталды. Атап айтқанда, құм терапиясына арналған интерактивті құралдар, логопедиялық айна және басқа да оқу жабдықтары қарастырылған. Ендігі кезең – лицензиялау рәсімін аяқтау. Ол сәтті жүзеге асқан жағдайда, жаңа мамандық бойынша студент қабылдауды жоспарлап отырмыз.

Біздің мақсатымыз – мамандық санын көбейту үшін ғана жаңа бағыт ашу емес, өңірге нақты қажет мамандарды даярлау. Егер мектепте белгілі бір маман жетіспесе, соған алдын ала дайындалуымыз керек. Колледж базасында екі жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған тегін инклюзивті лагерь өткізіліп келеді. Алғашқы кезеңде екі ауысым ұйымдастырылып, жиырмаға жуық бала қамтылды. Лагерьдің негізгі мақсаты – балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру және жазғы демалыс кезінде ата-аналарға қолдау көрсету. Оқу жылы аяқталғаннан кейін кейбір балалар демалыс уақытын үйде өткізуге мәжбүр болады. Ал, ата-аналар күнделікті жұмысын да қатар алып жүреді. Біз балаларды таңғы 9:30-дан түскі 12:30-ға дейін қабылдап, дамыту сабақтарын өткіземіз. Олардың қарым-қатынас жасауына, ортаға бейімделуіне, түрлі әрекеттерге қатысуына көмектесеміз. Жоба – болашақ педагогтер үшін де маңызды тәжірибе алаңы. Студенттер ерекше балалармен жұмыс істеуді теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде үйренеді. Әр баланың қабілеті мен қажеттілігіне қарай әрекет етуге дағдыланады. Ата-аналардан да ризашылық білдірген пікірлер естіп жүрміз. Балалардың ортаға бейімделуі мен өзге балалармен қарым-қатынасының жақсаруы бізді қуантады.

Ауыл мектептеріне де қолдау көрсетуге көңіл бөлдік. Педагогикалық сыныптар жобасы арқылы мектеп оқушыларын мұғалімдік мамандыққа баулуға тырысамыз. Болашақта интерактивті студия арқылы шалғайдағы мектеп оқушыларына қашықтан қосымша сабақтар өткізу, қазақ тілі мен ағылшын тілі бойынша қолдау көрсету жоспарымызда бар. Ауыл мұғалімдеріне әдістемелік көмек беріп, семинарлар ұйымдастыруды да көздейміз.

Тағы бір бастамамыз – «Еңбек Live» байқауы. Ол тоғызыншы сыныпта оқитын ер балалар арасында өткізіледі. Негізгі мақсатымыз – педагогикалық мамандықтарды таныстырып, ер-азаматтарды мұғалімдікке тарту. Қазір білім беру саласында әйел педагогтердің үлесі басым. Ер балаларға ұстаздықтың мәнін түсіндіріп, осы мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беру маңызды.

– Болашақ педагогтің кәсіби даярлығы қандай болуы керек? Колледжде студенттерге заманауи әдістемелерді меңгерту, цифрлық сауаттылығын арттыру және кәсіби тәжірибе жинақтау үшін қандай мүмкіндіктер жасалған?

– Қазіргі мұғалімге тек пәнді жақсы білу жеткіліксіз. Ол баланың психологиялық жағдайын түсініп, әрқайсысының ерекшелігіне қарай жұмыс істей білуі керек. Біз студенттерді теориялық біліммен қаруландырып қана қоймай, тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға басымдық береміз. Осы мақсатта 2016 жылдан бері Lesson Study әдісін қолданып келеміз. Сабақты зерттеу арқылы оқыту сапасын жетілдіруге бағытталған тәсіл. Мұнда мұғалім сабақтың қалай өткенін ғана емес, әр баланың оқу үдерісіне қалай қатысатынын, қандай қиындықтарға тап болғанын зерттейді. Мысалы, сабақта үнемі белсенділік танытатын оқушылармен жұмыс істеу оңай. Кейбір балалар тасада қалып қоюы мүмкін. Lesson Study арқылы мұғалім олардың не себепті сабаққа қатыспағанын, қандай кедергі болғанын және оқыту тәсілін қалай жақсартуға болатынын анықтауға тырысады. Біз болашақ педагогтердің осындай әдістерді колледжде меңгеріп, мектепке барған кезде қолдана алуын қалаймыз.

Сонымен қатар, «Teach for Qazaqstan» ұйымымен ынтымақтастық орнаттық. Ұйым мамандары студенттерімізге шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің әдістемелік тәжірибелерімен бөліседі. Бұл болашақ ұстаздарға оқу бағдарламасында қамтылмауы мүмкін қосымша тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі тәрбие бағытында дуальды оқыту элементтері де қолданылады. Оның мәні – теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру. Студент белгілі бір тақырыпты меңгергеннен кейін оны мектепке дейінгі ұйымдағы жұмыс барысында көріп, тәжірибе жүзінде бекітеді. Дуальды оқыту тәсілін барлық мамандыққа бірдей қолдануға болмайды. Әр бағыттың ерекшелігін ескеріп, теория мен практиканың арақатынасын дұрыс анықтау маңызды.

Білім беру үдерісін цифрландыру да негізгі басымдықтарымыздың бірі. Біз Smart-педколледж қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Қазір электронды оқу-әдістемелік кешендер, электронды журнал және білім беру платформалары қолданылады. Келесі қадамның бірі – видеостудияны дамыту. Оның көмегімен сапалы оқу контентін әзірлеп, студенттерге қолжетімді етуге мүмкіндік аламыз. Бұған қоса, мектепке дейінгі балаларға арналған «BalaTV» YouTube арнамыз бар. Онда тіл дамыту, артикуляциялық жаттығулар және балалармен жұмыс істеуге арналған материалдар жарияланады. Ата-аналар да осы ресурстарды пайдалана алады.

Академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасу да маңызды. Педагогтеріміз бен студенттеріміз басқа оқу орындарына барып, олардың тәжірибесімен танысады. Біздің ұстанымымыз болашақ педагог колледжді бітіргенде тек диплом алып шықпауы керек. Ол заманауи әдістерді меңгерген, цифрлық құралдарды қолдана алатын, әр баламен тіл табыса білетін және кәсіби тұрғыдан үнемі дамуға дайын маман болуы қажет.

– Елу жылдық белестен кейін колледждің алдында қандай стратегиялық мақсаттар тұр? Алдағы бес жылда оқу орнын қай деңгейде көргіңіз келеді және мерейтой қарсаңында ұжымға, түлектерге қандай тілек айтасыз?

– Алдағы бес жылға қойған мақсатымыздың бірі – республикадағы педагогикалық колледждердің үздік үштігіне ену. Бұл – зор міндет, бірақ, біз соған ұмтылуымыз керек. Ол үшін білім сапасын арттырып, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытып, қоғам сұранысына сай жаңа бағыттарды енгізуді жалғастырамыз. Бірінші кезекте инклюзивті білім беру саласындағы жұмысымызды кеңейткіміз келеді. Педагог-ассистенттер даярлау бағытын дамытып, лицензиялау рәсімі сәтті аяқталған жағдайда логопед мамандарды даярлауды қолға алу жоспарда бар. Бұл бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз етіп, студенттердің тәжірибелік даярлығына ерекше көңіл бөлеміз. Екінші мақсатымыз – Smart-педколледж қалыптастыру. Цифрландыруды жүйелі түрде дамытып, оқу материалдарын электронды форматқа көшіруді, видеостудия жұмысын жетілдіруді және сапалы контент әзірлеуді жалғастырамыз. Білім беру мазмұнын жаңартып, әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген әдістерді өз жұмысымызға енгізуге тырысамыз. Үшінші бағыт – ауыл мектептерімен байланысты күшейту. Педагогикалық сыныптар жобасын дамытып, оқушылардың ұстаздық мамандыққа қызығушылығын арттырғымыз келеді. Ауыл мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету, қашықтан сабақ өткізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту де жоспарымызда бар. Педагогтердің үздік тәжірибесін анықтап, оны басқа оқу орындарымен бөлісуге мән береміз. Әріптестеріміздің кәсіби дамуына жағдай жасау – білім сапасын арттырудың маңызды шарты.

Елу жылдық тарихта қаншама адамның маңдай тері жатыр. Осы оқу орнында еңбек еткен ардагерлерімізге, қазіргі ұжымға, бізге сенім артқан ата-аналарға және колледжді әрдайым қолдап жүрген түлектерге алғыс айтқым келеді.

Колледжіміздің беделі де ең алдымен осы түлектердің еңбегімен өлшенеді. Жарты ғасыр бойы қалыптасқан дәстүрімізді сақтай отырып, заман талабына сай дами бергіміз келеді. Ұжымымыздың әр мүшесі өз ісіне адал болып, сапалы маман даярлауға күш салса, алдымыздағы мақсаттарға жетеміз деп сенемін. Колледжіміздің мерейі артып, жаңа белестерді бағындыра берсін!

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button