Вакцинация

Мұздатқыш камералар медицина орталықтарында

Кеше Қарағанды қаласы Лободы, 43 мекенжайындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына «ArcelorMittal Temirtau» компаниясының қолдауымен Pfizer вакцинасын сақтауға арналған мұздатқыш камералар қойылды.

Аталған компания облыстың барлық емханаларына вакцина сақтауға арналған 97 мұздатқыш орнатқан. Олардың 43-і стационарлық, ал 54-і тасымалданатын мұздатқыштар қатарында.

– Мемлекеттік санитарлық Бас дәрігерінің №46 қаулысына сәйкес, елімізде жуық арада Pfizer препаратымен вакцинациялау басталады. Бұл вакцинаны халықтың белгілі бір санатына жататын топтағы адамдарға, яғни, 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдерге және босанған әйелдерге 42 күннен соң алуға болады. Pfizer белгілі бір температурада сақталады. Атап айтқанда, оны –60℃ және –90℃ градус төмен температурада сақтау керек. Сондықтан, препаратты сақтау және тасымалдау үшін арнайы жабдық қажет. Сол себепті, біздің орталы вакцина сақтайтын арнайы құрылғы әкелінді. Облыстың барлық вакцинация орталықтарына мұздатқыш камераларын орнатқан «ArcelorMittal Temirtau» компаниясына алғыс айтқым келеді, – деді қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының директоры Татьяна Баширова.

Бұл орталыққа 2 стационарлық және 2 тасымалданатын мұздатқыш камера әкелінген. Тоңазытқыштың 2 сөресіне 191 құты (флакон) сыяды екен. Медицина мамандары тоңазытқыштың сыйымдылығы жеткілікті екенін айтады. «Себебі, препарат қажет болған жағдайда ғана жеткізіледі», – дейді мамандар.

– Вакцина препараттары облыс қоймасында сақталады. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы және қала маңындағы орталықтарға осындай жабдықтар көптеп әкелінді, – дейді Татьяна Павловна.

«ArcelorMittal Temirtau» АҚ-ның Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз:

– Біздің компания облыстағы бірнеше медицина орталықтарына вакцина сақтауға арналған мұздатқыштар орнатты. Бұл біздің қызметкерлерімізді ғана емес, облыста тұратын барлық азаматтардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалды. Компания басшылығы мақсаты айқын осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды әлі де жалғастыра береді, – деді.

– Бұл жұмыстар «ArcelorMittal Temirtau» компаниясы тарапынан сіздердің жұмыстарыңыздың жүзеге асуына үлкен мүмкіндік беріп, сіздерге қолдау көрсету мақсатында жасалды. Әкелінген мұздатқыш камералары вакцина сақтауға қолайлы. Біздегі компания қызметкерлерінің 90%-ы вакцина алды. Бұл сіздер үшін де, қоғам үшін де өте маңызды деп есептеймін, – деді «ArcelorMittal Temirtau» АҚ бас директоры Биджу Наир.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button