Аймақ

Мәртебелі мамандар мерейі

Ел экономикасының дамуы ерен еңбектің арқасы. Ізденіске толы озық ойлар арқылы ғылым мен білімде жаңалықтар ашылып жатса, өндірісте, өнер мен спортта, ауыл шаруашылық саласында маңдай терін төгіп жүргендер қаншама. Әр адам құрметке лайық. Оның бір белгісі күні кеше ғана аталып өткен – Жыл үздіктері атты марапат рәсімі

Қарқаралыда өткен салтанатты шарада ұжым ұсынысымен біраз еңбек адамдарының еңбегі еленді. Олардың арасында «Ауыл шаруашылық саласының үздігі» болып – «Бауыржан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Омаров, «Денсаулық саласының үздігі» – аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Жанерке Төлеуова, «Мәдениет саласының үздігі» – «Қарқаралы» тобы, «Спорт саласының үздігі» – Қарқаралы ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аппаз ауылдық бөлімшесінің жаттықтырушысы Ардақ Ахмет, білім беру саласынан – Қарқаралы ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Зәмзәгүл Қазиева, құқық қорғау саласынан – Қарқаралы ауданының полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Заңғар Қобыланды, өнеркәсіп саласынан – Теректі ауылындағы «Алтай Полиметаллы» ЖШС-нің «Көктасжал» карьерінің операторы Айдын Байдүйсенов, әлеуметтік саладанҚарқаралы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Анар Кәрібаева, коммуналдық саладан – «Қарқаралы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысшысы Төлеутай Наурызбаев бар.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ерлан Құсайын еңбек адамдарына деген ақжарма тілегін жеткізді.

– Бұл жыл бойы атқарылған жұмыс, көзделген міндет пен орындалған межелерді саралайтын кез. Осы тұрғыда ауданымызды әлеуметтік-экономикалық дамытуда біраз жұмыстар атқарылды. Оған қоғамның әр саласында еңбек ететін барша азамат өз үлесін қосты. Күш-қуаттарын, білімі мен тәжірибесін жұмсады. Өздерінің біліктілігін байқатты. Осы қажыр-қайраттарыңыз мұқалмай жылдан жылға табыстан табысқа жетуге тілектеспіз, – деді.

Салтанатты шарада құрмет иелеріне көптеген жүрекжарды лебіздер айтылып, сыйлықтар табыс етілсе, мерекелік күннің қадірін өнерпаз балалар ән мен жырдан шашу шашып арттыра түсті.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.

Қарқаралы ауданы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button