Жаңалықтар

Мәнерлі жыр сайысы

Абай атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды қаласының 85 жылдық мерейтойына арналған «Өлеңім – Қарағандым» – «Город мой –Караганда» атты қала мектептері оқушылары арасындағы әдеби мәнерлеп оқу байқауы өтті.

2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл байқау – өз туған қаласы Қарағанды туралы лирикалық шығармалар жазатын дарынды жастарды қолдау және дарынды балалардың шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Балалардың өнері мен қабілетін «Қарағанды облысының балалар және жастар одағы» ЖҚБ төрағасы Жомарт Әбішев, ақын журналистер Жәлел Қуандықұлы мен Наталья Морозова бағалады.

Бұл дода – жасөспірімдер мен жастардың поэзияға, ақын-жазушылардың шығармаларына деген қызығушылығын қолдауға, одан әрі дамытуға, көркем талғамға бейімділікке тәрбиелеуге, шаршы топта сөз сөйлеу дағдыларын дамытуға, үздік оқырмандарды анықтауға, оларға өздерінің дарынын көрсетуге мүмкіндік берді, – дейді кітапхананың орта және үлкен жастағы мектеп оқушыларына қызмет көрсету бөлімі меңгерушісі Марина Подгайнова.

Байқауға қатысушылар «Авторлық оқылым» және «Қарағандылық ақынның өлеңін оқу» номинациялары бойынша сынға түсті.

Сайыс өте тартымды болды. Бірінен-бірі асып түсіп жатқан үштілді озат оқушылар көпшілікке тартымды кеш сыйлады. Арасында кешке қонақ болып келген өнерпаздар ән шырқап, би биледі.

Сайыс қорытындысына сәйкес, «Авторлық оқылым» номинациясы бойынша «Киелі Қарағанды» шығармасымен №1 білім-инновациялық лицейінің оқушысы Серік Құрмансейіт III орынға тұрақтаса, «Альтер» еркін даму мектебінің 5-сынып оқушысы Диана Магамадова «Караганда – любимый город» туындысымен II орынды иеленді.

Қарағанды жайлы ерекше поэтикалық диалогтарын шебер оқып, көпшілікті баурап алған «Альтер» еркін даму мектебінің 10-сынып оқушылары Владислав Мартынов пен Руслан Рымбаев I орын биігінен көрінді.

Келесі номинация бойынша нашар шығармаларды нақышына келтіре оқып, керісінше, тамаша туындыларды өз деңгейінде шебер жеткізе алмаған оқушылар да болды.

21 орта мектебінің мектебінің 7-сынып оқушысы Сабина Шаметова Максим Горбунов атты жас қаламгердің «Мой город» шығармасын оқып, I орынды иеленсе, Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған Қарағанды облыстық мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Нұргүл Рымбек, жас ақын Айтуар Бекежановтың «Қарағанды аялдама» өлеңін оқып, II орын жүлдесін жеңіп алды. Ал, Вячеслав Савинов есімді жас ақынның «Моя Караганда» өлеңін мәнерлеп оқыған №17 орта мектептің 11-сынып оқушысы Мария Меженинаға III орын бұйырды.

Номинация жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқауға қатысқандардың барлығына сертификат берілді.

Қазылар өздеріне тарту етілген Қарағанды қаласының энцклопедияларын талапты оқушыларға сыйға тартып, көздеріне қуаныш ұялатты.

Байқауда жеңімпаз болған авторлық шығармалар кітапханалық альманахы – «Қауырсын қаламда» жарияланады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button